Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕЛДІҢ ЖӨНІН КІМ СҰРАЙДЫ?

ЖЕЛДІҢ ЖӨНІН КІМ СҰРАЙДЫ?

–Ұшты, ұшты не ұшты?
– Әрине, шатыр ұшты.
Жә-жә, әзілді кейінірек айтармыз. Әуелі, бірер күннен бері қызылордалықтардың зәре-құтын қашырған, екпіні секундына 28 ­метрге жеткен алапат жел жайлы әңгімелейік...
Иә, Сыр өңіріне табиғат апта бойы тосын мінез танытты. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөзді жақсы білетін жұртшылық биылғы көктемде жойқын желдің куәсі болды. Жасыратыны жоқ, Қызылорданың желіне етіміз әбден үйреністі десек те, кешегі дауылдың қарқыны қатты. Жойқын жел тіпті көптеген құрылыс нысандарына да кесірін тигізбей қоймады. Шаң мен желдің зардабын шиеліліктер де көрді.
Жұртшылықтың жұмыс істеуіне кедергісін келтірген күн райы әуелі жарықтың жиі сөнуінен басталды. Кейін жел тұрып, арты дауылға ұласты. Бұны қалыпты жағдай деп қабылдаған тұрғындар бастапқыда аса мән бере қоймады. Алайда, Шиеліде 31 наурыз сағат 20:00 шамасында басталған дауылдың екпіні жергілікті тұрғындардың зәресін алды. Ал сенбі-жексенбі күндері жел өз күшіне мініп, бірнеше нысандарға өз залалын келтіріп үлгерді. Тіпті жүз шақты үйдің шатыры, қақпасы құлап қара халықты тағы да үркітті. Ол ол ма? Алапат құйынның әсерінен аудан ішіндегі бірнеше мекемелердің шатыры ұшып, тұрғын үйлердің сыртқы келбеті бүлінді. Қатты желдің салдарынан бірқатар техникалар істен шықты, көшедегі жарық бағаналары құлап, сымдарының діңгегі босады.
Жарықтың сөнгенін былай қойғанда, кейбір тұрғындар жылусыз отырды. Оған әрине, ауа райының қолайсыздығы себеп. Өйткені қатты дауыл көптеген үйдің газ құбырларын ұшырып алып кеткен.
Соның салдарынан адамдар үйден шықпай, жылусыз отыруға мәжбүр болған. Бұдан бөлек желден көптеген жерлерге залал келген. Абырой болғанда аудан көлемінде адамдарға залал тимеді.
Желдің қатты болғаны сонша, тіпті бұл жағдайға жаңалықтар мен бұқаралық ақпарат құралдары да бей-жай қарамады. Әлеуметтік желі қолданушылары Қызылорданың желін бейнежазбаға түсіріп, желіге жүктеуге асықты. Оны көрген желі қолданушылары желдің Сырдария ауданы мен Шиеліде ерекше болғанын жарыса жазды. Бірі бұл алапат желді ақыр заманның бір белгісіне баласа, енді бірі бетіңді кептіріп, теріңді құрғататын табиғи құбылысқа қалыпты жағдаймен қарап, тек биыл желдің қатты болғандығын айтып, халықты сабырға шақырды. Желі қолданушыларының арасында шатырлардың құлап, қақпалардың қирауын, жарық бағаналарының істен шығуы мен көптеген нысандардың бұзылуына билікті кінәлайтындар да табылды. Олардың айтуынша, егер қираған, сынған, бүлінген мемлекеттік нысандар мен ғимараттар, сондай-ақ көшедегі жарық бағаналары дұрыс салынған болса, қатты дауылдың өзінен ешбір нысан бүлінбейді. Ал Асқар есімді аудан тұрғыны желі қолданушыларының сөзінде жан бар дейді. Есімін өзгертуді өтінген Асқар былай дейді:
– Мен аудан тұрғынымын. Қазақстанның азаматы ретінде өз ойымды еркін әрі ашық айтуға толықтай хақым бар. Туған жерімнің топырағы мен әрбір тасы мен үшін қымбат. Кешегі болған оқиға мені де елең еткізбей қоймады. Иә, Сыр елі шаңды, желді аймаққа жатады. Несін жасырамыз? Жел соғып, шаң бұрқырағанда маза-құтың қашып, берекеңді алады. Өздеріңіз білесіздер, кешегі алапат желдің салдарынан бірқатар нысандар мен балабақша шатырлары қирады, көшедегі жарық бағаналары құлады. Әрине, мұның барлығы – табиғи апаттан болған құбылыс. Алайда қанша дауыл соқса да мемлекеттік нысандар мен балабақшалардың, діңгек сымдарының құлауы олардың дұрыс салынбағанынан деп ойлаймын. Жуырда ғана бүкіл әлемнің жағасын ұстатқан Түркия мен Сириядағы зілзаланы бір естеріңізге алып көріңіздерші. Қызылордадағы кешегі жел бұлардың қасында ойнамай қалады емес пе? Десе де, «жаман айтпай, жақсы жоқ», жұмыс уақытында көшедегі бағаналар адамның үстіне түсіп, балабақшаның шатыры құласа, баланың өміріне кім жауап береді? .
Иә, Асқардың сөзінде жан, айтпағының астарында мән бар. Әрине, оны оқып, көңілге тоқитындар болса... Не десек те, пайдалануға берілген, халықтың игілігі үшін жұмыс істеп тұрған мемлекеттік нысандар қирамауға тиіс. Бәлкім қазынадан бөлінген қаражат тиімді жұмсалып, жөндеу жұмыстары жақсылап жүргізілсе, мықты ғимараттар көптеп бой көтерсе, ешқандай шатыр да, бағана да қирамас па еді, кім білсін? Ең бастысы «Апат айтып келмейді» деген сөзді естен шығармайық. Сақтанайық, сақ болайық!

Сымбат СҰЛТАН


07 сәуір 2023 ж. 257 0