Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери борыш – әркімге парыз

Әскери борыш – әркімге парыз




Бүгінгі бейбіт күнде Отан алдындағы парызын өтеуге ­жастар аса асыға қоймайды. Мұны жасыруға келмес. Бұрын екі немесе үш жыл әскерде болған әке, ағаларымыз, тіпті, шекара асып кеткен. Бүгінде әскери борыш мерзімі бір-ақ жыл. Оған қоса жат жердің топырағын баспайды да. Қазақстан аумағында қалады. Баяғыдай хат жазып, қиналатын да кез емес.

Осы тұста әскерге барудан жалтарып жүрген жастарға жағымды жаңалығымыз бар. Яғни, биылдан бастап азаматтық борышын өтеп келген жастарға жеңілдетілген көмектің бірнеше түрі бар. Жас сарбаз, егерде сен әскерге баратын болсаң, жоғары оқу орнына тегін, анығында ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндігің бар. Екінші, әскери борышыңды өтеп келсең, әскери кафедра немесе әскери институттарға түсу тегін. Ал үшіншісі, көпті толғандырған несие мәселесі. Яғни, жас азаматтың несиесін 1 жылға шегеру мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Жуырда 19 жасар азамат Досхан Нұрланұлы әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келді. Кейіпкерімізге былтыр әскерге шақырту қағазы келеді. Ол сол сәтте, яғни 2022 жылы 20 сәуірде еш ойланбастан азаматтық борышын өтеуге Таразға аттанады. Алдымен оңтүстік өңірлік қолбасшылығы 5-ші Механикаландырылған бригадасының, Меркі аудандық 11971 әскери бөлімінде курсант болып бастайды. Кейін мамыр айының 26-нан бастап Тараз қаласы 85395 әскери бөлімі Артиллериялық дивизионына (қатардағы жауынгер) болып қабылданады.

Әскердегі жақсы мінезі мен атқарған жауынгерлік-қызметтік міндетін орындауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінген Досхан Нұрланұлы аға-маман, аға-көздеуші лауазымына және Ефрейтор атағына қол жеткізеді.
Алғашында қиындау болғанын тілге тиек қылған Досхан, әскердегі бір күндік өмірін де баяндап берді.

– Таңертең сағат 6:30-да тұрамыз. 20 минут таңғы жаттығу болады. 7:00-ге дейін 10 минут арасында жуынып, орнымызды жинау керек. Одан соң 20 минут таңғы жаңалықтарды тыңдаймыз. Таңғы астан кейін командаға бөлініп, тапсырылған міндеттерді атқарамыз. Бастапқы айларда сапта жүруді үйреніп, ант қабылдауға дайындалдық. Дәрістер алдық. Бір сөзбен айтқанда, темірдей тәртіпке бейімделдік, – дейді ол.

Бригада командирі подполковник Ж.Құранбеков Досханның ата-анасына жылы лебізін жолдай отырып, ұлдарын қысқы демалысқа да жіберген. 

– Өтпейтіндей көрінген бір жылың осылай өте шығады екен. Сонау ХХ ғасырда әскери борышты өтеу мерзімі – 2, тіпті 2,5 жыл болыпты. Оны үлкен әке-ағаларымыздан естіп отыратынбыз. «Сол уақыттың жастары әскерден келісімен отау құрып, шаңырақ болып жеке шығып кететін. Әскерден келген жігіт – абыройлы еді», – деп әкесінің сөзін еске алды жас сарбаз.

Жастардың әскер туралы түсінігі әр қилы. Бірі міндетті, енді бірі міндетті емес дейді. Уақытың босқа кетеді дейтіндер де бар. Қару ұстап, жауға шап деп қысап жатқан ешкім жоқ. Ал алда-жалда мұндай жағдай болмасына кім кепіл? Қазақтың түсінігінде жеті қазынаның бірі – ер жігіт, екіншісі – берен мылтық дейді. Ендеше, осы екеуі бірігіп, ел шебін күзетуі керектігі айтпаса да ұғынықты.
03 мамыр 2023 ж. 315 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930