Шырайлымның шағын кәсібі
«Еңбектiң көзiн тапқан, байлықтың өзiн табады» деген көне тәмсiл тұғырынан еш тайған емес. Бейбіт қоғамда бейнетшіл адамға баюға барлық жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түліктің соңына түссеңіз де, кәсіп ашып нәпақа табамын десеңіз де ешкім бетіңізден қақпайды. Тек бойыңыздағы жалқаулықты жеңіп, жоспарлы жұмыс істесеңіз болғаны. Қайта адал еңбек адамды нұрландыра түседi.
Киелі Шиеліде еңбекке епті, қоғамға септігін тигізіп жүрген азаматтар көп. Сондай ізденімпаз және еңбекқор жанның бірі – Шырайлым Мадиярова декреттік демалыста қол қусырып отырмай, жаңа дүниені меңгерген. Ол алды-артын бағамдап, шығыны мен кірісін есептеп, қиналмастан үйінде отырып-ақ ерекше іске білек сыбана кірісіпті.
Киелі Шиеліде еңбекке епті, қоғамға септігін тигізіп жүрген азаматтар көп. Сондай ізденімпаз және еңбекқор жанның бірі – Шырайлым Мадиярова декреттік демалыста қол қусырып отырмай, жаңа дүниені меңгерген. Ол алды-артын бағамдап, шығыны мен кірісін есептеп, қиналмастан үйінде отырып-ақ ерекше іске білек сыбана кірісіпті.
Бүгінде хит болған «Шоколадты құлпынайдың» дәмін татып көрген боларсыз? Бұл жай ғана қып-қызыл жидек емес, шоколадқа малынған, қорапқа салынған, өте әдемі орамадағы құлпынай. Кәсіптің бұл түрі енді ғана жанданып келе жатқандықтан, ауданнан табыла бермейтін. Мұны ескерген кейіпкеріміз дәл осы бизнесті үйреніп, дөңгелетіп отыр. Біз де елден қалмайық деп, «шоколадты құлпынайға» тапсырыс беріп, дәмін де таттық. Онсызда дәмі тіл үйірер құлпынай шоколадпен қапталғанда тіптен ерекше болады екен.
– Қазіргі уақытта кент тұрғындарына балғын құлпынайдың жоғарғы сұрпы мен шоколадтың қосындысынан жасалған керемет дүниені ұсынып отырмын. Әр бизнестің өз қызығы мен шыжығы бар. Сол сияқты бұл құлпынайдың да өзіне тән машақаты жетерлік. Шоколадқа құлпынай салынады, оның несі қиын деуі де мүмкін. Бірақ шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникалары шамалы білімді қажет етеді. Мұны арнайы марафоннан меңгердім. Қажетті құлпынайды сатып алғанда әрдайым балғын түрін таңдаймын. Сондай-ақ шоколадты құлпынайды алдын ала жасап қоймаймын. Өйткені оның сақталу мерзімі – 24 сағат. Тапсырыс берушінің қажет уақытына қарай арнайы жасап беремін және оны тұтынушыға да ескертіп отырамын, – дейді ол.
Шырайлым Даниярқызы тек қана «шоколадты құлпынай» ғана емес, құрғақ жемістен түрлі сыйлықтар да жасайды. Қаптамаға оралған тәттілерін инстаграм арқылы саудалап көрген ол, бұл кәсіптің қолынан келетіндігіне көз жеткізеді. Өзі бұл істі ұршықша иіріп әкететініне шүбәсіз сеніп, табысты іспен тұрақты шұғылдануды көздейді.
– Иә, нәзік жандар қашанда гүлге құмар. Өкінішке қарай бағасы қалтаны көтермейді. Көтерсе де, арнайылап алған гүл шоқтарыңыз 2-3 күнде солып қалады. Ал осындай кезде құрғақ жемістерден жасалған сыйлық таптырмас дүние, – дейді ол.
Шырайлым тынымсыз еңбек табыссыз қалмайтынына сенімді. Ол кездескен қиындықтарға мойымағанының арқасында ауданда дами қоймаған кәсіптің берекесін көріп отыр. Тұтынушылардың разылығы оны одан сайын шабыттандыра түсетінін айтады.
– Әрине, кез келген істің өзіне тән қиындығы болады. Алғашында тауарымды жарнамалау қиындық тудырды. Бірақ ойға алған бастапқы мақсат орындалып сұраныс уақыт өте арта бастады. Менің құрғақ жемісті гүлдерімді сыйлыққа алған әрбір клиентім міндетті түрде «уау» дейтіндей эмоцияда болады. Бір рет сатып алған клиенттерім бірнеше рет тапсырыс беріп жүр. Себебі мен тек жоғары сұрыпты кептірілген жемістерді қолданамын, – дейді жас кәсіпкер.
Қазір өз кәсібін бастағысы келетін жанға еш кедергі жоқ. Қайта қолдаудың түрі көп. Осы тұста Шырайлым Мадиярова да замандастарын қолда бар ресурстармен жұмыс істеп, кәсіп бастауға шақырды.
– Қазір инфобизнестің дамып тұрған шағында, мен секілді декреттік демалыста отырған аналарға нөлден бастап кететін істің қыр-сырын көрсету мақсатында арнайы курс жасап шығару ойымда бар. Қазір интернет арқылы өніміңізді сатып, мүмкіндігіңізбен еңбегіңізге қарай пайда табуға болады. Менде соны әрмен қарай кәсіп ашқысы келетіндерге үйреткім келеді. Жеке кәсіпті жүргіземін деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Себебі біздің заман үйден шықпай дүкен аралап, мейрамхананың тамағын жеп, ұнатқан киіміңді киетін заман. Кәсіп бастағысы келетіндерге тек алға деймін. Өте ерекше, денсаулыққа пайдалы букет, дәмі тіл үйіретін «шоколадты құлпынай» іздесеңіз, @daratai_dan парақшасын оқи жүріңіздер, – дейді ол.
«Еңбек атаулының бәрі де бағалы. Өйткені ол адамды ізгілендіреді» деген бар. Иә, адал еңбекке ештеңе жетпейді. Әсіресе, өз бетімен тірлігін түзеп, бейнетінің зейнетін көрген бір ғанибет. Сіз де ізгі жандардың қатарынан болғыңыз келсе, жантайып жатпай, бел бүгіп, балақ түріп, іске кірісіңіз.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ