Шиелі: Жүзге жеткен жауынгер
Небәрі 18 жасында майдан даласына аттанған Сәрсенбек Байжанов биыл – 100 жаста.
Қан майданның біткеніне 78 жыл өтсе де қарт сарбаздың бетіндегі тарам-тарам әжімдер бейне бір сұрапыл соғысты суреттеп тұрған жолдардай көрінеді. Қос жанары бірде жеңіске жеткен осынау бейбіт заманға шүкір етіп, ұрпағының уайым-қайғысыз өсіп жатқанына қуанса, ендігіде арман-мақсаттары өрдей майдандас бауырларының көз алдында оққа ұшып, жер жастанып, бейбіт күнді көре алмай кеткеніне қаймығып қалады. Бозбала шағында кескілескен сұм соғыс оның санасында әлі кешегі күндей сайрап жатыр.
Қарт майдангердің мерейтойын мұқым ел болып тойласақ та жарасады. Мұны білген нартайлықтар Сәрсенбек Байжановқа арнап «Жеңіс туын жілбіреткен – ғасыр адам» атты арнайы мерекелік шара да өткізді. Ол жерде көпшілік өнерпаздардың өнерін тамашалап, әдемі кештің куәгері болды. Сонымен қатар соғыс солдатын ғасырлық мейрамымен құттықтағандардың қатарында Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сұлтанбек Оразымбетов те бар.
Таңғажайып той көрдім, таңғажайып,
Алла берген сый өзі жанға лайық.
Мен бүгін жүзге келген жанды көрдім,
Елі де құрметтеді ханға лайық.
Алла да пендесіне тарылмады,
Жүрек те қуанғаннан жарылмады.
Әркімге бұйырмаған бұндай бақыт,
Ағаның өмірдегі лағыл бағы.
Өмір өзі бұрыннан керім бе еді?!
Күйде ойнап тұрды көңілдегі,
Құдай-ау, қалай бұған қуанбайсың,
Алғаш болған той еді жерімдегі.
Той қазақттың деуші еді қазынасы,
Әркімде осытойдан базына шын.
Қазына болатын себебі бар,
Бір бақыт мың бақыттың бағын ашып, – деп жырдан шашу шашты.
Сәрсенбек Байжанов 1942-1944 жылдар аралығында Сталинградтың Солтүстік батысындағы «Магеллан» деген елді мекенде шайқасқан. Ал неміс әскерінің Сталинградты басып алу үшін, қандай қырғынға барғаны бізге белгілі. Ол батылдығымен, өжеттілігімен танылған жауынгер. Үнемі тек алдынғы шептен табылып, кескілескен ұрыста сол көзі мен оң қолынан жарақат алып, соғыс госпитальіне, сонан соң Сталинград қаласында ұзақ емделеді. Кейін сырқаты сыр беріп, соғысқа жарамсыздар қатарына қосылып, бір жылдан соң елге оралады.«Қызыл жұлдыз», «Германияны жеңгені үшін» ордендерімен және Ұлы Отан соғысының 50, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған. Бейбіт өмірді аңсаған майдангер жігіт Нартай ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Сөйтіп өзінің бар білімі мен күш-қайратын бала оқытуға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне арнайды. Жұбайы Жәмила Сейітжанқызымен бірге 5 ұл, 6 қыз, 40 немере, 65 шөбере және 3 шөпшек сүйіп, елдің амандығын тілеп келеді.
Иә, бабалардың жанқиярлық ерлігі мен қайтпас-қайсар батырлығы болмағанда, біз бейбітшілік бесігінде тербеліп, болашаққа тік қарап, еркін өмір сүрмес пе едік, кім білсін?! Сондықтан да сұрапыл соғыста ғажап ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз бен есіл ерлеріміздің батырлығы мен қаһармандығы үшін әрдайым қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз жөн.