Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекеңмен, мәртебелі тіл!

Мерекеңмен, мәртебелі тіл!

Кез келген ұлттың еркіндік жолындағы басты қаруы тіл екені белгілі. Әлемдік саяси аренада тілдік үстемдікпен ішкі-сыртқы күрес жүргізіп келе жатқан қаншама елді білеміз. Олар өзінің бірегейлігі мен даралығын сақтауға тырысып келеді. Дәл сол мысалда қазақ тілі де бар. Отарлық қамыты мен Кеңестік идеология шеңберінде тұншыққан тіл бүгінгі күні де алаң тудыруда. Оған себеп сөйлеуші санының кемуі, аударма сапасының төмендеуі, орыс тілінің ықпалы да бар. Ал оны құтқару, қолданыс аясын кеңейту жүйелі жоспарды талап етері анық. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнінің маңызы да, мәні де осында жатыр.
Айтулы датаның дәл бұл күнге сәйкес келуі кездейсоқ емес. Мұнда ұлттың рухы мен ғылымының өзегі бар. Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуі қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күнімен белгіленген. Бұл – қазақ тіліне өміршеңдік сыйлаған ғалымға деген құрмет, өткенді ардақтау. Себебі Алаш арысы ұлт пен тілдің ажырамас түсінік екенін елден бұрын жете түсініп, тіл білімін бірізділікке түсіруге күш-жігерін сарп еткен күрескер. Сондықтан қазақ әліпбиінің қамқоршысы дүниеге келген күн – тіл болашағының бастауы. Оны тіл мерекесімен қоса тойлау қалың қазақ үшін үлкен мерейге айналды.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тіліміздің тағдыры қиындау болғаны рас. Сондықтан сол кездің өзінде-ақ кешенді бағдарламалар арқылы қазақ тілінің дәрежесі мен мәртебесін айқындау қажеттілігі туындаған болатын.
Нәтижесінде бүгінге дейін қазақ тілінің мәселесін шешуге арналған қыруар іс атқарылып, ана тіліміз — қазақ тілінің мәртебесі биіктей түсті. Қолданыс аясы кеңейіп, мемлекеттік тіл ретінде өзін мойындатып, нағыз қажет тілге айналды.
Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан, үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. «Тілін білмеген – тегін білмейді» деген атам қазақ. Бүгінгідей ел болып еңсе көтерген тұста ана тіліміздің қадірі мен қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру маңызды мәселе болып тұр.
Қазақ тілі – тәуелсіз жұртымыздың мемлекеттік тілі және ол барлық отандастарымыздың ортақ мақсатқа топтастыратын ұлттық бірліктің басты факторы болып табылады. Шын мәнінде тілге деген құрмет отбасынан бастау алады. Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың жыл санап көбеюі, елімізде жүргізілген дұрыс тіл саясатының, тілге қатысты кешенді бағдарламаның жемісі екені даусыз. Бүгінде қоғамымыздың барлық саласында қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын байқаймыз.
Түптеп келгенде «тіліміздің тынысын ашатын» түрлі шаралар мен бағдарламалар көптеп керек-ақ. Олай болса, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ана сүтімен дарыған ана тілімізді құрметтеп, оның дәрежесін биікке көтеру, рухани азығымыз – ана тілімізге жауапкершілікпен көңіл бөліп, оның өрісін кеңейтуге сіз бен біз болып, атсалысайық. Мемлекеттік тіл өсіп-өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміз бен теңдігіміздің қайнар көзі, кемел келешегіміздің ұйытқысы екенін ұмытпайық. Өзіміз болып атсалыспасақ, өзгенің жаны ашымасы анық. Демек, болашағымыз жарқын, мемлекетіміздің тұғыры биік болуы әрине тек қана өзімізге байланысты.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
05 қыркүйек 2023 ж. 160 0