СУ БАР ЖЕРДЕ ЫРЫС БАР
Қай заманда да сусыз тіршілік болмаған. Қандай жаратылыс болсын, жер бетіндегі сан мыңдаған адам баласы да сол бір тамшы сумен нәрленеді. Сол себепті де дана халқымыз судың қадірін ұғынып, мейлінше оны ысырап етпеуді, дұрыс пайдалануды үйретіп, «Су – тіршілік көзі», «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қанатты сөздерімен ұрпақтарын тәрбиелеп отырған.
Жалпы жердің 77,5 проценті судан тұрады. Осыншама көп судың өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы мен күнделікті тұрмыстық қажеттілікке жарамдысы өзен, көл және жер асты тұщы сулары ғана екен. Олардың қоры бүкіл гидросферадағы судың тек 1 процентін құрайды. Енді осы суды қаншалықты дұрыс пайдаланып жүрміз? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауызсудың 100-ден астам сапалық көрсеткішін ұсынған. Ал елімізде ауызсу сапасы бойынша 30 міндетті көрсеткіш анықталып отыр.
Жалпы жердің 77,5 проценті судан тұрады. Осыншама көп судың өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы мен күнделікті тұрмыстық қажеттілікке жарамдысы өзен, көл және жер асты тұщы сулары ғана екен. Олардың қоры бүкіл гидросферадағы судың тек 1 процентін құрайды. Енді осы суды қаншалықты дұрыс пайдаланып жүрміз? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауызсудың 100-ден астам сапалық көрсеткішін ұсынған. Ал елімізде ауызсу сапасы бойынша 30 міндетті көрсеткіш анықталып отыр.
Су бассейнінің ластануының негізгі себептері – тазартылмаған ағын суларды өзен-көлдерге жіберу. Бұл олқылықтардың басында – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтар, түрлі өнеркәсіп орындары, ауыл шаруашылығын химияландыру және халық шаруашылығының басқа да салалары тұрғанын айтады мамандар.
Шиелі ауданындағы ауызсудың жағдайы қандай? Бүгінде ауданды ауызсумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның нәтижесінде шалғай жатқан кейбір елді мекендерге өркениеттің игілігі жетті. Айталық, ауданда 34 елді мекеннің 88 проценті, яғни 85 мыңнан астам тұрғынның 98 проценті тіршілік нәрімен қамтылған. Оның ішінде 23 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылса, 7 елді мекен жергілікті су көздері арқылы қамтылған. Ал «Ақтам», «Қызылқайың» және «Қосүйеңкі» ауылдарын ауызумен қамту үшін 752 млн теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылмақ.
Жалпы кенттің өзінде ауызсу құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 121,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде таратушы су құбыры желілері – 90,2 шақырым. Ауылдық елді мекендерде 118,6 шақырым ішкі су құбыры қайта жаңғыртылған. Қазіргі таңда ауызсуды аудан халқының 64 проценті Жиделі топтық су құбырынан, 31,8 проценті жергілікті ұңғымадан, қалған 4,2 проценті бұлақ көздерінен пайдалануда.
Енді сол таза ауызсудың қадірін біліп жүрміз бе? Қазір қай ауылға бармаңыз есігінің алды тұрмақ үй ішінде сарқырап ағып тұрған таза суды көресіз. Бұл да болса мемлекеттің ел игілігі үшін істеп жатқан игі істері деп білеміз. Кейде қолымыз жеткен дүниеге тоқмейілсіп кететініміз бар. Сол әдетімізге салып ысырап етіп те жатамыз. Ислам дінінің өзінде дәрет судың өзін дұрыс пайдалануға үгіттейтін болса, таза ауызсуды одан да артық үнемдеп пайдалансақ, елімізге тигізген көмегіміз болар еді. Бүгінгі күні мемлекеттік «Ақ бұлақ» ауызсу бағдарламасы бойынша шалғай ауылдық елді мекендерге су тартылып талай отбасы еш қиналмай пайдаланып отыр. Бірақ кейде суды пайдалануда тұрғындардың салақтығын байқаймыз. Бұрын күнделікті қолданыс суларын арнайы қоймаларда сақтап отыратын кісілер, қазір бір ғана шүріппемен басқарылатын құрылғыны дұрыс пайдаланбайды. Далаға ағызып, аяқсулары болса да егістік, мал суарып жатады. Алдыңғы тасымалданып келетін ауызсудан әлдеқайда бағасы төмен тұратын қазіргі таза ауызсудың ақшасын уақытылы бермейтіндер де баршылық. Ел болып осындай кемшін тұстарымызды түзеп отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ «Қайғысыз ішкен қара суым артық» деген. Сол қайғысыз келіп жатқан таза суымызға қиянат жасамасақ екен. Сондықтан ас суымызды қадірлеп, әрбір тамшысының бағасын бағалай білейік, ағайын!
P.S.: «Судың да сұрауы бар» деген дана халқымыз. Осы сөзді еліміздегі әр жеке тұлға, қандай да бір мекеме басшылары болсын өздеріне өнеге етіп алса екен дейміз. Өйткені өз табиғи құндылықтарымызды қорғау, келешек ұрпақты таза ауызсумен қамтамасыз ету бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі екені сөзсіз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА