Ұлы мұратқа ұмтылған әулет
Ердің атын еңбек шығарады. Әр азамат ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырады. Ал қазыналы Еңбекші елді мекенінен елі үшін қызмет еткен талай дарынды тұлғалар шыққан. Солардың бірі – бабадан қалған дәстүрді дәріптеп, шопан ата таяғын ұстап, ауылы – алтын бесігін өркендеткен Ерғали Ишанқұлов.
Әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған тектілік, еңбекқорлық оны адастырмады. Атакәсіпті меңгеріп, шыңына шығып, өмірден ойып тұрып өз орнын алуға септігін тигізді. Кеңес Одағының тұсында қаракөл қойнының басын көбейтіп, асылдандырып, рекорд орнатқан құрметті шопан. Оның абыройлы жұмысы ұшан теңіз, еңбегі ұрпаққа үлгі. Арда ақсақалдың «Етті мал – елге құт» дегеніне 60 жылдан асты.
«Ауылды көркейту, мал санын көбейту осы күннің негізгі шаруаларының бірі. Бірақ бүгінгі қой бағып жүрген шопандардың барлығы дерлік үлкендер. Сол қазыналы қарияларымыздың шаруашылықтағы тәжірибесін үйреніп, ақылын көкейге түю соңымыздан ерген ізбасарларға міндет. Сондықтан мал шаруашылығына ¬жастар көптеп баруы керек», – дейді.
Ерғали ақсақал 1937 жылы дүниеге келген. Бұл қазақ тарихында ұжымдастыру саясаты елдің еңсесін басып, «Ұлы жұт» атауымен жадыда қалған кезең еді. Тар заманның тауқыметін тартқан кейіпкеріміз тез есейіп, оқуда озат, шаруаға бейім болады. Әйтсе де тағдыр салған қиындыққа қарамай, еңбекке деген құлшынысының арқасында ол үлкен өмірге белсене араласады. Жастайынан жігерін жаныған қайсар бала қайтсем де ауыл шаруашылығы саласын түлетем, үйренем деп алдына мақсат қояды. Сөйтіп, Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтынының дипломын қолға алып, кіндік қаны тамған жерге келеді. Ауылға табанын тірей сала бірден шаруашылыққа білек сыбана кіріседі.
Ерғали Ишанқұлов бүгінде тамыры терең, жапырағы жайқалған бәйтерек іспетті. Ошақтың отын бірге тұтатқан зайыбы Бахира апамен 8 ұл, 6 қыз сүйіп, мол тәрбиесін беріп, барлығын жоғары білімді азамат етіп шығарды. Балаларының бәрі өмірде өз орнын тапқан, бір-бір шаңырақ иелері. Бүгінде 55 немеренің, 70 шөбере мен 8 шөпшектің сүйікті ата-әжесіне айналып үлгерді.
«Өнегелі отаудың – өрісі кең» демекші, осындай өмірден өз орнын тауып, бір-бір шаңырақтың иесі атанған балаларына қарап, Иншақұловтар әулеті – сыйластығы мол, ауызбіршілігі берік орныққан Өотбасы деген тұжырымға келдім. Иә, өмір жолы бәріне бірдей тақтайдай тегіс бола бермейді. Біле білсек, адамның тағдыры да өз қолымен жасалады. Ең бастысы өмір жолында, тағдыр жазуында кездескен қиындықтарға мойымаған адам аңсаған арманы мен көздеген мақсатына жетеді. Бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған Ерғали Ишанқұлов – өмірдің ыстығы мен суығын, бейнеті мен зейнетін қатар көріп, Құдай қосқан қосағымен бірге немере-шөбере сүйіп, шөпшегінің қолынан май жеп, берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп отыр.
2014 жылы «Мерейлі отбасы» байқауы жарияланған-тын. Содан бері жыл сайын дәстүрге айналып, үзіліссіз өтіп келеді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған байқаудың 2018 жылы республикалық кезеңнің жеңімпазы атанған болатын.