Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытты отбасы атану үшін баспана ғана жетіспейді

Бақытты отбасы атану үшін баспана ғана жетіспейді

Қазақстанда баспана рекордтық деңгейде қымбаттап кетті. бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеп отыр. Бір қызығы, бұл тек 20 ақпандағы деректер.
Бюро мәліметтеріне сенсек, жыл басталғалы шаршы метрдің құны бірден 5,5 процент өскен, бұл кейінгі сегіз жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды. Сонымен қатар жаңа ғимараттарда өсім – 0,4 процент болған. Бәрінен бұрын Нұр-Сұлтандағы қайталама жылжымайтын мүлік бағасы 10 процентке жуық өскен. Мұнда орташа шаршы метрі 590 мың теңге тұрады. Баға динамикасы ­бойын­­ша Атырау мен Талдықорған да антилидер болып отыр. Алматыда пәтерлер шамамен, үш процентке қымбаттаған. Ал біздің Қызылорда облысында кірпіші қаланғанына 15 жылдан аспаған 3 бөлмелі пәтердің шаршы метрінің бағасы орташа есеппен 215 мың теңгеге жуық. Ал жаңа саналатын, яғни бой көтергеніне 5 жылдан аспаған 2-3 бөлмелі пәтерлердің бағасы 10 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін жетіп жығылады.
«Бақытты отбасын құрайын десем бас­панам жоқ», «Баспанам жоқтығынан ба білмеймін?»,«Бүгін әйелім әйтеуір ешбір бастамамды қоштаған жоқ». Бүгінде жаңадан шаңырақ құрып, бір үйдің отағасы атанған ер азаматтардың көбінің жан айқайы осыған саяды. Ал олардың осы әңгімесін естіген, үйленбекке ниеті бар бозбалалардың беті қайтып, жүрегі шайылып қалатыны тағы бар. Осы тұста мемлекет қоштап, сала мамандары жан-жақты саралай отырып қабылдаған, «Отбасы банк» арқылы рәсімдеуге болатын тұрғын үй бағдарламаларына тоқталайық.

Нұрланған әлемді баспанасыз мекендеуге мәжбүрміз
Алғашқысы «Нұрлы жер» бағдарламасы. Отбасы банкінің сайтында «бағдарлама көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған» деп айтылған. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5 процент, бастапқы жарна 20%-тен басталады, бағдарламаға қатысатын үйлердің 1 ш.м бағасы Қызылорда облысында 160 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, ал несие мерзімі максималды түрде 25 жыл. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптардың бірінде соңғы 6 айда отбасының жалпы табысы, оның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген шамасына тең болуы керектігі айтылған. Демек, биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың теңге шамасында болса, оның 3,7 еселенген мөлшері 133 мың теңгеден асады деген сөз. Яғни бағдарлама талабына сәйкес, 4 адам тұратын отбасының жалпы табысы 532 мың теңгеден асуы тиіс. Мүмкін емес, бірақ шындық!

«Өз үйім»
Ал енді «Өз үйім» бағдарламасынан өз үйін алу жолы қалай? Ең төменгі бастапқы жарна – 20 процент, 1 шаршы метр үшін баға 130 мыңмен 160 мың теңге аралығында, жылдық мөлшерлеме – 7 процент, ал заем соммасы 90 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Таңдалып алынған заем түріне байланысты несиені 6 айдан 25 жылға дейін рәсімдей аласыз. Бағдарлама шартына сәйкес оған қатысушының «Отбасы» банкінде 3 жыл бұрын ашылған есепшоты, әрі бағдарламасына қатысу туралы өтініш берген сәтте шоттарында кем дегенде 500 000 теңге ақшалай қаражаты болуы тиіс. Кейіннен баспана құнының 20 процентін өз есепшотына жинақтаған сәтте пәтер алуға өтініш беріп, бағдарламаға қатысушы пәтерлер ішінен өзіне ұнағанын таңдауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, аталған бағдарламада салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы тексерілмейді, әрі оның үй сатып алатын жерде тіркеуде тұруы да міндетті емес. Бір байқағанымыз аталған мемлекеттік бағдарламаларда елімізде төмен және орта тап өкілдерінің әлеуметтік жағдайы мүлде ескерілмегенін көрсетеді.

Рамазан ӘНӘПИЯ
12 наурыз 2022 ж. 309 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031