Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр тұнған Шиелі

Сыр тұнған Шиелі

Биыл сыр тұнған Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толды. Тау мен тасын түртсең сан ғасырлық құпиясын ақтаратын бұл өлкенің өзіндік ерекше табиғаты бар. Туған жер деп тебірене жұтатын ауасының өзі бір керемет!
Туған жердің тарихын білмей болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Сол жердің керіліп жатқан кермиық кең даласы кеңпейілділікке салынып, қойнын қазған сайын байлығын беруден жомарттығын қайтерсіз. Ал төбесі көкті тіліп, бұлтпен сырласқан маңғаз таулардан рухани биіктікті, қыбыр-жыбыры таусылмас жәндігінен еңбекқорлықты көруге болады. Қарап тұрсақ, адамдықтың өзін еңбегінің өтеуін сұрамайтын кең даладан үйренеді екенбіз. Осындай қыры мен сыры көп киелі өлке Шиелі аймағында мемлекеттік қорғау тізбесіне алынған 45 тарихи мәдени ескерткіш бар. Олар Оқшы атадағы жеті әулие, Бала би, Есабыз, Жаназар батыр, Оразай, ­Ахмет ишан кесенелері мен Сауысқандық шатқалындағы жартасқа салынған бейнелер т.б. Көптеген ескерткіштер мен құндылықтарымыз енді ғана зерттеу мен зерделеудің арқасында тарих беттеріне шығып келеді. Солардың бірі – тарихи құндылығы жоғары Қызылтам қалашығын айтуға болады. Бұл жөнінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов: «Бұл ескерткіш Шиелі ­ауданы, Ортақшыл ауылдық округінде орналасқан. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, бұл қамалды қалмақ қонтайшысы салдырған деген аңыз бар. Орта ғасырда салынған қамалдың қабырғаларының беріктігі соншалық ені 3-4 метр болатын сұлбалары бүгінгі күнге дейін сақталған. Оның ені мен ұзындығы 100 шаршы метр құрайтын аумақты алып жатыр. Қамалдың қабырғасы өте берік әрі қалың. Оның үстінде ат жегілген арба жүріп өтсе де болады», – дейді.
«Қалмақ қонтайшысы бұл қамалды не үшін, не мақсатта салдырды және ол жерде қандай өндіріс орындары болған?» деген сұрақтар музей қызметкерлерін де толғандырды. Себебі оның бәрін нақтылау үшін археолог мамандар қажет. Сол үшін алдағы уақытта осындай киелі мекендерге сол мамандарды шақыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде ұсыныстар да болған екен. Дегенмен, осы мамандардың тапшылығынан әлі күнге көп дүниені зерттей алмай келе жатқанын да жасырмады. Демек, құпия бүккен киелі жерлердің толыққанды сырын ашуға бірден бір кедергі тудырып отырған осы мәселе. Алдағы уақытта археолог мамандарды көбейту жолдарын қарастырсақ құба-құп болмақ. Сонда тарихымыздың ашылмаған жаңа беттеріне қанық болар едік...

Аружан Мұсаева,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің 2-курс студенті
04 қазан 2023 ж. 205 0