Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРТІНШІ БИЛІКТІҢ ОРНЫ ТӨР ЕМЕС ПЕ?

ТӨРТІНШІ БИЛІКТІҢ ОРНЫ ТӨР ЕМЕС ПЕ?

Қазіргі таңда төртінші билік өкілдерінің мәселесі шаш етектен. Жасырып қайтеміз, күні бүгінге дейін журналистер не мемлекеттік қызметке, не бюджетке жатқызылмады. Бір сөзбен айтқанда, төртінші билік өкілдерінің мәртебесі анықталмады. Журналистің әлеуметтік мәртебесі болмауы, жалақы, қаламақының төмендігі, басылымдарға оқырмандарды жаздыру мен таратудағы қиыншылықтар деп саладағы жайттар тізбектеліп кете береді. Бұл бұған дейін де айтылған. Нақты бір заң қабылданбаса, бұдан кейінде айтыла бермек.
Қуанышқа орай, біраз бұрын «Масс медиа» туралы заңның қабылданатынын естідік. Оның да уақытысы келгендей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударды. Президент саяси құжатта «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген ойын айтты.
– Отандық БАҚ-тың өңірлерде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек, – деді Президент.
Біздің қоғамда әлі күнге дейін журналистердің мәртебесінің жоғы көңілге қаяу салады. Қарапайым ғана мысал, журналистер мемлекеттік бағдарламаға қатысып, пәтер де ала алмайды. Осы «Масс медиа» туралы заң жобасы әзірленеді дегеннен бастап, бұл заң көптің талқысына түсті. Төртінші билікке жаны ашығандар ашық ойын айтып, өз ұсыныстарын тастап, пікірлерін айтуда. Осы тұста Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің сөзін назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Күн тәртібіне шығарылған мәселе өте өзекті. Тіпті бірнеше жылдан бері қазақ газеттері тірі ме, өлі ме деген сұрақтар төңірегінде сөзталас, сөзтартыс орын алуда. Бір нәрсе анық, сөз бостандығы болмай, газеттің өрісі кеңеймейді. Қазір республикалық газеттен аудандық газетке дейін тақырыптық аясы бірдей, бірінші бетінен соңғы бетіне дейін бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Неге? Себебі мемлекеттік тапсырыс соған негіздейді. Кезінде Алтынбек Сәрсенбаев қазақ газеттерін сақтап қалу үшін мемлекеттік тапсырысты енгізген еді. Енді мемлекеттік тапсырыстың механизмін өзгерту міндеті тұр. Себебі сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік болмай, Жаңа Қазақстанның орнауы мүмкін емес. Бұл анық. Қазір газеттің тағдыры қағазға байлаулы. Кедендік одақ елдері аясында біздің Үкімет ұтымды қадам жасап, қағаз алу, қағаз жеткізуді оңтайлы шешуі тиіс. Онсыз газеттер бәсекеге қалай қабілетті болады? Әзербайжандағы әріптестерден мұнай-газдан түсетін қаржыға қор құрылып, сол арқылы бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз қаржыландыру көзіне ие екенін білдік. Яғни журналистердің әлеуметтік жағдайы өте жақсы әрі мәртебелі мамандық. Журналистің ақыл-ой еңбегіне баға беру қиын. Ол – теңдессіз! Оны өлшейтін құрал жоқ! Журналистің ақыл-ой еңбегін, шығармашылық ізденісін қанаттандырып, оларды материалдық тұрғыда қамтамасыз етуде қаламақы беру белгіленді. Алайда қаламақыны реттейтін бірде-бір заң тетігі жоқ. Қаламақы тақырыбын бір адамдай зерттедім. Әсіресе, «Айқын» газетін басқарған жылдары «қаламақы» туралы ереже әзірледік. Қазір сол ереже бойынша журналистер қаламақы алып отыр. БАҚ туралы заңда журналистердің құқықтық, әлеуметтік мәртебесін айқындаумен қатар, қаламақы беру мәселесін де заңдастыру керек. Озық елдердің тәжірибесінде журналисті мемлекеттік қызметпен теңестіргенін көріп отырмыз. Бұл туралы да ойлануымыз тиіс. Мәселен, Түркия төтенше жағдай орын алған кезде журналистер көлігін кез келген жерге қалдырып, оқиға орнынан жаңалық тарата алады. Мұндай жағдайда журналиске полиция қызметі келіп айыппұл салып, мазасын алмайды. Өйткені онда журналистика құрметті мамандық. Ал бізде ұзақ жылдық тәжірибесі бола тұра, іс-шараға аккредитациядан өтпеген журналистер қатыса алмайды.
Бізге жеткен ақпаратқа сенсек, заң жобасының негізгі бөлігі журналистердің мәртебесін көтеруге бағытталған. Оның ішінде: БАҚ материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеу, редакцияның тапсырмасын ерекше жағдайларда орындау үшін журналистерді кәсіби даярлау және біліктілігін арттыру туралы нормаларды бекіту, журналистердің құқықтары мен бостандықтары туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау нысанында журналистердің құқығы сақталуын мониторингілеу және талдау құралдарын енгізу, Қылмыстық кодекстің журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау жөніндегі бабын Әкімшілік кодекске ішінара қылмыссыздандыру жатады. Бұл елдегі заманауи демократиялық өзгерістерге сәйкес журналистердің мәртебесін көтеруге ықпал етіп, айрықша құқық кешенін қалыптастырмақ. Екінші, заң шеңберінде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты гранттық қаржыландыру, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарын субсидиялау жағына реформалау жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі мазмұнға басымдық беру ұсынылады. Үшіншіден, заң жобасында өзін-өзі реттеу институттарын дамыту ұсынылады. Төртіншіден, жаңа заңда интернеттің белсенді енуіне және тұтынушыға контентті жеткізудің неғұрлым қолжетімді және жаңа баламасы ретінде интернет теледидардың даму үрдісіне байланысты телерадио хабарларын тарату саласына ерекше назар аударылмақ.
Осы тұста жазушы Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деген орамды ойы ойға оралады. Журналистің жұмысы көзге көріне бермейді. Олар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын деп жүріп, өз проблемаларын ысырып қояды. Ендігі кезекте жаңа заң бойынша төртінші биліктің орны төр болады деген сенім мол.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
09 қазан 2023 ж. 75 0