Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСТЫ МІНДЕТ – ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

БАСТЫ МІНДЕТ – ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

 Ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың дамуы азаматтардың кез келген керекті құжатты ұзын-сонар кезексіз, жылдам әрі үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік берді. Бүгінде барлығымыздың қолымызда ғаламтор желісіне қосылған смартфондар бар. Арнайы құрылған электронды үкіметті дәл осы смартфонға жүктеп, сұранысыңызды тез арада алу мүмкіндігіне жол ашылды. Осы орайда сұрақ туындауы заңды. «Электронды үкімет деген не?» Бұл сауалдардың жауабын азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы филиалының Шиелі ауданының Халыққа қызмет көрсету бойынша бөлім басшысы Асқар Мұратбекұлынан сұрап білген едік.
– Асқар мырза, өзіңіз басшылық етіп отырған салада біршама жаңашылдықтың болғаны мәлім. Соның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ құрылғанын жақсы білеміз. Сол мекемелер мен олардың қызметтері жайында кеңінен айтып берсеңіз?
– Дұрыс айтасыз, үш жыл бұрын «Ұлт жоспары» – 100 нақты қадам аясында әлуметтік қорғау, жер қатынастары, мүлікті рәсімдеу, халыққа қызмет көрсету секілді төрт ірі саланы біріктіру арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған болатын. 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап Әділет министрлігінің құзіретіндегі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметі мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіле ­бастады. Корпорацияның құрамына Халыққа қызмет көрсету орталығы, жер кадастр бөлімі, әлеуметтік төлемдер орталығы кіреді.
– Биыл алғашқы алты айда шиеліліктердің қаншасы сан алуан анықтама мен рұқсат қағаздарын алды? Жалпы төрт бірдей мекемені біріктіріп отырған «Азаматтарға арналған үкімет» көрсететін мемлекеттік қызметтердің саны қанша?
– Қазақстан Республикасы бойынша көрсетілетін жалпы 1323 мемлекеттік қызмет түрі болса, соның 1245 мемлекеттік қызмет түрін мемлекеттік корпорация көрсетсе, 1201 мемлекеттік қызмет түрі Қазақстан Республикасының «Электронды үкімет» веб порталы, яғни «eGov.kz» арқылы көрсетіледі. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді дейді. Әрі қажетті анықтамаларды «eGov Mobile» мобильді қосымшасы және телеграмдағы «egovkzbot2.0» боты Вконтакте, Facebook мэссенджерлері арқылы сұранысқа ие. Аудан тұрғындары электронды форматқа аударылған және «egov.kz» порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын ХҚКО ғимараттарында ғана емес, үйінен шықпай-ақ немесе әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда және т.б. жерде орналастырылған өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады.
– Қателеспесем, 2019 жылдың ағында Электрондық үкіметтің жаңартылған «eGovmobile» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымшада қанша қызмет түрі қолжетімді?
– Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында 2019 жылдың қазан айында «egov mobile» мобильді қосымшасының жаңа форматы іске қосылды. Ол қызметтерді оңай алуға мүмкіндік береді. Жаңа мобильді қосымшаның ерекшелігі саусақ іздерін (Touch ID) немесе ЭЦҚ-мен байланыстырып, бетті тану функциясын (Face ID) пайдалана отырып, қызметтерді алуға болатын нәрсе. Қазір сервис 60-қа жуық қызметпен қолжетімді. Олардың саны өседі. Мақсаты – смартфон арқылы 130 қызмет көрсету. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді Telegram мессенджерінде @EgovKzBot2.0 боты арқылы алуға болады. Онда қазір 18 қызмет пен сервис қолжетімді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАй
27 қазан 2023 ж. 459 0