Нәубеттің шындығы арқау болған – «Ақ боз үй»
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Иә, бүгінгі заманның ұрпақтары бұл күнді қаралы дата деп айта салғанымен, астарында терең мағына һәм ауыр қасірет жатыр. Бірақ осы бір күннің өзі қазақ халқының басынан өткен зобалаң шақты, нәубетті еске түсіреді. Әсіресе, жас ұрпақ 31 мамырда бір үзім нан мен бостандықтың қадірін түсінеді. Иә, жаңа ғасыр тұрғындары адамзат тарихындағы ең ауыр кезең ашаршылықты көзбен көрмеді. Лайым көрмесін. Алайда, тәуелсіздіктен кейін жарыққа шыққан туындылар арқылы ел басын бұлт торлаған шақпен танысты. Сондай туындылардың бірі – Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясы.
Аталған туындыны кітап бетіне түсіруді автор 1982 жылы қолға алған. Өзінің айтуынша, ол кезде С.Елубайдың жасы 35-те болыпты. «Ақ боз үйді» автор табан аудармастан үш жыл Ақсай сайында үй тігіп жазып шыққан. Алайда, баспаға апарғанда бұл кітапты көргендер тіпті ашып-қарауға шошыған екен. Өйткені, ол кезде мұндай кітапты баспадан өткізбейтін. Содан не керек, кітап 1990 жылға дейін басылмайды. Тек коммунистік жүйе құлағаннан кейін ғана жарияланады. Бірақ Смағұл Елубай ашаршылық хақында қалам тербеуді әу баста ойына алған. Ол өзінің берген бір сұхбатында «Мен есейіп, Алматыдағы №12 мектеп-интернатты бітірдім. Кейін қарасақ, тарих оқулығында ашаршылық туралы ресми сөз жоқ, «сол жылдары асыра сілтеу болды» деген сипатта ғана айтылады. Осыдан кейін біз бұл тарихты ақырындап жинай бастадық деуге болады. Шындықты айту қажет деп білдік. Университеттің 1-курсында оқып жүргенде мен «Қашқын ауыл» деген романды жоспарладым. Бұл – «Ақ боз үйдің» алғашқы эскизі болатын. Бірақ әлі жазушы болып үлгермеген студентке ондай ауыр тақырып көтеру мүмкін емес еді. Сондықтан оны доғарып, пісіп-жетілгенде жазармыз дедік. Бірақ аштық тақырыбына құлағымыз түрік жүретін» деп ағынан жарылады. Сондай-ақ Смағұл Елубайдың айтуынша, бұл кітап көпті көрген көнекөз қариялардың айтқан әңгімесінен құралған. Тың туындыны дүниеге әкелуде әбден тер төккен ол талай жерді аралап, біраз қариямен кездескен. Әуелі Ақтөбенің Байғанин ауданына барып, елді аралаған. Одан кейін Қарақалпақстанның Қоңырат ауданын, Түркіменстанның Ташауыз облысын аралап, нәубетті жылдар жөнінде мәлімет жинаған. Осындай еселі еңбектің нәтижесі шығар «Ақ боз үй» оқырманның ойынан шыға білді.
Егемендік алып, еңсеміз тіктелгеннен кейін қазақ прозасында өткен ғасырда халық басынан кешкен ауыр ахуал, жаппай аштыққа ұшыраған кезең біршама туындыға арқау болды. Мәселен, Х.Сейткемелов «Шұбырынды қанды босқын», С.Ләмбекұлы «Арыстар», А.Есілбай «Асылдың сынығы» сынды кітаптарды жарыққа шығарды. Бұдан бөлек «Қызылдар қырғыны», «Қазақ қалай аштыққа ұшырады» жинақтары да оқырманға жол тартты. Бүгін біз мақаламызға арқау етіп отырған туындының да негізгі тақырыбы – Кеңес кезінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалы, «асыра сілтеудің» елге әкелген зардабы, ел басқарып отырғандардың жағымсыз қылықтары және олардың пасықтығы мен әділетсіздіктері.
Ақ боз үй – нәубетті жылдардың шындығын бүкпесіз жазған бірден-бір роман. Жазушы қазақтың өткен ғасырдың басы мен орта тұсында болған оқиғаны терең зерттеп, орамды ой, тұщымды тілмен жеткізген. Романды оқи отырып, «Елім-айлап» зар жылаған қара халықтың күйін сезінесіз. Аштан бұралып, ішерге су, жерге нан таппаған бала-шаға мен шал-кемпірдің жан азабы көз алдыңызға елестейді. Тіпті бір үзім нан мен бір уыс тарыға зар болған қараша халықтың халін оқып, төбе құйқаңыз шымырлап, жұдырықтай жүрегіңіз төс сүйегіңізді тесіп шығардай бұлқынады. Ал бір жағынан бұл романды оқи отырып, қазіргі бейбіт заманға мың қайтара шүкіршілік айтасыз әрі ас атасы саналған нанның қадірін түсінесіз. Кітапты оқыған сайын түрлі оқиға жетектей жөнеледі. Оқымай тастай салуға шығарма мұрша бермейді. Бір-бірімен жіпсіз байланысқан өзекті оқиғалар мен адамдардың басынан өткен қиындықтары да сізді бей-жай қалдырмайды. Бүкіл романның желісі бір діңгекке байланғандай айналасы теп-тегіс, жұп-жұмыр бейнеленген. Ал халықтың басынан өткен оқиғаны әріден қозғап, тарихтан сыр шертіп жазуы автордың шеберлігін айқындайды.
Әуелгіде ауылдың жайбарақат өмірін баяндап басталған романның нүктесі қайғылы оқиғамен қойылады. Кезінде малды, ауқатты болған Пахраддин мен оның жұбайы Сырға жан түршігерлік жағдайда қаза табады. Ол екеуі де соңғы демі таусылғанша нәр татпайды. Тіпті фәни дүниеге өкпесін айтып, наласын білдіреді. Әсіресе, иен байлықтың иесі болған Пахраддинге бұл халі өте ауыр тиеді. Ақыр аяғында ол «Мылқаусың... қатыгезсіз безерген? Опасызсың, сұм жалған? «Бұқа» сынды, Күрең сынды сұқ иттерге сүйек салдың! Абалаттың, айтақтап! Ақыры жетіп тыңдың ба дегеніңе?! Жынға тойған иттерге қойдай қоңыр халықты тақымдатып, талатып, тырқыратып торғайдай тоздырдың ба?» деп зар иледі. Бірақ бұлай ащы зарын жеткізгенімен ешнәрсе өзгермеді. Керісінше Пахраддин жары Сырғамен бірге құмшағыл үстінде құшақтары айқасып қаза болды. «Құм басында қалған екеу осылай өтті дүниеден». Міне, ақ боз үй адамдарының тағдыры осылай шешіледі.
Шығарманың оқиғасы ғана емес, шұрайлы тілі де оқырманды өзіне елітеді. Бұл әдебиет әлемінде жазылмаған заңдылық іспетті. Сондықтан оқырман оқиғаға сену үшін пәрменді ой, дәрменді сөз болу қажет. Дәл осы талаптар «Ақ боз үй» шығармасында толығымен көрініс табады. Шығарманың тілі орамды, құнарлы. Аяққа оратылып, басыңды ауыртатын артық сөз кездеспейді. Егер Рымғали Нұрғалиша айтсақ, «жазда қыр асып, қыста ық жағалай көшумен, қоныс аударумен, мал бағып күн көріп отырған жұрттың ескі қазақ ауылына тән жай-күйі аса бір құнтпен зерттеліп, зерделі қаламмен жазылған. Түйелі, малды сол өңір елінің өмір-тұрмысы, салт-санасы, мінез, сөз, сөйлеу мәнері әдемі таңбаланған».
«Ақ боз үйді» қолына алған адам оның ауқымы кең әрі күн демей, түн демей, ұзақ сарылған еңбектің нәтижесі екенін аңғарады. Ең бастысы, осы туындыны парақтаған исі қазақ өткен тарихымен танысып, ат төбеліндей ғана қазақтың шеккен қасіретін білетін болады.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА