Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зорлық-зомбылыққа қатысты заңды неге күшейтпеске?

Зорлық-зомбылыққа қатысты заңды неге күшейтпеске?

Ащы болса да шындық. Бүгінгі қоғамда адамдардан асқан қатігез жоқ. Бәрі тасбүйрек, аяушылық сезімі өшкен. Кішіпейілділік, кешірімділік дегеннен ада. Бірін-бірі табалау, жұлып жеу, пышақтап тастау, зорлық-зомбылық жасау, әлімжеттік көрсету, қағанағын жарып шыққан баласын күл-қоқысқа, әжетханаға лақтыру, қыл аяғы буыны қатпаған сәбилерді зорлау өрттей қаулап барады. Айтуға аузың бармайды.
Алла Тағала адам баласын жаратқанда ақыл-ес, сана берді. Жақсы мен жаманды айырсын, обал мен сауапты білсін, мейірімді болсын деп жүрек берді. Адамның хайуаннан артықшылығы сол. Алайда сол адамзат баласының жүрегі қатайып, көзін шел басып, нәпсісін тыя алмай, өз күшігін талғамай жеген доңыздың қылығын жасап жүргенін немен түсіндіруге болады? Зорлық-зомбылықтан ләззат алып жүргендерді адам деп айтуға бола ма? Мұндай адамдарды ауру дейін десең, сот үкімі шыққанда әлгі жексұрындардың денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ екені анықталып, 20-25 жылды арқалап абақтыға кетіп бара жатады.
Жаманатты атамауға үйреткен дала даналығына жүгініп кеп, осы күнгі адамнан түңіліп кеткен жайымыз бар. Содан шығар, қазір қоғам белсенділері, журналистер қауымы, жалпы есі дұрыс жұрт әлеуметтік желі арқылы педофильдерге жазаны қатаңдатуды сұрап отыр. Яғни, өлім жазасы керек дейді. Жалпы, Мемлекет басшысы заңды қатаңдатуды тапсырғаны белгілі. Осыдан екі жыл бұрын. Бірақ, заң күшейді екен деп балаға жасалған шабуыл кеми қойған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген-ді. Содан соң заңға өзгеріс енді. Зорлау орташа қылмыстан ауыр қылмыс түріне ауысты. Кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлағаны үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы заң шықты. Зорлау 2000 жылдан бері орташа ауырлықтағы қылмыс саналып келген. Әйткенмен, заң күшейді деп бұл қылмыс тыйыла қоймады. Керісінше енді ған 5-6 жасқа толған бүлдіршіннің өмірін бүлдіріп жатқан жауыздар көбейіп кетті.
Тәуелсіз еліміз ізгіліктің дәнін еккісі келеді. Сол үшін өлім жазасынан бас тартты мемлекет. Амал не, ессіздер ізгілікті ұғынып болмады. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтіргіміз жоқ. Алайда мынадай жағдайда мүмкін бе?! Кей ел күмілжімей өлім жазасына кеседі екен. Мәселен, Үндістанда 12 жасқа дейінгі балаға зорлық көрсеткенге өлім жазасы бар. Ұлыбритания ғұмыр бойына еркіндігін шектейді. Зорлауға әрекеттің өзін 10 жылға соттайды екен. АҚШ-тың Монтана штатында кез келген зорлыққа бас бостандығынан өмірбақи айырады. Қайталанса, өлім жазасын тағайындайды. Ойланатындай-ақ. Әлбетте, мойынға кісі қанын жүктеуге құмар емеспіз. Әйтсе де, діңіне құрт түскен ағаштың одан кейін қайта гүлдеуі неғайбыл. Мұндағы құрт түскен ағаш – педофиль. Оның да айуаннан адамға айналуы да неғайбыл, олай болса…

Аружан Мұсаева,
Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық
Қатынастар және Әлем тілдері университетінің
2-курс студенті
16 қазан 2023 ж. 218 0