Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚЫН ТІРІ БОЛСА, ЖАРЫ ДА ТІРІ

АҚЫН ТІРІ БОЛСА, ЖАРЫ ДА ТІРІ

Өмірден өтіп кеткен ақын туралы сөз қозғасақ, абыз Абайдың мына бір жарқын жолдары еске түседі:
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
Соңғы демі үзілгенше туған елін, өскен жерін – Шиелісін жырлаған Дәулетбек Байдрахманұлы да – сондай өлмес, жасай беретін ақындар санатынан. Ал, оны осындай өмір өріне, өлең төріне самғатқан себеп-қуаттың бірі – туабітті талантына қоса – кіші Отан отбасы, жан жары Бөкен (Баһуайда) Әбуқызы екені ешқандай дәлел тілемесе керек.
Міне, сол асыл жар Ақ Бөкен де жақында өмірден өтті. Басы – бал, гүл, сайран, ортасы – азаматтық өмірдегі өз орныңды тауып, іргесін қалап, асқар тауға айналдыру үшін тынымсыз майдан, аяғы жарық дүниемен қоштастырар ойран Тағдыр дегенің осы.
Біздер 1960 жылдардың басынан бері, қанаттас бірге ғұмыр кешкен жас ақын-сері Дәулетбек пен сұлу Бөкен бақытты ғұмыр кешті. Дәулетбек Қызылорданың мемлекеттік пединститутының филология факультетін бітірсе, Бөкен Мәншүк Мәметова атындағы педучилищесін бітірген. Екеуінің де студент кездерінде дүниеге келген Дананы Дәукеңнің: «Анджела Дэвис!» деп төбесіне көтеретінін қалай ұмытармыз. Туған жерлеріне оралып, екеуі де Шиелі ауданының озық, ұлағатты ұстаздары болды. Жараспаса, бір-біріне жарық қоспаса, Ана гүл ашар ма, жүрек нұр шашар ма?! Алмалы ауылындағы мектеп үздік білім ордасына айналып қана қоймай, өмірге Сүлеймен, Шынар, Сұлушаш, Сәулет, Сая сияқты ұл-қыздар қадам ­басты, жұлдыздар жарқырап жанды. Бұл жұлдыздар бүгін де жанып тұр.
Біздің халқымыздың бір қанатты нақылы: «Би, бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» демей ме! Дәулет-Бөкен отбасы осы екі бақ та қатар қонған шаңырақ болды, Алматыдан ауданға келген алаштың ақиықтары Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев тағы басқаларды айтпағанда, ел хакімі,облыс әкімдері де шай ішетін құтты қонысқа айналды. Мұндай мысалдардың бәрін айтсақ бір мақалаға сыймайтыны анық, тек бір-ақ мысалды алға тартайын. Ол кезде қазіргі ұялы телефон жоқ, елде мұғалімдік атқарып жүрген кезім, екі-үш сыныптас достарымды ертіп Алмалыға ат басын тіремейміз бе? Дәукең жоқ, облыс орталығына кетіпті. Бірақ жатырқайтын Бөкен бе, жаны қалмай қарсы алды. Қойдың басын жемесек те, жамбасы мен тоқпан жілігін мүжіп, разы болып қайттық. Жаңақорғанға қайтар жолға түскен соң Бердібек досым айтады:
– Мына, Бөкендерің ғажап әйел ғой. Дәулетбекті жоқтатқан жоқ. Жолдан жаңылмады. Бұрыннан дос сен түгіл мына біздерді де баурап алды. Ал, біздің әйелдеріміз өзіміз жоқ болсақ, үйге кіргізбейді ғой! – деді.
Мен Бердібектің әйелін де жақсы білемін. Жаман жар емес. Алайда үлкен орта көргендік, жоғары білім алғандық әсері тағы бар. Мұның үстіне ол – нағыз қазақ әйелі Бөкен ғой. Алайда...
Жары Дәулетбектің өмірден ертерек өтуі оған қатты тиді.
Біз қиналғанмен, Жаратушының шешіміне көнгенінен өзге шара жоқ. Өзі де ұзақ ауырып, балаларын қинай бермейін деп тілеген секілді.

Бақыт Сарбалаұлы,
әдебиет сыншысы
06 қараша 2023 ж. 194 0