Кәсібінен нәсіп көріп отырған жан
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Мұқым елге мәлім Абайдың осы бір тәмсілін Тұранның тұрғыны, кәсіпкер Нұржан Мақұлбеков жадында бұрыннан мықтап ұстайды. Еңбексүйгіштіктің арқасында ол ел қатарынан қалмай, кәсібінің нәсібін көріп, бар ынта-жігері мен күш-қуатын егінге жұмсап, мал өсіруге бағыттап отыр. Біз бүгін бұрын ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мемлекет мүддесі үшін мінсіз қызмет атқарған. Алайда қазіргі таңда дала жұмыстарын дөңгелетіп отырған қарапайым диқанмен дидарласып, сұхбат өрбіттік.
– Қайырлы күн, Нұржан Әбділдәұлы! Әңгімеміздің ауанын сіздің ғұмыр жолыңыздан бастасақ…
– Рақмет! Мен 1981 жылы 31 қазанда Шеген Қодаманов ауылында дүниеге келдім. 1987 жылы №158 орта мектебінің табалдырығын аттап,1998 жылы сол мектепті тәмамдадым. Сөйтіп дәл сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетіне «Халықаралық құқық» факультетіне оқуға түсіп, 2002 жылы құқықтану мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолымды «Байқоңыр теміржол» ЖШС-де менеджер болып бастадым. Араға 2 жыл салып, 2004 жылы желтоқсан айында Қарағанды қаласына көшіп барып,«Big ben» ЖШС-де менеджер қызметін атқардым. 2005 жылдың қазан айынан бастап Қарағанды қаласындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне қызметіне кірдім. Жалпы айтқанда қаржы полициясы. 2008 жылы Шиелі ауданына халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы қызметіне тағайындалдым. Одан кейін Шиелі ауданы әкімдігінің аппаратына ауысып, аудан әкімінің көмекшісі ретінде жаңа қызметке орналастым. Жыл соңына қарай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалдым. Араға біршама уақыт салып аудан әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалдым. Қала берді аудандық Қазпошта бөлімінде де басшылық қызметте болдым. Одан кейін өз қалауыма байланысты жеке кәсіпке бет бұрдым.
– Түсінікті. Бажайлап қарасақ, бір емес, түрлі саланың тізгінін ұстаған екенсіз. Мемлекеттік қызметтің бәрін шетке ысырып тастап, шаруашылыққа келуіңізге не түрткі болды?
– Иә, мен қазіргі таңда «Мырзаева» шаруа қожалығының сенімді өкілімін. Бұл тоғыз ай, он күн көтерген анамның шаруашылығы болатын. Анамның шаруасы тұралап қалмасын деген ниетпен, осы істі 2018 жылдан бері қолға ала бастадым. Сондай-ақ қосымша «Шиелі Белес» ЖШС-ін ашып, елге сапалы қызмет көрсетіп келеміз. Диқаншылық – қазаққа таңсық емес. Оның үстіне біздің ауданда даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың қолының табы қалған емес пе?!
– Көктемнің алагеуім таңынан бастап күзгі салымға дейін дала төсіне себілген Сыр маржанын күтіп баптау әр күрішшінің мойнындағы міндет. Ана баласын қалай әлпештесе, күрішші де атыз, алқаптағы ақ маржанын солай аялап, өсіреді. Айтыңызшы, бүгінде сіздің қожалыққа қанша гектар жер көлемі тиесілі? Және аудан брендіне айналған күріштің қай түрін егесіздер?
– Қазіргі таңда «Мырзаева» шаруа қожалығының теңгірімінде 235 гектар жер бар. Биыл оның 220 гектарына «Лидер» күрішін, қалған бөлігіне өзге дақылды егуді жоспарлаған болатынбыз. Бүгінде күрішті егіп, суға бастырып қойдық. Енді егінжайға орақ түскенше күтіп-баптаймыз. Оның да өз әдіс-тәсілі бар. Күріш бітік шығуы үшін суын дұрыс қоя білу керек. Себебі мол өнімге қол жеткізуде судың маңызы зор. Яғни, күріштің шығымы берілген суына байланысты болады. Ал биылға келсем, егін шығымы жақсы. Халқымызда «Балапанды күзде санайды» деген тәмсіл бар. Қазіргі көңіл-күй керемет. Ұйымдастыру жұмыстары да, еңбеккерлердің ауызбіршілігі де ойдағыдай.
– Еңбеккерлер деп қалдыңыз, бүгінгі таңда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? Орташа табыс көзі қанша, құпия болмаса?
– Тұрақты жұмыспен 11 адамды және маусымдық мезгілде 6 адамды жұмыспен қамтып отырған жайым бар. Орташа жалақы мөлшері – 100-120 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ күзде егінге орақ түскен соң, 2,5 тоннадан күріш пен 200 дана шөпті сыйақы ретінде беріп отырамын.
– Техникадан таршылық көрмейсіз бе? Жеткілікті ме?
– Шүкір, бәрі жеткілікті. Егінге қажетті техникалық құрал-жабдықтардың барлығы түгел. Атап айтар болсам, К-700 2 дана трактор екі соқасымен, жер тегістегіш агрегаты, тыңайтқыш себетін, дискілеу техникалары бар. Сонымен қатар ХТЗ-150 тракторы, Беларусь тракторынан 2 дана техника және Италиядан шыққан Лаверда күріш бастырғыш комбайндары да қолданыста. Канадалық «Мак-Дон» күріш оратын комбайн «Қазаргоқаржы» АҚ арқылы лизингке алынған. Тағы екі соңғы үлгідегі Камаз автокөлігі бар.Қала берді ауыл адамдарына да қолдануға беріп тұрамын. Тек жанар-жағармайын құйып тұрса болғаны. Қалғанына ақы сұрамаймын.
– Тамаша, бұл да бір мәрттігіңіздің белгісі. Енді диқандарды алаңдататын келесі бір мәселе – егіс алқаптарын суару екені мағлұм. Бұл мәселе төңірегінде не дейсіз?
– Иә, соңғы жылдары су тапшылығын қатты сезініп отырмыз. Оның алдын алу мақсатында Қытайдан секундына 500 литр су айдайтын насос алып орнаттық. Су тапшы болғанда насос жақсы көмегін тигізді. Жалпы насосқа, электр энергиясына біраз қаржы жұмсалды. Біз өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен су тапшылығын жеңе білдік. Сала мамандары биыл да су тапшылығы болады деп дабыл қағуда.
– Қалай десек те, сіздің мемлекеттік қызметте өзіндік қолтаңбаңыз қалды. Алдағы уақытта негізгі салаңызға бет бұру ойыңызда бар ма?
– Әрине, бар. Екеуін ажыратып қарау мүмкін емес. Мемлекеттік қызметтің де өзіндік қиындығы мен жауапкершілік жүгі басым. Шаруашылық та сондай. Қазір екі кеменің басын тең ұстап, қатар алып жүретін заман. Менде осы бағытты ұстанып, анамның мирас етіп қалдырған мұрасын да, мемлекеттік қызметті де қатар алып жүруді жөн деп білем.
– Нұржан мырза, асыл дініміздің өзінде «Жасаған жақсылықтарың жасырын болсын» делінген. Алайда сіз секілді ел азаматтарының жасап жатқан қайырымдылығын жұрт біледі. Елдің есінде. Оны бұл жерде айтудың қажеті жоқ. Осынау кезеңде ақ күріштен шашау шығармай жинап алып, жауапты науқанға белсенділік таныту – әрбір азаматтың парызы. Көктемнен бастап еңбек көрігін қыздырып келе жатқан сіздің қожалыққа толағай табыстар тілейміз. Әдемі әңгімеңізге рақмет!