Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Полицейлер династиясы

Полицейлер династиясы

Елімізде тұрақты әрі қауіпсіз қоғам құруда полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Түнгі ауысымға шығу, әрдайым байланыс­та болу, жұмыс кестесінің ауырлығы, өміріңді қатерге тігу – сақшы өмірінің ажырамас бөлігі. Соған қарамастан қызығы мен шыжығы көп мамандықты таңдаушылардың қатары сиреген емес. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, бүгінде сақшылық қызметті ата кәсіпке айналдырған отбасылар қатары жетерлік.
Біздің мақаламымызға арқау болған полицейлер әулеті – ерекше тақырып. Себебі ұлдары мен қыздары жас кезінен бастап қандай қиындықтар мен сынақтардан өту керектігін біліп, әкелер ісін жалғап, жолын қуып келе жатыр. Оның бірі – Орынбасар Олжабайұлы.
Бүгінгі кейіпкеріміз 12 жылдан астам уақыт құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда Шиелі аудандық полиция бөлімінің полиция майоры. Еңбек жолын 2011 жылы Қызылорда қалалық полиция басқармасында кәмелетке толмағандар ісі жөнінде инспекторы болып бастаған. Сатылап көтеріліп, түрлі салаларда абыройлы қызмет еткен полицей әкімшілік полиция инспекторына дейін көтерілді. Бүгінде ­Орынбасар Олжабайұлы 2022 жылдан бастап, Шиелі аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді. Қызмет бабында қол жеткізген игі нәтижелері үшін департамент, басқарма басшылығының, аудан әкімінің және аудандық полиция бөлімі басшысының алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.
– Полиция қызметкері – бұл құқықтық базаны үнемі жетілдіріп отыратын сала. Тапсырылған жұмыс учаскесіне жауап беретін, тиянақты, сауатты және адал жұмыс істейтін, жоғары моральдық қасиеттерге ие және өзінің қиын мамандығын жақсы көретін қызметкер болуы да қажет. Жұмысы нәтижелі болу үшін әркім өз ісін жақсы сезіммен орындауы тиіс. Кез келген сақшының жұмысында қиын сәттер көп кездеседі. Бірақ ештеңеге мойы­май, тек алға жүру керек, – дейді
Орынбасар Олжабайұлы.
Ол қызмет атқарған уақыт аралығында өзінің қызметтік міндеттері мен басшылар тарапынан берілген тапсырмаларды уақтылы орындай білді. Үлгілі отбасында, жұбайы Назерке Жағыпбарқызы медицина саласының қызметкері. Бүгінде жауапты қос мамандықтың жолын жалғаған қос жұп 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Рамазан өскенде әке жолын жалғап, қоғамның тыныштығын сақтайтын қырағы қаһарман полиция қызметкері болуды армандайды. Отбасы тірлігін, ошақ қасы міндеттерін екінші орынға ысырып, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, халық сенімі жолында аянбай еңбек еткен сала қызметкерлері қандай марапатқа да лайық.
Иә, қиындыққа мойымай, алға қойған арман-мақсаттарына жетемін деген үздіксіз үмітінің нәтижесінде бүгінгі кейіпкеріміз талай асулардан бел асып, елдің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Әр жетістік маңдай тердің, терең білім мен көрегендікпен келетіні ақиқат. Олай болса Орынбасар Олжабайұлының бүгінгі жасап жатқан ерен еңбегі біздің зайырлы қоғам үшін үлкен қуаныш.

Дархан Байтілес
18 қыркүйек 2023 ж. 148 0