Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі: 18 жасында соғысқа аттанып, 31-інде оралған

Шиелі: 18 жасында соғысқа аттанып, 31-інде оралған

Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың бойына елжандылық пен отансүйгіштікті кітаби тілмен сіңіргіміз келеді, азаматтық жауаптылыққа, батырлыққа бала-бақшадан бастап, есейгенше баулудамыз. Дегенмен, нәтижесі қандай?

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 78 жыл толмақ. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген ұстаным көнерген архаизм сияқты көрінгенімен, бүгінгі ұрпаққа елдік пен ынтымақты, бейбітшілік пен тыныштықты мұра етіп, қан майданда Отаны үшін от кешкен ардагерлеріміздің де саны сиреді. Сол елжанды, ержүрек батырлардың қатарында менің атам – Әли Құлтайұлы да бар. Соғыстың, соғыстан кейінгі тамұқтың дәмін татқан атам, сол сұрапыл жылдары 18-19 жастағы бозбала болатын. 

18 жасқа толған баласы Әлиін анасы Патсайкүл, соғысқа шақырылған жөлектік азаматтармен бірге 1941 жылдың күзінде қимастықпен аттандырды. Эшалон Ашхабадқа жол тартты. Өзінің қойын дәптерін қолына алған жас сарбаз ауылына былай хабар берді:
Біз жүрміз Ашхабад қаласында,
Тең құрбы, қалың көптің арасында.
Жаңалық-өзгерісті толық айтып,
Хат жазып тұрғын құрбы, анда-санда. 

Бұл 1941 жылдың сұрапыл күзі еді. Жау тықсырып, кеңестер шегініп, Мәскеуге қауіп төнген. Сондықтан барлық адами күштер мобилизацияланып, әскери оқу жаттығулары жедел өткізіліп жатты. Ортаазиялық әскери округте 1942 жылдың қаңтарында қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, татар, т.б. ұлт өкілдерінен құралған 103 атқыштар дивизиясы жасақталып, 19 қаңтарда ант қабылдаған жауынгерлердің жаңа легі майданға атанды. 

Маршалл С.К.Тимошенко басқарған 103 атқыштар дивизиясы соғыс қимылдарына Харковь түбінде қосылды. Әскери құжаттардан Әли Құлтайұлы осы 393 атқыштар полкінің құрамында атқыш ретінде соғысқа енгені белгілі. Наурыз айының басында 103 дивизия 1942 жылы мамырда Харьков үшін екінші шайқасқа қатысады. Жабдықтау тапшылығына байланысты дивизия 28 сәуірден 2 мамырға дейін азық-түлікпен қамтамасыз етілмейді. Яғни, әскерлер аштықтан әлсіреп, әскери рухтары төмен болды. Ал, бұл құраманың соғысқа алғаш келген жаңа дивизия екенін ескерсек, жауынгерлер жауға тегеурінді қарсылық көрсетуге әлі дайын емес болатын. Дивизия 1942 жылы 25-27 мамыр аралығында Изюм түбінде қоршауға алынып, 30 маусымда ресми түрде таратылды, яғни жойылды.

Дивизияның бұған дейінгі соғыс барысындағы жанқиярлық жылнамасы қаламның ұшымен таратылып, бүгінгі таңда «ақтаңдақ» беті көп, «ұмытылған әскери құрама» болып отыр. Әскери құжатта Ә.Құлтайұлы 1942 жылдың көктемінен 1944 жылдың шілдесіне дейін 393 атқыштар полкінің құрамында әскери қимылдарға қатысқан деп беріледі, бұл аталған полктің «ұмытылған полк» екендігін растағандай. Әскери тұтқындарға қатысты мұрағат материалдарында алшақтық, ұмыт қалған, тіркелмей қалған фактілер бұл саланың соғыс жылдарында емес, керісінше соғыстан кейін қараусыз қалғанын білдіргендей. 

Әли атамыздың алғашқы әрі соңғы әскери тәжірибесі онан да қиын, қатыгез тағдырының бастамасы болды. Себебі, 393 атқыштар полкі 1942 жылғы 12-26 мамырдағы «Харковь апаты» деп атауға ие болған, кеңес әскерлері ойсырай жеңілген шайқаста жойылды. Ресми құжаттарда 1942 жылдың 29 мамыры күні бұл полктың, 103 дивизия ғана емес, 6-армияның жойылғаны айқын көрсетілген. Харковь түбінде кеңес әскерлері 3 аптаның ішінде 18-20 ¬дивизиясынан айырылады. Апат деп сипатталуы содан болар...
 
КСРО Қорғаныс Министрлігінің орталық архивінің деректерінде «Харковь қазандығында» кеңес әскерінің тірі шығыны – 266 927 адамды құрады, оның 46314 жаралы, 13556 адам қаза тапса, 207 047 жау тұтқынына түсті» делінген.

Харковь түбіндегі шайқасқа қатысқандар туралы әскери архивтерге сұрау салсаңыз, атаулы тізімдер мен орны толмайтын шығындар тізімі деген екі құжатқа тап боласыз, ал ол тізімдерде ең жиі кездесетін мәліметтер – «қаза тапты», «тұтқынға түсті» не «хабар ошарсыз». Жекелеген жауынгерлердің мәліметінде олардың қай лагерьге: «дулаг», «оффлаг» не «шталагқа» қай күні түскені туралы ақпарат аласыз. Әли атамыз, архив материалдарында Хультаев Али тұтқынға түсіп, Бендер-Шах қаласындағы шталаг арқылы Германияға концлагерьге айдалады.

Құлтаев Әли 1944 жылдың шілдесіне дейін атқыштар полкінде борышын атқарды делінген мәлімет қисынсыз, олай жазылуы – атамыз туралы мәлімет 1944 жылдың шілдесінде қайта жаңғырады. Оған себеп одақтастар ашқан екінші майдан, американ және ағылшын әскерлерінің 1944 жылдың 6 маусымында Францияға кіріп, Германияны өз күштерін екі майданға бөлуге мәжбүрлеуі болды. Атам бұл мәліметті өзінің мына өлең жолдарымен дәлелдегендей:

Маусымның 14-де мен ұсталдым,
Жазаның әрбір жерін мойынға алдым.
Алладан жасырмаған бұл жайымды, 
Сіздерден жасыруға мен ұялдым.

Атамыз тамыз айында Франциядан 10 мың адамды тиеген екі кемемен елге қайтқаны туралы айтқан мәліметінің ақиқат екенін Ресей мемлекеттік архивіндегі құжаттар растайды. Онда «31 октября 1944 г. 9907 репатриантов на двух английских кораблях были направлены в СССР, куда они прибыли 6 ноября» деп көрсетілген. Африканы айналып, Қызыл теңізбен кемелер Стамбул портына келіп жетеді. Онда репатрианттарға таңдау беріледі: елге қайту және Отан алдындағы жазасын өтеу немесе кез келген елге кері оралу. Елден жырақ тамұқты көрген атамыздың бір ғана асыл арманы болды, ол – елге, анасы аманаттағандай, аман оралу.

Елге қайтуды арман еткен 6000-ға жуық адамды тиеген кеме Мурманскіге жол тартты. Кеңес үкіметі оларды кешірді және оларды ату жазасына кеспеді де, Отанына опасыздық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылудан босатты. Бір жылдан астам уақыт бойы бұл адамдар НКВД арнайы лагерінде тексеріліп, содан кейін арнайы қонысқа жіберілді.

Атамның сарғыш тартқан дәптеріндегі жыр жолдары: 
Мен жүрмін осы күні бір аралда,
Сиынып, бір Алланың панасына.
Жалғыздық шет жайлауда қиын екен,
Әйтсе де, басқа түссе, амал бар ма? – дейді.
Соғысқа 18 жастағы аңғал жігіт болып аттанған сарбаз 1954 жылы ақталып, туған жердің топырағына кемеліне келген, орыс тілді 31 жастағы жігіт ағасы болып оралды. Жастық шағы зобалаңға толы, «жарық сәуле» көрінбейтін тамұқтың дәмін татқан атам, елге оралған соң еңбекке ¬араласты. Азаматтық жауапткершілігі жоғары, қанағатшыл, бастаған ісін соңына дейін аяқтайтын, бір сөзді, ісі тыңғылықты, тұйық мінезді жігіт ағасы өзіне берілген істі адал атқаратындығымен елге сыйлы болды. 

Өмірі арпалыспен өткен атамыз қадірлі әке, қадірменді ақсақал атанды. Өзі «Сырдария» совхозында жүргізуші, жұбайы Сара анамыз Бәйгеқұмдағы «Қамыс» зауытында жұмысшы болып, еліне адал еңбек етіп, зейнетке шықты. Ұл-қызына үлгілі тәрбие бере білді. Олардың әрқайсысы бүгінде өсіп-өнген, бір-бір әулет. 

Сұрапыл соғыстың ащы дәмі әлі талай ұрпақтың есінде сақталары хақ, себебі ержүрек, батыл бабаларымыздың ерлігі мәңгі!
01 мамыр 2023 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930