Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көмір бағасы көңіл жылыта ма?

Көмір бағасы көңіл жылыта ма?

Қараша айының да 10 күндігін артқа тастадық. Қарбаласы көп шақта әр өңір қысқа қапысыз қамдануды қолға алды. Ауылдағы ағайын «қара алтынды» жүк тиегішіне толтырған көліктердің жолын тосып әлек. Бүгінде аудандағы көмір тарату нүктесінде ұзын-сонар кезек тұр. Жүргізушілер көлікте қонуға мәжбүр десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, жауапты мамандар көмірден тапшылық болмайтынын жеткізді.
Осыдан бір ай бұрын Премьер-Министр Әлихан Смайылов көмірді онлайн тапсырыс арқылы алдыруға болатынын айтқан е-тін. «Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет» деді Үкімет басшысы. Бұл бастама Қостанай облысында пилоттық жоба ретінде қолға алынып отыр. Егерде тиімді болса, өзге өңірлерге де енгізілмек. Жаңалықтың өміршеңдігі – уақыт еншісінде.
Енді аудандағы ахуалға келсек. Өткен жылы жергілікті тұрғындар үшін 23 мың тонна қатты отын қажет болған. Ол кездегі көмірдің бағасы – 14 650 теңгені құраған.
Ал 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымын өткеруге аудан бойынша 134 нысан әзір. Атап айтар болсақ, 60 білім саласы, 33 мәдениет және спорт, 41 денсаулық саласындағы мекемелер. Әлеуметтік салаға қажетті 9200 тонна қатты отынның 5,5 тоннасы тиісті нысандарға жеткізілген. Жеке тұрғындарға қажетті 23 мың тонна көмірдің 17 000 тоннасы келген.
Қазіргі таңда қоймада 11 200 тонна көмір бар. Сонымен қатар қатты отынның тоннасын ТОО «BEST» және ЖК «Нұрманов» 18 400 теңгеден таразы арқылы сатуда.
Халық Шұбаркөл көміріне ынтық. Себебі сапасы – жоғары. Күлі – аз, қызуы – мол. Сұранысқа сай сауда нүктелеріндегі қордың басым бөлігі де осы маркаға тиесілі. Бүгінде «Шұбаркөл көмір» АҚ тәулігіне 40 вагонды лық толтыра жөнелтіп отыр.
Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 11 850 теңге. Бұл тек көмірлі өлке Қарағанды жеріндегі баға. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Шұбаркөл разрезіндегі көмір бағасы – 6160 теңге. Қалған сома – делдалдың қосқаны. Делдалдар аспандағы бағаны сұрайды. Өздеріңіз білетіндей, ауылда қырып ақша табатын жұмыс жоқ. Зейнетақы мен ұстаздардың айлығына, қорадағы төрт түліктің бетіне қарап, «шықпа жаным, шықпамен» отырған елге бұл айтарлықтай жүк.
Кең байтақ жеріміз қазба байлықтардан кемде емес. Ал одан пайда бар ма? Егістіктен мол өнім алсақ та, нанның бағасы апшыны қуырады. Көмірде өз елімізден шығады. Бірақ оның да құны шарықтап тұр. Парадокс. Делдалдар ойына келген бағаны қойып, қара халықтың қалтасын қағуда. Жұрт көнбеске шарасы бар ма? Көптің көкейінде жүрген мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Үкімет пен жергілікті әкімдерге нан мен көмір бағасын тұрақтандыруды тапсырды. «Әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыру тапсырылды. Көмір бойынша да осындай тапсырма берілді. Көмір компанияларымен келісіп, бағаны қолдан өсіріп отырған делдалдарға жол берілмеуі тиіс. Бақылауымда болады». Бұл Президент сөзі. Нан мен көмір бағасының биік мінберде көтерілуі, қарапайым халық көңіліне үміт сәулесін жаққандай болды. Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүрген жұрттың пікірін тыңдаған соң осындай ойға келдік. Ендігі жұмыс Үкімет пен жергілікті әкімдердің құзіретінде. Әрине, бағаны қолдан өсіріп, пайдаға кенелуге дәнігіп қалған делдалдарды жеңу оңай болмас. Бірақ сең қозғалды. Тыңғылықты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілсе, күрмеуі қиын мәселенің түйіні тарқары анық.
«Қыс шанаңды жаз сайла» деген тәмсілді де ұдайы қаперде ұстағанымыз абзал. Жергілікті билік пен көмір бизнесіндегі азаматтар да тұрғындарға отынды ерте қамдауға кеңес береді. Қытымыр қараша екі аяқты бір етікке тыққанда көмір табу да қиын екенін ауылдағы ағайын ертеден біледі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА


13 қараша 2023 ж. 186 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031