Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛТЫМ – САНАМ, ДӘСТҮРІМ – ДӘУЛЕТІМ

САЛТЫМ – САНАМ, ДӘСТҮРІМ – ДӘУЛЕТІМ

Халқымыз ұлт бойындағы озық мәдениет пен берік қасиеттерді ғасырдан ғасырға салт-дәстүрмен жалғап отырған. Салт-дәстүрі мықты елдің тұғыры да биік болары белгілі. Сол үшін де бүгін мен болашақтың алдында тұрған ізгілікті мұрат – осы бір сан ғасырлық тарихы бар саф мұраны бабалардан қалған асыл аманат ретінде жаңғырта алу.
Дәл осы тақырыпты арқау еткен мерекелік жиын жұма күні Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде өтті. «Салтым – санам, дәстүрім – дәулетім» деп аталатын шара Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтуге арналған. Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, уызы иіп, жаңа жылдың жерге түсетін күнінде халқымыздың бойына сіңген салт-дәстүрлерін насихаттап, ұлттық ойындар ойнау айтулы мерекенің сәнін келтіре түсетіні хақ. Аталған келелі кешке жиналғандар да терең тарихымыздың тармағында қалыптасқан салт-дәстүрлердің керемет көрінісіне куә болып кетті.
Атап айтсақ, наурыз әуендері аясында шымылдығы ашылған мерекелік шара бейнесі жазиралы даласы ән мен жырдан арылмаған қазақтың тұрмыс-тынысынан көрініс береді. Бұған дәлел – ашық алаңда күрескен бозбалалар, алтыбақан тепкен бойжеткендер, киіз үй алдына жиналған ақсақалдар мен ақ жаулықтылар және той болса, апталап сауық-сайран құратын бір ауылдың тұрғындары. Шара барысында бүгінге белгілі рәсімдердің «Қыз ұзату», оның ішінде «Отқа май құйғызу», «Сырға салу», сонымен қатар «Келін түсіру», «Бесікке салу» сияқты түрлері сахналанды. Жиылған жұрт әуелі шашу шашып, құдаларды қарсы алса, жеңгелер тіл-көзден аман болсын деген ниетпен күйеу баланы отқа май құйдырып, аластайды. Бұдан кейін бойжеткенге сырға салып, өмір жолы ақ болсын деп, ақ мата төсеп, жаңа мекеніне шығарып салады. «Беташар», «Бесік той» сияқты рәсімдер де шет қалған жоқ. Ұлыстың ұлы күнімен қатар болған думанды той қариялардың ақ батасымен, әз-Наурыздағы ізгі тілектермен, әуезді ән шашулармен жалғасын тапты.
Жаны нұрлы, көңілі дархан қазақ халқы ықылым замандардан-ақ салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды асыл қоймасындай сақтап келген. Ел өмірімен біте қайнасып кеткен осынау рухани азықты адамзаттық асыл қасиетіміздей көрсек, мәдениетіміздің жоғары көрінісін көрсеткен болар еді.

Таслима ӘЛІШЕР
21 наурыз 2023 ж. 255 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930