ТУБЕРКУЛЕЗ ҚАУІПТІ ДЕРТ
Туберкулез – жұқпалы және өте қауіпті кесел. Ол «туберкулез микробактериялары» деп аталатын бактерияларды туындатады. Бұл дерттен адамның барлық мүшелері, көбіне өкпесі зақымдалады.
Белгілері
Туберкулездің белгілері организмнің онымен зақымданған ағзасына байланысты. Өкпе туберкулезінің белгісі – екі аптадан аса уақытқа созылатын жөтел. Жөтелден адам қақырық бөледі, кейде қан түкіреді. Басқа да жиі кездесетін белгілері: қызудың көтерілуі, түнгі тершеңдік, тәбет жоғалту, салмақ тастау, жалпы әлсіздік, тез шаршау. Осы айтылған белгілер байқалған жағдайда, өз қалауыңыз бойынша бекітілген, тұрғылықты мекенжайыңыздағы емханаға дереу қаралуыңыз қажет. Туберкулезге тексерілу микроскопиялық және туберкулез микобактериясына, молекулалық-генетикалық әдістерді жүргізу, сонымен қатар рентгенологиялық тексерулер жүргізу тегін.
Қалай таралады?
Негізінен өкпе туберкулезінің ашық түріне шалдыққан науқас адам Инфекцияның негізгі таратушысы болып табылады. Тыныс алғанда тамшылар іспеттес таяқшалар адам өкпесіне енеді, сондықтан ауруды осындай жолмен жұқтыру ауа жолымен жұқтыру деп аталады. Егер иммунитет мықты болса, организмге түскен микобактериялар дерт тудырмайды. Біз тыныс алатын ауа бәріне ортақ болғандықтан, туберкулез микобактерияларын жұқтырудан ешкімге ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан кез келген дені сау адам туберкулез микобактериясын жұқтыруы мүмкін. Алайда туберкулез микобактерияларын бөлетін науқаспен қатынаста болған адамдардың бәрі бірдей дертке шалдыға бермейді. Науқас туберкулез қоздырғыштарын неғұрлым ұзақ уақыт бөлген сайын туберкулезге шалдығу қаупі күшейе түседі. Науқастың отбасындағы адамдар, достары, әріптестері үшін туберкулез жұқтыру қаупі басым. Ол науқаспен қол алысқанда, онымен ортақ ыдыс-аяқ пайдаланғанда жұқпайды. Өкпеден тыс туберкулез түріне шалдыққан науқастар айналасындағы адамдарға ауру жұқтырмайды, қауіп төндірмейді.
Ауру жиілігі
Әлем халқының 1/3 бөлігі туберкулез микобактерияларын жұқтырған. Оның ішінде олардың 8-10 миллионы жыл сайын туберкулезбен сырқаттанады, 1,5-2 миллионға дейін адам көз жұмады. Қазақстанда жыл сайын 12 мыңнан астам адам осы ауруға шалдығады. Ал Шиелі ауданында өткен жылы 32 аурушаңдық белгілері анықталса, сырқаттылық деңгейі 78-ге жетті. Ал туберкулезден қайтыс болған адамдар тіркелмеген. Десе де бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі азайғанымен сырқаттылық көрсеткіші артып отыр. Туберкулезбен әрбір адам, оның әлеуметтік мәртебесіне, хал-ауқатына қарамастан шалдығуы мүмкін.
Түбегейлі айығып кету мүмкін бе?
Бұл дерт барлық уақытта емделеді. Бұл үшін дәрігер фтизиатрдың белгілеген емдеу курсын толығымен аяқтау қажет. Ол 6 айдан 8 айға дейін созылуы мүмкін. Көп жағдайда туберкулезбен халық арасында әлсіз адамдар ауырады. Олардың денін білімі төмен, жұмыс істемейтін, бірақ жұмысқа қабілетті 18 бен 45 аралығындағы жастар мен жасамыстар құрайды. Туберкулездің белгілері: салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауыру сезімі, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі. Туберкулездің емі ақысыз жүргізіледі. Ең бастысы,туберкулез – жазылатын ауру. Спандияр Абдиров, Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің жетекші маманы