Тарих ақиқаты мен ақтаңдағы
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бүгінгі заманның ұрпақтары бұл күнді еске алу күні деп айта салғанымен, астарында терең мағына һәм ауыр қасірет жатыр. Бірақ осы бір күннің өзі қазақ халқының басынан өткен зобалаң шақты, нәубетті еске түсіреді. Әсіресе, жас ұрпақ 31 мамырда бір үзім нан мен бас бостандығының қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізер, бәлкім.
Иә, жаңа ғасыр адамдары адамзат тарихындағы ең ауыр кезең ашаршылықты көзбен көрмеді. Лайым көрмесін. Алайда қазақ халқына қасірет алып келген сол бір аумалы-төкпелі жылдарды естен шығаруға болмайды. Елі үшін жанын берген әрбір тұлғаның есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Тарихи деректерге сүйенсек, 1927-1953 жылдары аралығында қазақ жерінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары бар. Осыған орай еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», сондай-ақ 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Қазақ даласының етегіне сор болып жабысқан ашаршылық, нәубет жылдардан қасірет көрген құрбандарды еске алу күніне орай 24 мамыр күні аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, шебер-педагог, Шиелі ауданы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі Фатима Қасқабаеваның Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің білім алушыларымен кездесу өтті. Кездесуді кітапханашы Анар Әбдіжапбарова жүргізді.
Кездесу барысында алғашқылардың бірі болып сөз алған Фарида Серікбайқызы студенттер мен қатысушыларға тарих бетінде ақтаңдақ болып қалған нәубетті жылдар туралы тың ақпарат берді. Қанқұйлы жылдардың оқиғасын, жазықсыз жазаланған адамдардың есімдерін, олар туралы ақпараттарды да жіпке тізгендей түсіндіріп, қатысушылардың жүрегін тебірентті. Арнайы баяндама дайындап келген Ф.Серікбайқызы жас ұрпаққа тоталитарлық режим, 1937-1938 репрессияға ұшырағандарға тағылған айып түрлері, оларға қолданылған жаза, басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударуы туралы слайд көрсетті.
“Туған өлке тарихын насихаттау оқушылардың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, өлкенің тарихын, мәдениетін тануға, білуге үйретеді және сол өлкенің тарихына куә болған қарияларда азайып бара жатқанын ескере отырып, ауылдық жерлердегі тарихи орындарға зерттеулер жүйелі түрде жүргізілсе, «Таштоп» тарихы өлкетану пәніне енгізілсе екен”, – деп ұсыныс тастады Фатима Қасқабаева.
Сонымен қатар шара барысында ұйымдастырушылар дайындаған бейнематериал көрсетілді. Онда ашаршылық құрбандары мен нәубетті жылдарда жазықсыз атылып кеткен Алаш арыстары және олардың әйелдері мен балалары қандай қорлық көргені айтылды. Бұдан бөлек атышулы Алжир лагері туралы да ақпарат берілді. Өткен ғасырдың қанқұйлы кезеңдерін бейнероликтен тамашалаған көрермендердің арасында көзіне жас алғандар да болды. Қуғын-сүргін құрбандары туралы толық мәлімет алған соң, сөз кезегі Жастар ресурстық орталығының кеңесші маманы Мейірлан Балабекұлына берілді. Ол бүгінгі шарадан тың ақпарат алғанын айта отырып, студенттерге алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Ал Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов баяндама жасаған Ф.Серікбайқызына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.