Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тақымы тастай Заманбек

Тақымы тастай Заманбек

«Елді телісі мен тентегінен таныма, ері мен серісінен таны» деген данагөй халқымыз. Расында, көкпар десе делебесі қозып, бәйге шапса жүлде алатын қазақ жігіттерінің бәсі бөлек. Көкпарға білегі құрыш, жігері қылыш, жүйрік шабандоз ғана топқа түседі. Осындай ұлттық спортты дәріптеп жүрген аудан жастарының бірі – Заманбек Бураханов.
Кезінде ата-бабаларымыз асаудың құлағында ойнап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар бәйге атын баптауға ерекше мән берген. Десе де, бүгінде тақымы атқа тисе арқаланып кететін тұлпарға қанат бітіруге қызығушылық танытатындар некен-саяқ. Ал біздің кейіпкеріміз жүйріктің бабын ­тауып жүрген азамат.
Жиделіарық ауылының тумасы Заманбек: «Шынымды айтсам, көкпарға бала кезімнен қатты қызықтым. Әкем де бетімнен қақпады. Бәйге болады десе жетіп барып, ойынды таңдана тамашалайтынмын. Себебі сәйгүліктің шабысы, жүздеген дүлдүлдер бас қосқан білектілер қиқулап салымға таласқан сәт маған ерекше ұнайтын», – дейді.
Осылайша кейіпкеріміз әкесінің тәлім-тәрбиесімен, спортқа бейім бола бастайды. Бала кезінен Заманбектің арғымаққа деген қызығушылығы ерекше еді. Соны байқаған ұстазы, спорт шебері Жасұлан Айтбай жылқыға мінудің қыр-сырын үйретеді. Ағалық ақылымен қамқорлығын, жанашырлығын көрсететін. Одан әрі өзінің шымырлығымен көзге көрініп жүрді. Соның нәтижесінде бүгінде ол Атыраудағы «Нарын» құрама командасының белді мүшесі.Аудандық турнирлерде өзінің белсенділігімен ең үздік ­шабуылшы атағын жеңіп алған. Сондай-ақ 2021 жылы ересектер арасындағы көкпардан Қазакстан Республикасының Чемпионатының және 2023 жылы жастар арасынан қола жүлдегеріне ие болған. Бұның барлығы тынымсыз жаттығу мен ерен еңбектің жетістігі деп білеміз.
«Ер қанаты – ат» деген тәмсіл сөз бекер айтылмаса керек-ті. Жылқыны жанына серік еткен ер азаматтың ат баптауы да ерекше. Сонымен қатар әр аттың өзіне тән мінез-құлқын білетін ол: Мінезі жоқ жылқы бәйге алмайды. Ойнақтап, тепсініп тұратын арғымақтың жалын тартып мінгені ұнайды. Өзімнің «Талисман» атты арғымағым додаға өте шыдамды. Негізінен әр атты танып білуге бір тәулік қана қажет. Ол үшін шыдамдылық, атқа деген үйірсектік болса болғаны. Ең алдымен жалынан сипалап, құлағын қасып, құлағына сыбырлап бойын үйретіп алу керек. Еті үйренген жүйріктің одан кейін жалынын тартып өз ырқыңа көңдіру қиындық тудырмайды», – дейді.
Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байқап: «Ат үстінде жүру – тек қана жаралы адамды ғана жазып қоймай, меланхоликтерге жаман ойлардан арылып, керісінше көңілін сергітіп, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі» депті. Ал қазақ жылқы шаруашылығын ерекше бағалайды. Кезінде данагөй ақсақалдар баяу, яғни тұйық мінезді балаларына арғымақты баққызған деседі. Өйткені аттың құлағында ойнаған баланың өмірге деген артады әрі мығым, шымыр болып ер жетеді екен.
Сол себепті күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер күніміз көбейе берсін деген тілекпен Заманбек Әділханұлына тек сәттілік тілейміз. Көк серкені тақымға басып, көк байрағымызды көкте желбіретеді деген сенім білдіреміз.

Айнұр ИБРАШЕВА
06 қараша 2023 ж. 198 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031