Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкеге деген сағыныш

Әкеге деген сағыныш

Дүниеден озғанына 25 жыл болса да, күнде есігімізден балаларым қалайсыңдар деп, әкеміз Райымбек күлімдеп кіріп келе жатқандай күй кешеміз. Сарғайған сағыныш табы ма, әлі де суымаған балалық махаббат па, әлде мына тіршілікте арқа сүйер адам іздедік пе, әйтеуір бізге бірнәрсе жетіспей жатады. Әке мен ананың қадірін көзі тірісінде білдік пе білмедік пе? Оны да аңғармадық. Олардың қадір-қасиетін, отбасының тірегі, шаңырақтың алтын діңгегі екенін уақытында сезбеппіз, түсіне алмаппыз. Тек басымызды қырау шалғанда ғана армандадық. Есейген шағымызда еске алып, толғанысқа түсіп, тұңғиық ойға батып, әкемізді аңсап, кеудемізді сағыныш кернеп, жүрегіміз елжіреп, жанарымыз жасқа толып, еңкілдеп жылап алғымыз келіп тұрады. Иә, әкеміз тірі болғанда биыл 80 жылдык мерейтойы тойланар еді.
Әкеміз Райымбек Нұртазаұлы – 1943 жылдың 2 қаңтарында Сұлутөбе ауылына қарасты 1-ші Мамыр бөлімшесінде дүниеге келген. Екі жасында анасынан, он жасында әкесінен айырылып, Қызылордада тұратын ағасы Рай мен жеңгесі әрі анасы болған Рахиланың қолында тәрбиеленіп, сонда орта мектепті бітіреді. Еңбек жолын ағаш шебері болып бастаған ол әскер қатарында жүріп, коммунистік партия қатарына өтеді. 1968 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумын қаржыгер мамандығы бойынша үздік бітіріп, Қызылорда облыстық қаржы бөліміне аға экономист болып қызметке тұрады. Семейде жүріп анамыз Бақтылыға үйленеді. Техникум қабырғасында және қаржы бөлімінде мұғалімдер мен басшылардың берген тапсырмасын уақытылы орындап, қызметтестерімен жақсы қарым-қатынаста болып және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрді. 1971-1977 жылдар аралығында Ташкент халық шаруашылығы институтында қаржы және несие мамандығы бойынша сырттай білім алады. Облыстық қаржы бөлімінің басшылары жас маманның білімін, іскерлік қабілеттілігін, адалдығы мен еңбекқорлығын, адам баласымен тез тіл табыса білетіндігін бағалап жаңа қызметке Шиелі ауданына жібереді. Әкеміз алдымен 1975-1979 жылдар аралығында Шиелі аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. Осы қызметін жалғастырып, үлгілі еңбегінің арқасында 1979-1998 жылдар аралығында 19 жыл Шиелі аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілігін мінсіз атқарып, ұжымда үлкен абыройға ие болды. Оның ұзақ жылғы ерен еңбегі еленіп, СССР қаржы саласының үздігі атанады. Өзінің жарқын көңілімен сол уақыттағы облыс, ­аудан, бөлім, мекеме, колхоз, совхоз басшыларымен тығыз байланыста жұмыс істеген, ол – аудан халқының құрметті де сыйлы мекеме бастығының біріне айналды. Бірнеше жыл аудандық партия комитетінің бюро, аудандық кеңес атқару комитетінің мүшесі, халық депутаттарының аудандық, поселкелік кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол сол кездегі облыс аудан басшыларының алдына жұмыс барысында қойған мәселелерді шешуге адалдығы мен айқындылығы, адамға деген қамқорлығы, тиянақтылығы, өз ойын жеткізе алатындығы, жалпы қаржы саласының майталман маманы ретінде жоғары бағаланатын. Көп ұлтты ұжымға жақсы басшы, жастарға ұстаз бола білді. Әкеміз өз кезегінде ағайынмен, бірге жүрген жора жолдас құрбы-құрдастардың ортасында да сыйлы еді. Сонымен қатар жанұяда үлкен жүректі азамат, қызметте абыройлы, бір адам баласына ауыр сөйлемейтін. Ол ­аудан халқына адал қызмет ете білді. ­Райымбек Нұртазаұлы Шиелі аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп 1998 жылы 19 наурызда дүниеден өткенде небәрі 55 жастағы ел ағасы екен.
Әкемізбен бірге қызметте болған әріптестерінің көбісі бүгінде дүниеден өтсе, біразы бейнетінің зейнетін көріп отырған жандар. Ал тәлім-тәрбиесін алған орта буын өкілдері мен жастар қауымы қазіргі уақытта үлкен қызметтерді атқарып жүр. Шиелі ауданының экономикасы, мәдениеті мен әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосқан ­Райымбек Нұртазаұлындай азаматты ардақтап, есімін ел ісінен өшірмеу қажет.
Осы жоғарыдағы айтылған әкеміз жайлы әңгімені түйіндей келе, Шиелі ауданының құрылғанына 95 жылдык мерейтойына орай және әлеуметтік-экономикалық ­дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып, қаржы саласын ұзақ жыл басқарған кезеңдегі еңбегі еленіп, кент орталығынан көше аты берілсе екен дейміз.

Қайрат НҰРТАЗАЕВ
13 наурыз 2023 ж. 627 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930