Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?

Баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?




Бірер күннен соң оқушылардың көптен күткен жазғы демалысы да басталмақ. Балалардың бір бөлігі үш ай уақытты қайда, қалай өткіземіз деп көңілді демалысын жоспарлап бастаса, өзгесі қазірдің өзінде жұмыс істеп ақша табудың қамына кіріскен.

Елімізде 18 жасқа толмағандардың барлығы «бала» санатына кіреді. Заң бойынша ешбір баланы еріксіз жұмысқа тартуға болмайды. Тек бала 14-ке толғаннан кейін ғана заңға сәйкес, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi. Ал баланың денсаулығына қауіп төндіруі, білім алуына кедергі келтіруі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысқа тартуға тыйым салынады. Мұның барлығы заңнамамен реттелген.

Баланың жұмыс сағаты қанша болуы керек?
«Бала құқығы» туралы заңға сәйкес, кез келген 14 жасқа толған бала ата- анасының рұқсатымен, оқудан тыс уақытта денсаулығы жараса, қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысуына болады. 
Бірақ бұл үлкендер бала еңбегін өздеріне қажетінше пайдалануға болады деген сөз емес.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған жұмысшы балаларға жұмыс уақытының қысқартылған нұсқасы белгіленген. Мысалға айтар болсақ, 14-16 жасқа дейінгі балаларға аптасына – 24, күніне – 2,5, 16-18 жасқа дейінгілерге аптасына – 36, күніне – 3,5 сағаттан аспайтын уақыт арнайы бекітілген.
Бірақ әдетте мейрамханада даяшы болатын, базарда жұмыс істейтін не жаз бойы егінге жалданатын балалар ресми түрде еш жерде тіркелмейді. Олардың қолдарында арнайы жұмыс беруші тарапымен жасалынған еңбек келісім-шарттары да жоқ. Сол себептен, балалар ауырып немесе еңбек жарақатын алған жағдайда олардың әлеуметтік жағынан қорғалуы екіталай.

Кіммен, немен күресу керек?
Қазіргідей бәсекелестік заманында кез келген мемлекеттің гүлденуі, ондағы адам ресурстарының сапасына тікелей тәуелді. Рас, баланы еңбеккорлыққа тәрбиелеудің де өз мәні зор. «Балаңды 7 жасқа дейін ханыңдай күт, 14 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 14-тен ары қарай досыңдай сыйла» деген қазақта аталы мақал бар. Алайда ата-аналар асыра сілтеп, көбіне өз балаларын балалық шағынан аяусыз айырып жататын жағдайлар да кездеседі. Жас шыбыққа да су құйып баптамаса, жайқалып өспейді. Ендеше, балалар ересектер тарапынан күтім мен сүйіспеншілік күтетінін естен шығармаған жөн.
Әрине отбасындағы қаржының жеткіліксіздігі, жоқшылық кейбір балалардың еңбекке ерте араласуына әсер етеді. Жазғы демалыстарын түрлі жұмыстар атқарып, ақша табуға арнайды. Тапқан қаражатын келесі оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарына жұмсайды. Егер мемлекет тарапынан бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін жеткілікті қолдау көрсетілсе, балалар қиын жұмыстарды істеуге мәжбүр болмас еді. Сондықтан баланың жаз бойы жалданып жұмыс істегеніне қарсылық танытпас бұрын алдымен осы мәселе төңірегінде ойланған жөн.

Тәрбие негізі – еңбекте 
«Әрине, баланы еркінен тыс ауыр жұмысқа жеккендерді жазалау керек. Оған еш қарсылығым жоқ. Алайда ата-анасының рұқсатымен денсаулығына нұқсан келтірмейтін, оқуына бөгет болмайтын жұмыстардан баланы алшақтату орынсыз. Мектепте де «еңбек» сабағында балаларға түрлі шаруаға икемді болуды үйретеді ғой. Сондықтан, оқығанын, көргенін іс жүзінде жасап көргені дұрыс. Қазіргі уақытта баласын сабақтан қалдырып, жұмысқа жегіп қоятын ата-аналар мүлдем жоқ десек те болады. Барлық ата-ана баласының заман талабынан қалмай, білімді, сауатты болғанын қалайды. Сондықтан баласы үшін барлық жағдайды жасайды. Мектеп жасындағы балалардың жұмысқа араласуы жазғы демалыс уақытында көбейеді. Қолынан келген жұмысты істеп, бос уақытында жанұясына жәрдемдескенін қылмыс көруге болмас. Қандай жағдай болмасын, баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс деп санаймын», - дейді мұғалім Гүлзира Досанова.«Менің үлкен балам биыл 10-сыныпты тәмамдайды. Отбасында жолдасым ғана жұмыс істейді. Төрт балам бар. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Сондықтан жолдасымның тапқан табысы айдан-айға әзер жетеді. Үлкен ұлым өткен жылы жазда жұмыс істеп, бізге көмектесті. Биыл да жазғы демалыс уақыты басталса, күндіз-түні жұмыс істемек. Түнде мейрамханаларда даяшы, күндіз көлік жуумен айналысамын дейді. Әрине, жұмысы қиын. Шаршайды. Бірақ, біздің басқа амалымыз жоқ. Алғашында баламыздың жұмыс істеуіне қарсы болғанымызбен, кейін өзге амалымыз қалмады. Күнделікті асымызды тауып келеді ғой. Жаңа оқу жылына да өзі дайындалады. Ал оқу жылы басталғанда күндізгі жұмысын тоқтатады. Біз де балаларымыздың өз қатарынан қалмай білім алғанын қалаймыз. Сондықтан, оны сабақтан қалдырмауға тырысамыз», - дейді ата-ана Баян Қалдыбекова.«Менің жұмыс істеп жүргеніме екі аптадан асты. Сабақтан кейін көлік жуамын. Жазғы демалыста былтырдан бері жұмыс істеп жүрмін. Жұмысым қиын болса да, қызық. Достарыммен бірге барамыз, бірге қайтамыз. Сыныптастарым жұмыс істейміз деген соң, мен де ата-анамнан рұқсат сұрағам. Олар жұмыс істеуіме рұқсат бермейтін бұрын. Кейін келісті. Тапқан ақшамды өзіме жаратамын. Жұмыс берушілер бізге «біреу сұраса он алтыдамын» деп айтыңдар дейді. Бірақ, бізден ешкім жасымызды сұраған жоқ. Мұнда кезекпен келеміз жұмысқа. Үйде болғанда да, әке-шешеме үйдің жұмыстары үшін көмектесемін. Жас ұрпақ тәрбиесінде еңбекке баулудың маңызы жоғары. Қазақ ерте кезден-ақ баланы еңбексүйгіштікке, жалқаулықтан ада болуға үйреткен. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «тәрбиенің негізі – еңбекте» дейді. Сондықтан баланың еңбектің тәтті дәмін сезініп өскенінің еш сөкеттегі жоқ. Бір ғана ескеру керек нәрсе – еңбекке баулыған осы екен деп, жасына сай келмейтін ауыр жұмысқа жегіп, үлкендер мойнына алу керек жүкті ерте бастан балаға артпау қажет», - дейді 14 жастағы Әділет.
29 мамыр 2023 ж. 272 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930