Халқын «Айналайын» деп өткен Ана
Уақыт шіркін зулайды атқан оқтай,
Өз дегенін орындар бет қаратпай.
Мына өмірден дейміз ғой бос кетпесек,
Түк жазбаған су жаңа ақ парақтай.
Бұл адам дүниеге шыр етіп келген күннен бастап тағдырдың пешенеге жазған ғұмырын мәнді өткізуге тырысады. Өмірдің жолы барлық уақытта тек қана сәттіліктен тұрмайды, оның тауқыметі де аз емес.
Уақыт ауанын жете түсініп, бақытты еңбектен тауып, тағылымды қай жағынан болса да үлгі боларлықтай ғұмыр кешкен, бүкіл бір дәуірдің қуанышы мен қайғысын, жақсылығы мен жамандығын тең көріп, тең көтерген абыройдың шыңына шығып, құрметке бөленген нар тұлға – Перуза Жүсіпқызы.
Мына қоғамда заты әйел болса да, ер азамат істей алмайтын жұмыстарды атқарған аналарымыз қаншама. Олар қандай істе болса да ерлермен бірдей жұмыс істепп, ел басына түскен ауыртпалықты бөлісе білген ел аналары. Солардың бірі қоғам қайраткері ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Перуза Жүсіпқызы биыл 100 жасқа толған болар еді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда облысының Жалағаш, Шиелі аудандарында басшылық қызметтер атқарып, сол уақыттағы идеологияны басқаруды елдің ар-намысын, саясатын қорғау деп түсінген Перуза Жүсіпқызы өзінің жаңашылдығымен көзге түсе білді және аудандағы «Жақаевшылар қозғалысына» сол кезде белсене қатысқан еді.
Сыр өңірі, өлең жырдың қазығы болған киелі мекен! Атақты ақын, сазгер, жыршы, композитор Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейіндегі құнды жәдігерлердің басым көпшілігін 1993 жылы Перуза Жүсіпқызы тапсырған.
Перуза Жүсіпқызының бастамасымен құрылған «Жас дәурен» ән-би ансамблі тек облыс емес, республика көлемінде де жете танымал болды. Сол кездегі аудан көлеміндегі экономика, мәдениет, денсаулық, құрылыс саласындағы қызу жұмыстарға үлесі зор болатын.
Еңбегін ел де, партия да жоғары бағалап, бірнеше орден медальдармен, Құрмет Грамоталармен марапаттады.
Перуза Жүсіпқызы қанша атқа мініп, басшылық қызметте жүрсе де өзінің жан жылуын жұрттан аямаған, өзінің қайырымдылығымен, қарапайымдылығымен халықтан өз бағасын алған жан.
Өмірінің соңына дейін алдына келген адамды «Айналайын» деп жақын тартушы еді. Алтай Айыптың естелігінде: бір күні апай «Өскен өңірге» хат әкеліп тұр. Оқып көрсек, Шиелідегі бас көтерер қыз-келіншектердің есімдерін қалдырмай, еңбектерін айтыпты. Сонда риза болмаған әйел баласы қалмаған шығар...
Биылғы Перуза Жүсіпқызының 100 жасқа толуы және Шиелі ауданының 95 жылдығымен тұспа-тұс келгенінің өзі мақтаныш.
С.МАДИЯРОВА