Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕСІ ЖОҚ МАМАНДЫҚ. БҰЛ СТАТУСТАН АРЫЛАР КҮН ТУАР МА?

ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕСІ ЖОҚ МАМАНДЫҚ. БҰЛ СТАТУСТАН АРЫЛАР КҮН ТУАР МА?

Еліміздің төртінші билік өкілдері көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Журналист атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені – жантақ» деген сөзін ұмыта алар емес. Себебі бұл ащы да болса ақиқат сөз. Баяғы жартас, сол жартас. Қолдарына қалам мен микрофон ұстап, ақпарат майданының алғы шебінде жанталасып жүрген әріптестеріміздің жағдайлары анау айтқандай өзгерген жоқ.
Керек десеңіз, олар тәж вирусы ел басына күн туғызып, мыңдаған адам ажалмен арпалысып жатқан сын шақта да ақ халаттылармен қатар бастарын бәйгеге тігіп, кәсіби парыздарын адал атқарды. Дейтұрғанмен, мемлекет тарапынан өздеріне айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетілмегеніне іштей налитындығы анық. «Үміт – адамды өлтірмейді» демекші, үміт жібі әсте үзілген жоқ. Себебі мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамның көкейкесті мәселелерін арқау еткен жарияланымдарына дер кезінде назар аударып, пәрменді шаралар қолданып келе жатқаны көпке мәлім. Соның ішінде еліміздің бас басылымдары «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттері көтерген талай проблема жоғары басшылықтың тікелей қолдауымен оң шешімін тапты. Олардың қатарында «Егемен Қазақстан» сынға алған Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде темір жолдың үстімен мектепке барып, өмірлеріне қауіп төндіріп жүрген оқушылар үшін жаңа мектеп салу, жетім курсанттарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік қолдау көрсету, Батыс Қазақстан облысының шұрқ-тесік жолдарын жөндеу сияқты мәселелер бар. Ал «Казахстанская правда» газетіндегі Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден қоныс аударған азаматтарды қабылдауда жол берілген өрескел кемшіліктерді әшкерелеген мақала бойынша Ақ Орданың пәрменді тапсырмасымен арнайы тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде үш аудан әкімі қызметтерінен босатылған. Мемлекет басшысының БАҚ-қа деген осындай сындарлы көзқарасы «төртінші биліктің» қоғамдағы рөлі мен беделін арттыра түскені кәміл.
Естеріңізде болса, қарашаның 3 күні облысқа ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ат басын бұрған болатын. «Тілшілер мен блогерлерді теңестіруге қарсымын. Өйткені кей кезде интернетте жалған мәліметтер мен ақпараттық шабуылдар ұйымдастырылып жатады. Қазір шекараны ғана емес, ақпараттық шебімізді нығайту ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі арнасы» ­Министр облыс тұрғандарымен кездесуде осылай деп мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар министр қалам ұстаған қауымның ақпарат таратуда қашанда бір бас жоғары екенін айта келе, БАҚ саласын дамытуға арналған бастамаларын тілге тиек етті. Жиында БАҚ өкілдерінің кәсіби һәм әлеуметтік мәртебесін көтеру жайы кеңінен сөз болды. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Масс-медиа туралы» арнайы заң әзірленуде. Тиісінше «Масс-медиа туралы» бұл реформа келер жылы қабылданады деп күтілуде.
Сыр бойылық журналистер бас қосқан кездесуде министрге өз сауалын тікелей жолдағандардың бірі – облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Дүйсенбек Аяшұлы. Ол газеттің бүгінгі таралым санының жағдайы ­бастан балаққа түскенін сөз етті. Осы газеттің таралым санына, жазылуына байланысты тікелей мемлеттің қолдауы керек екендігін бүкпесіз айтты.
Ал журналистердің жалақысын көтеру мәселесі, әсіресе мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін БАҚ үшін аса өзекті болып отыр. Айлығы шайлығына әрең жететін әріптестеріміздің талайы жүрегі қалаған кәсібімен жылай-жылай қоштасып, көңілі қалап жатпаса да «наны мол» салаларға амалсыз ауысуда. Бұл – БАҚ-тағы кадрлар сапасын төмендетіп, отандық журналистиканың деңгейін көтеруге мүмкіндік бермейтін фактор. Байыптап қарасақ, сөз – «тас жаратын, тас жармаса, бас жаратын» қуатты қару. Сол қару – журналистің қолында екенін ұмытпасақ игі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
16 қараша 2022 ж. 219 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9253)

09 қараша 2024 ж.

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930