Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГІН САЙЛЫ, КӨҢІЛ ЖАЙЛЫ

ЕГІН САЙЛЫ, КӨҢІЛ ЖАЙЛЫ

Қазіргі таңда қоғамда қай істің болсын көзін тауып, кәсіп ашқандардың бәсі биік. Табыстың тайқазанын тасытқандардың өңір экономикасына пайдасы да аз емес. Сондай еңбектен бақытын тапқан кәсіпкердің бірі – Иіркөл ауылдық округі, Жансейіт ауылындағы «Мақсат» шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Ташматов. Біз аталған ауылға барған сапарымызда Мақсатты қайнап жатқан еңбектің ортасынан таптық.
Шаруа қожалықтың жұмысын дөңгелету Мақсатқа әкесінен қалған аманат екен. Әкесі Айтмағамбет Ташматов агроном, білікті ғалым болған. Алпауыт Кеңес Одағы ыдырағанда заманның қалай бағытталып бара жатқанын түсінген Аймағамбет 1996 жылы «Мақсат» шаруа қожалығын құрады. Ол жылдары шаруа қожалық ашуға көпшілік тәуекел ете бермейтін. Бірақ А.Ташматовтың тәуекел деп ашқан шаруа қожалығы өркендеп, жұмысы алға жүре бастайды. Балалары да әкелерінің жанына үйірсектеп, еңбекке етене араласа бастайды. Уақыт өте береді, шаруа қожалық үлкейе берді. Бұл күнде бақилық болған Айтмағамбет ақсақалдың ұлы Мақсат тірлікті тұралатпады. Бүгінде 60 гектармен бастаған суармалы жерді 460 гектарға дейін ұлғайтқан. Бұның барлығы тынымсыз тірліктің арқасында жүзеге асып отырғанын «Мақсат» шаруа қожалығының төрағасы М.Ташматов тілге тиек етті.
– Егер табысқа қол жеткіземін десең, қажыр-қайратыңды, күш-жігеріңді аямай жұмсай білу қажет. Тек еңбек қана биікке шығарады. Жұмыс жасасаң, қиындық болады. Сол қиындықтарды жеңудің жолын тапқан адамның ісі оңынан ­туады. Сондықтан еңбектеніп, жұмыс істеу керек. Мен жастайымнан әкемнің жанынан бір елі ажырамай, еңбекке ерте араластым. Соның арқасында ащы термен келетін астың тәтті дәмін біліп өстім. Сондықтан болар қай уақытта да біздің шаңырағымызда еңбектің салтанаты үстем. Қазір қожалықтың арқасында 20 отбасыны жұмыспен қамтып отырмыз. Одан бөлек 50-60 отбасыға 3 гектардан жер бөліп бердім. Бау-бақша өнімдерін егіп, сатып, табысқа айналдыруда. Одан бөлек қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектесуге әзірмін, – дейді төраға.
Тірліктің тетігін тапқан шаңырақтың шаруасы осылайша алға баса берді. Жұмыстарын одан әрі дамытып, аясын кеңейтуді ойластырған отбасы бірінші техникаларды түгендеуге кіріседі. Сөйтіп, 2020 жылдан бастап техникаларды жаңалатқан. Мал мен егіншілік бағытын қоса алып келе жатқан кейіпкеріміз осы жылы 200 гектар жерге күріш ексе, 130 гектарына жоңышқа, мақсары, бидай орналастырған. 50 гектарына бау-бақша дақылдарын егіп, жоспарлы жұмыстардың легін арттырды. Балық шаруашылығын да қолға алған төраға қолдан көл қазған. Тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген «Мақсат» шаруа қожалығындағы еңбеккерлер жердің қадірін бір кісідей-ақ біледі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
05 қазан 2023 ж. 213 0