ПАГОНДЫ ЖУРНАЛИСТ
Қазақ елі үшін тәуелсіздікке жету қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздікпен тыныстау да соншалықты баянды екені анық. Егемендіктің арқасында еңсеміз биік болып жүрсін десек, ең бірінші тыныштық пен татулықты сақтауымыз қажет. Ал сол тыныштықты сақтайтын сақтық саласының сарбаздары. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті қадағалауда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Полиця қызметері болу үшін білім, білік, білек және сабыр, төзім мен қажыр-қайрат керек. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге керекті басты қасиеттер. Міне, бүгін осылай талап үдесінен шығуды басты мақсат еткен Шиелі ауданының полиция бөлімінің ұжымымен танысуды құп көрдік. Әрине, бір үйдің баласындай бірлік пен татулықты бір арнаға тоғыстырып отырған ұжым туралы әп-сәтте жазу да, айту да мүмкін емес. Бірақ Шиелі ауданы ахуалының тұрақтылығына қарап аудан сақшыларының жұмысына сақ екенін байқауға болады.
Ел қорғаны болуды мақсат еткен жандардың бірі – Шығысхан Нағызханұлы. Ол 1986 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Бала кезінен құқық қорғау органдарына қызығушылық танытқан ол, 2010 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Қызмет сатысы патрулдік полиция батальонынан басталып, әрмен қарай кинологияллық қызмет орталығының инспекторы, полиция департаментінің тылмен қамтамасыз ету басқармасының инспекторы жұмысын атқарады. Қазіргі таңда Шиелі ауданының полиция бөлімі, Жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы.
Ш.Қараматов қызметте абыройлы, елге сыйлы ғана емес, отбасында да шаңырағын көкке көтеріп отырған отағасы. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған асқар тау әке, жарын алақанында аялап жүрген асыл жар. Әрине, қандай мамандықты игерсең де, адам болып қалу – бірінші орында. Ал әлсізге көмектесіп, қиналғанды демейтін, құлағандай сүйейтін мамандықтың бірі – полиция қызметкері. Сол себепті осы жолды таңдаған әр адам бірінші кезекте мейірімділік пен қамқорлықты бойына сіңіру керек. Шыңғысханның тұла бойында осы асыл қасиеттер менмұндалап тұрады. Сондықтан шығар, ол көптің алғысына бөленіп жүргені.
Халықтың қасында жүріп, қорғанышы болатын полиция қызметкерлеріне артылған жүк жеңіл емес. Оның үстіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс» басымдық берді. Аудан сақшылары өздеріне жүктелген жауапкершілік пен міндетті өз межесінде орындау үшін аянбай тер төгіп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар қарапайым халықтың көкейіндегі түйткілді мәселені шешу үшін жасалады деген сенімдеміз. Ендеше, елдік жолында атқарылар игі істер көп болсын демекпіз.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ