Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспана сатып алатын уақыт

Баспана сатып алатын уақыт

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы өкілдері Қазақстанда бір жылда жылжымайтын мүлік қаншаға қымбаттағанын айтты. Бір қызығы, көш басында Қызылорда облысы тұр.
Ұлттық статистика бюросы өкілдерінің сөзінше, 2021 жылдың маусым айы мен биылғы жылдың маусымы аралығында екінші нарықтағы пәтер бағасы 26,8 жаңа тұрғын үйлер 19,5 процент қымбаттаған. Ал тұрғын үйді жалға алу ақысы 21 процентке дейін өскен. Қайталама тұрғын үй нарығында баға өсімі бойынша өңірлер арасында 46,7 процентпен Қызылорда облысы, жалға берілетін тұрғын үйлер нарғындағы өсім бойынша 48,3 процентпен Алматы ­облысы көш бастап тұр.
Сарапшылардың айтуынша, баға өскенімен, сатып алу мен сату үшін жасалатын келісім шарттар 22 процентке азайған. Соған қарамастан тұрғын үйдің бағасы өсіп отыр. Баға өсімін Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсрепов былай түсіндірді:
– Елімізде жылжымайтын мүлік бағасының өсімі қолдан жасалған қымбатшылық пен жастарға арналған «төмен пайызды тұрғын-үй несиесі бағдарламасының» іске қосылуынан туындап отыр. Сондай-ақ теңге бағасының құлдырауы да айтарлықтай зиянын тигізуде. Дегенмен жарнама сайттарында көрсетілген бағалар көп жағдайда шындыққа сәйкес келе бермейді. Менің ойымша, дәл осы уақыт үй сатып алу үшін қолайлы уақыт. Себебі ұсыныс көп болғанымен сұраныс аз. Сондықтан сау­даласа білсеңіз, тұрғын үйдің бағасын төмендетіп сатып алуыңыз әбден мүмкін.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
12 шілде 2022 ж. 305 0