«ӘДІЛ ӨНІМНІҢ» ӘДЕМІ ДӘМІН ТАТЫҢЫЗ
Бүгінде елімізде шағын бизнеске жол айқара ашық. Яғни, қолдан келген істі кәсіпке айналдыруға мүмкіндік мол. Әсіресе, хоббиінен табыс тауып отырған қыз-келіншектердің қазір Шиелі ауданында да көбейгені қуантады. Үйінде отырып-ақ бет әрлейтін, дәмді тамақ пісіретін, тігіс тігетін іскер әйелдер отбасы табысын арттыруға да атсалысып жүр. Солардың бірі кент тұрғыны – Аружан Сапарова.Мемлекеттің қолдауынсыз-ақ өз кәсібін дөңгелетіп отырған жан жұмыссыздардың санын азайтуға үлес қосып жүр. Кәсіпкер келіншектің ісіне қызыққан біз үйіне қарай беттедік. Кіріп барғанымызда алдымыздан Аружанның өзі жылы жүзімен күтіп алды. Өздерінің жұмыс барысын көрсетіп, нанды қалай илейтіндерін, қолдан тұшпараны қандай әдіспен түйетіндерін көрсетті. Ашық-жарқын келіншек екен. Әңгіме барысында өзінің осы кәсіпке қалай келгенін де баяндап берді. Бала күтімімен декреттік демалыста отырған ол жеке бизнес бастауға тәуекел етеді. Небәрі 23 жастағы пысық келіншек бүгінде 4 әйелді жұмыспен қамтып отыр.
Байқағанымыздай, Аружанның қолынан шыққан жартылай дайындалған самса, тұшпара, мәнті, зуала-зуала қамыр, голубцы мен котлеттерге аудан тұрғындары үздіксіз тапсырыс беріп жатыр. Бұл кәсіп түрінің ашылғаны әсіресе, әйелдер қауымына қатты ұнағандай. Себебі кейде жұмыстан кешігіп, үйге асыққанда, болмаса аяқасты қонақтар сау етіп келгенде осындай жартылай дайын өнімдер едәуір көмек. Тек қана дайын дүниені пісіре саласың. Бұл да заманның, технологияның жылдан-жылға дамып келе жатқанының бір дәйегі.
Аружан кәсібіне «Әділ өнім» деген атау беріп, жарты жылдан бері елдің алғысын арқалап жүр. Бүгінде кейіпкеріміздің пісінділеріне сұраныс та артқан. Жеткізіп беру қызметі қоса бар. Бір сөзбен айтқанда, «Әділ өнім» дайын өндірісі – дәмді кәсіп көзіне айналып тұр.
– Қазіргі кезде әлеуметтік желіде инстаграм парақшасын ашып, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатудамыз. Ал бүгінде аудан тұрғындарына едәуір танылып, халықтың сұранысына байланысты 15 өнімге дейін шығарып жатырмыз. «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, алдағы уақытта бизнесімді кеңейтіп, өзге де өнім түрлерін шығаруды жоспарлаудамын, – дейді кәсіпкер келіншек.
Несібемізді теріп жеу үшін әрбірімізге әртүрлі қасиет берілген. Әрқайсысымыз өз бойымыздағы қасиетті дамытып, сол бойынша талмай жұмыс істегенде ғана белгілі бір деңгейде жетістікке жететініміз анық. Ата-бабамыз бұл тұрғыда «Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек» деп бір ауыз сөзбен түйіндеді емес пе?!
– Осы тұста мен замандастарымды қол қусырып қарап отырмауға, білгенімізді кәдемізге жаратуға шақырамын. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, тәуекел етіп, іске кірісер болса, әрбір жанның қолынан биікті бағындыру келетініне сенімдімін! – деп түйіндеді сөзін еңбекқор кәсіпкер.
Шындығында, кәсіп ашқысы келетін нәзік жандарға қолдау, жан-жақты іздену керек-ақ. Мұндай игі бастама кез келген қыз-келіншекті алға жетелері анық. Өйткені арамызда екі қолға бір күрек таппай жүрген әйелдер қаншама. Дегенмен, белгілі бір істі бастағанда айқын мақсат қойып, тәуекел етіп, алған бетінен қайтпай, алға қарай адымдайтындар да аз емес. Міне, осындай қолда бар мүмкіндікті құр жібермей, кәсібін дөңгелетіп, ел кәдесіне жаратып отырған Аружан секілді кәсіпкерлерді үлгі қылмақпыз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА