Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптің көзін тапқан Аружан

Кәсіптің көзін тапқан Аружан

Әлем бойынша ең сұранысқа ие мамандық – аспаздық. Заманға сай осы сала бойынша орта және шағын бизнес бастап жатқан жандар аз емес. Бұл сәйкесінше қоғамдағы жұмыссыздықтың санын азайтып, ел экономикасының артуына сеп болуда. Сондай-ақ жұмыссыздықты желеу етіп, жұмысқа құлқы соқпайтын жандарға үлгі көрсетуде. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз бала күтімімен үйде отырса да, кәсіп арқылы нәсібін тауып, өзгеге алақан жаймаудың амалын жасап келеді. Ол көпшіліктің қуанышына тәттісі арқылы ортақтасып жүрген Ақмая ауылының тұрғыны – Аружан Әбілдаева.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен «Ауыл аманаты» жобасы «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – микрокредит беру арқылы ауыл халқының табысын арттыру, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, жұмыссыз отбасылар санын азайту. Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасы аграрлық саланы дамытуда ауылдық өңірдің жақсаруына үлкен көмек беретінін атап айтқан болатын.
Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында Шиелі ауданында құны 3 млрд құрайтын 652 жоба әзірленген болатын. Осы бағдарлама ішінен Ақмая ауылдық округінде 7 жоба таңдалынып алынды. Сол 7 жобаның бірі - 24 жастағы Аружан Ерланқызының кәсібі. Аружан қолы босағанда тәтті бәліштер, түрлі ұн өнімдерінен тоқаштар пісіріп жүрген. Кейіннен сұранысқа ие болуына байланысты ауыл дүкендеріне өткізе бастады.
Аружан осы жылдың басында «Ауыл аманаты» жобасы жайлы естіп, өз құжаттарын әзірлейді. Оның мақсаты – жоба қаралып оң нәтижесін берсе, Ақмая ауылында кондитерлік дүкен ашып, өзі секілді жас келіншектерге қолдау білдіріп, жұмыспен қамту. Одан әрі ірі түрлі кондитерлік өнім пісіретін цех ашуды көздеп отыр. Аружанның айтуынша:
– Бұл кәсіпті ашудағы басты жоспар – бәсекелестерімізбен салыстырғанда тиімді әрі қолжетімді болуын назарға аламын. Баға, сапасы, дәмі жағынан біздің өнімдеріміз өтімді болса деймін. Қазіргі уақытта ұн өнімдері сұранысқа ие. Той-томалақ жиындарға сатып алу барысында,тапсырыс берген кезде мін таба алмайтын, қайта сұранысқа ие болуы үшін таза табиғи өнімдерді қолданамын. Кәсіпті бастағанда бірінші аз адамды жұмысқа аламыз, өркендеп жатса жұмысқа адам санын көбейтетін боламын. Осылайша бағдарлама ауыл халқына жеке кәсіп ашуға мол мүмкіндік береді. Халық игілігіне жұмсалған әрбір жоба өз жемісін берсе, ауылдан адам көшпейді. Жұмыс көзі бар болса, халық саны да арта түседі деп ойлаймын, – дейді.
Расында, Аружанның алға қойған арман, мақсаты болашаққа жсалған алғашқы баспалдақтардың бірі секілді. Талаптанған жастарға қолдау болса, ауыл абаттанып, халық қанаттана түсері сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын.
Ия, бұл – қазақ жастары үшін кеңінен маңызды бастама. Себебі, біз күш-қайраты тасыған тәуелсіз елдің ұрпақтарымыз! Жарқын болашақтың босағасын жалтақтамай аттау үшін кемеңгерлік пен көрегенділікті жанға жақын тұтқан абзал. Себебі, ел ертеңі терең білімді, һәм қабілетті жастардың қолында.

Шарапат Мұратқызы
23 қазан 2023 ж. 163 0