«Бастау-Бизнес» жобасы берекеге бастайды
Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген көп адамға «Бастау-Бизнес» жобасы үміт сыйлады. Кәсіпкерлікке бағыт сілтейтін жобаның негізгі мақсаты – жұмыссыздар санын азайтып, ел экономикасының дамуына үлес қосу. Бүгінде осы бағдарлама аясында аудан көлемінде қаншама тың идея іске асырылып, жаңадан жұмыс орындары ашылуда.
Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, бизнесте жолы болып жүрген жандар көп. Әсіресе жоба аясында сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған нәзік жандылардың үлесі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Соның бірі Алмалы ауылдық округінің тұрғыны – Жамал Төлебаева.
Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, бизнесте жолы болып жүрген жандар көп. Әсіресе жоба аясында сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған нәзік жандылардың үлесі артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Соның бірі Алмалы ауылдық округінің тұрғыны – Жамал Төлебаева.
Қаламымызға арқау болған кейіпкеріміз жастайынан қолына ине мен жіпті ермек еткен. Жамал тігін тігуді, кестелеуді, пішіп, оюды жас күнінде анасынан үйренгенін мақтанышпен айтады. Оның тұрмысқа қажетті бұйымдар, оның ішінде қыз жасауы, жапқыш, киім, мектеп формасы, шымылдырық, түрлі төсеніш, перде, қолорамал тағы басқа дүниелерді тігіп, осы салада еселі еңбек етіп келе жатқанына 6 жылдан аса уақыт болған. Бүгінде Жамал Төлебаеваның жасаған өнімдері ауыл, ауданға танылып, тіпті облыс орталығынан да сұраныс түсіп жатыр.
Ол жуырда мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, қайыры бар қайтарымсыз грантқа ие болды. Әрине оңай жолда нан қайда? Тынымсыз еңбектің арқасында бизнес жобасын комиссия мүшелерінің алдында қорғап, бөлінген қаржыға соңғы технологияға сай тігін машинасын алып, ертеректе бастау алған бизнесін дамытуға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта кәсібінің көкжиегі кеңейіп, тұрғындарды сапалы тауар өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Міне, қажырлы еңбек пен ізденістен бастау алған жобаның берері де мол екенінің айқын дәлелі осы.
– Иә, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың көмегі көп. Мысалы, өз жұмысын жақсы білетін жандар кәсіптің көзін тауып, одан әрі дөңгелетуге ерекше серпін береді. Жасыратыны жоқ нарық бағасы шарықтап тұрған шақта кәсібіңе қажетті заттарды алуға көлемді қаржы қажет. «Бастау-Бизнес» арқылы алған қаржы маған үлкен көмек болды. Тоқырауда тұрған кәсібім алға басып, бүгінде аядай ғана тігін цехымды ашып, ел игілігі үшін жасалып жатқан сапалы жұмысымды одан әрі жүргізудемін. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік деп білемін, – дейді кәсіпкер.
Қай саланы болсын дөңгелетуге адамның ептілігі қажет. Сүйікті ісін табысқа айналдырып, еңбекке етене жақын араласып, өзгеге қол жаймай, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген Жамал Төлебаева секілді жандар қашанда өзгелерге үлгі болуға лайық.
Дархан БАЙТІЛЕС