ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Күріш, картоп, сәбіз секілді «аса бағалы» өнімдер тізіміне құрылыс материалдары да енуде. Біраздан бері тұтынушылар үй соғуға қажетті материалдар 2-3 есе қымбаттап кеткенін айтып та, жазып та жатыр. Соның ішінде арматура, швеллер стандартты профилі, темір бетон мен цемент бар.
Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын болат жайманың тоннасы 190-230 мың теңге болса, кейін 300-ге, 350-ге, содан соң 400-ге көтерілген. Қазір бағасы 480 мың төңірегінде. Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректер бойынша қалыңдығы 4 мм-ге дейінгі қаңылтыр болат 65 процентке, диаметрі 12-14 мм болатын А-I класындағы ыстық илектелген арматура 58,3 процентке, биіктігі 80 мм-ге дейінгі швеллер 35 процентке қымбаттаған.
Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын болат жайманың тоннасы 190-230 мың теңге болса, кейін 300-ге, 350-ге, содан соң 400-ге көтерілген. Қазір бағасы 480 мың төңірегінде. Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректер бойынша қалыңдығы 4 мм-ге дейінгі қаңылтыр болат 65 процентке, диаметрі 12-14 мм болатын А-I класындағы ыстық илектелген арматура 58,3 процентке, биіктігі 80 мм-ге дейінгі швеллер 35 процентке қымбаттаған.
Соның салдарынан болар, қазір үйдің де бағасы шарықтап тұр. Әсіресе жер үйдің бағасы аспандап кеткен. Кемінде 2 бөлмелі үй алу үшін 10 миллион теңгеңіз болуы керек. Ал жер үй сатып алсаңыз да, салсаңыз да орта есеппен 20 миллион теңге кетеді. Қазір қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің шаршы метрі 360 мың теңгеге дейін көтерілді. Баға қанша есе көтерілсе де, жұрт құрылыс материалдарын сатып алуға мәжбүр. Оның үстіне, тап қазіргі кезден бастап күзге дейін құрылыс тауарларының бағасы «ұшқаны ұшқан».
Анығында оларға ешкім бақылау жасай алмайды. Себебі қажетті құрылыс материалдарының 70 проценті сырттан келеді. Ең негізгілері Ресейден тасымалданады. Ал қазіргі таңда көрші елдің соғыс жағдайы, санкцияның салқыны бізге де тиіп отыр. Әлемдегі ең ұзын шекара – Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара. Екі елдің экономикалық байланысы біте қайнасқан. Сондықтан ол жақтағы геосаяси жағдайдың күрделілігі мен тұрақсыздығы бізге де әсер етпей қоймайды.
Қазіргі уақытта «өлетін» және ғасыр жасайтын мамандықтар туралы айтылып жүр. Сол ғасыр жасайтын мамандықтың тізімінде құрылысшы бар. Өйткені жаппай пандемия кезінде біраз сала тығырыққа тірелді. Біразы онлайн жұмыс істеуге мүжбүр болды. Ал жұмысы онлайн емес, офлайн ғана жүретін ол әрине, құрылыс саласы. Менде сол кезде қаламды тастап, қолға қалақ алғаным бар. Дәл қазіргі уақытта темірді де, ағашты да дәлдеп кесуді үйренгеніңіз ләзім. Неге десеңіз, бұл екеуінің бағасы бәрін басып озып тұр. Құрылысқа көп қолданатын арматураның тоннасы былтыр 410 мың теңге болатын. Биыл 455 мың теңгеден сатылып, бағасы 109 процентке көтерілген. Бағасының өсімімен одан кейінгі орынды бұрыштама темірлер (угольник) алды. Қоршауға, қақпа жасауға көбірек пайдаланылатын бұл темірдің тоннасы бір жылдың ішінде 485 мың теңгеден 549 мың теңгеге өсіпті. Ал темірлердің төресі труба қадалар. Олардың тоннасы 590 мың теңгеден 729 мың теңгеге шарықтап, өсімі 239 процентті құраған. Тұрғындар темірдің бұл түрлерін тот басуға үлгертпей, жаппай сатып алып жатыр.
Ал ағаштың жөні тіпті басқа. Бұрын үй салатын адам ерте қамданып, қыста алып қоятын. Себебі ол кезде арзандау болады. Биылғы қыс оның да пайдасы жоқ екенін көрсетті. Баға қыста «қатып» тұрады да, жазда көтеріле береді. Тіпті қыста сатылмайды да. Азбайтын тауар өз бәсін жоғалтқан емес. Ағаш сатушылар үшін қыста сатқаннан гөрі жазда өткізген тиімді. Қыс бойы аулаларын ағашқа толтырып, құрылыстың қызған кезінде нарықтың ең жоғары бағасына сата береді. Қазіргі таңда 1 текше метр ағаштың құны – 130 000 теңге.
«Қазақ байыса той жасайды, өзбек байыса үй салады» деген жұрт арасында әзіл бар. Бүгінде бұл әзіл орын алмастырған секілді. Қазір ауыл-ауылдарда құрылысты меңгерген жігіттер бастарын біріктіріп, бригада құрып, жұмыс істеп жүр.Ауылда екі қолға бір күрек іздеп, сенделіп жүрген жастардың саны да азайғанын аңғаруға болады.
– «Құрылысқа қажетті барлық құрал жабдықтар өзімізден. Тапсырыс берушімен бағасына келіссек болғаны. Одан кейінгі жұмыс пен құрылыстың сапасына өзіміз жауап береміз. Бізге үйдің толық сызбасы және өлшемі берілсе жеткілікті. Өзіміз әрі қарай жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, сапасына ерекше мән береміз. Өйткені қанша тұрғындардың сенім жүгін арқалау бізге үлкен міндет. Қанша қаржы жұмсап салып жатқан үйлерінің сапасы дұрыс болмаса, реніш туындайды. Біздің істеп жатқан жұмысымызға сын келеді. Мысалы, мен осы бригаданы ұйымдастырып, жұмыс жүргіземін. Мұндай ауыр жұмысты тоқтаусыз істеуге болмайды. Жігіттер де шаршайды. Сондықтан біз әр аптаның жексенбі күні міндетті түрде демаламыз, – деді дәнекерлеуші Ғалымжан Байниязов.
Ал еңбекақыға келер болсақ, құрылысшылармен сөйлесе келе, 14/15 өлшемді орташа үйдің іргетасын (фундаментін) 500 мың теңге жобасында қалайтынын білдік. Бұл баға қазіргі шарықтап тұрған нарық бағасына сәйкес өзгеріп отырады. Мысалы, өткен жылы орташа үйдің ірге тасын қалау жұмыстары 400-450 мың теңге болса, биыл 450-500 мың теңге аралығында екен. Иә, бұрындары көктем келіп күн жылынғаннан бастап, елімізге қарай ағылатын өзбек ағайындардың қарасы қалың еді. Шыны керек, сырттан келген өзбектерге тапсырысты да, шарықтаған бағаны да өзіміздің қазекеңдер қоятын. Өзбек ағайындардың екі айдың ішінде бір үйді өріп, ішкі сыртқы жұмыстарын толықтай бітіріп бергенімен, олардың салған үйлері көп ұзамай іргетасы (фундаменті) жарылып, үй қабырғасының бөлінуі белең алды. Байқасаңыздар, көршілес өзбек ағайындардың сапасыз салған құрылыстарына қарағанда өзіміздің құрылыстан хабары бар жігіттердің жұмыстары әлдеқайда сапалы шығып жүр.
Дархан Байтілес