БАЛАНЫҢ ТІСІ АУЫРМАСЫН ДЕСЕК...
Денсаулық сақтау ұйымының айтуынша әлемде 1,5 млрд бала тіс жегі ауруларынан зардап шегетін көрінеді. Миға жақын орналасқан тіс ауруымен әсіресе мектеп жасындағы балалар ауырады. Ауданда тіс жегі құртымен ауыратын балалардың саны аз емес. Мұндайда мектеп оқушылары педиатриялық дәрігердің көмегіне жүгінеді. Өңірде тіс емдейтін клиникалардың жылдан жылға көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Олардың барлығы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тісін тегін емдейді. Солардың бірі – «Alma dent» емханасы.
Бұл емхана қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп, аудандағы барша балалардың саулығы үшін нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Біз жуырда аталған тіс емханасының жұмысымен танысып қайтқан едік.
Бұл емхана қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп, аудандағы барша балалардың саулығы үшін нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Біз жуырда аталған тіс емханасының жұмысымен танысып қайтқан едік.
Аудан орталығының ортасынан қанат жайған емхананың ата-ана мен балалар үшін алар орны ерекше. Неге десеңіз, тісі ауырған балалардың барлығы бірден осы жерге келіп, тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеді. Бұл емханаға 3 жастан бастап, мектеп жасындағы балалар мен ересектер келіп емделе алады. Мұндағы дәрігерлер әрбір науқастың денсаулығына ерекше назар аудара отырып, тіс жегіннің сау болуын мұқият қадағалайды.
Ауданда тіс ауруынан зардап шегіп жатқан мыңдаған науқас бар. Олардың 60 проценті кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Бас пен мидың тамырларына тікелей әсер ететін тіс ауруы жүйке жүйесі ауруларына шалдықтырады. Әсіресе сүт тістері енді шығып келе жатқан балаларда тіс қабынуы жиі пайда болады. Ал орта жастағы балаларда ең көп тараған ауру түрі – тісжегі (кариес), одан кейін – тіс ұлпасының қабынуы (пульпит), тіс түбірінің қабынуы (периодонтит), қызыл иек тіндерінің қабынуы (парадонтез). Бұл дерт жасқа да егде тартқандарға да ортақ. Тіс түбіріне ірің түссе, сол іріңді дереу жұлып тастау керек. Әйтпесе, іріңді ошақ жүрекке, бүйрекке әсер етіп, басқа дерттерді қоздырады. Ағзаның қорғаныш қабілетін әлсіретеді. Бірақ көптеген ата-аналар баласының тісі ауырып, мазасы қашса, бірден жұлып тастауды дұрыс деп санайды. Бұл дұрыс емес. Егер сүт түстері зақымданып, шіріген болса ғана, онда оны жұлуға болады.
«Alma dent» емдеу емханасының директоры, Дүйсенкүл Тәжікованың айтуынша, ауыз қуысының қабынуын елемеген жағдайда флегмонаға алып келуі мүмкін. Бұл адам өміріне қауіпті. «Сондықтан тіс ауруларын алдын алып, дәрігермен кеңесіп тұрған абзал», – дейді.
– Қазір балалар арасында тіс жегіден зардап шегетіндер көбейген. Мұның басты себебі аудандағы су тазалығы процентінің төмен болуы. Судағы антибактериалардың салдарынан тіске кальций, фтор жетіспейді. Ағзаға дұрыс дәруменнің жетіспеуінен тіс жегі өте әлсіз болып келеді. Оған қоса өңірдегі уранның, экологияның нашарлығының салдарынан тіс жегі тез нашарлап кетеді. Тістің ауруы әлемдік проблема болып отырғандықтан, онымен күресу де оңай емес. Сол үшін әр адам өзінен бастап тіске дұрыс күтім жасап үйрену қажет. Мұндайда ата-ананың баласына деген ақылы маңызды рөл атқарады. Бір ауданның өзінде қазір мыңдаған баланың тісінде мәселелер жетерлік. Мәселен, біздің емханаға күн сайын көптеген оқушы тісін емдетуге келеді. Келушілердің ішінде ауруын асқындырып алғандары да кездеседі. Тіс пен ми тікелей байланысты болғандықтан біз барлығына баса назар аударуға тырысамыз. Ал асқынған тістерді ең әуелі рентген арқылы тексерістен өткіземіз. Бізге баланың саулығынан асқан маңызды ештеңе жоқ. Сондықтан әрбір бала өз тісіне қазірден күтім жасап, тіс тазалау гигиенасын сақтауға кеңес береміз, – деді дәрігер.
Егер баланың саулығын ойласаңыздар тісті тәулігіне екі рет, таңертең және жатар алдында міндетті түрде жуу қажет. Бұл ретте тіс тазалауға арналған тіс пастасының да маңызын айта кеткен жөн. Ата-аналар көп жағдайда баласына дүкенде сатылатын қарапайым тіс пастасын алып бере салады. Негізінде балаға дәріханаларда сатылатын түрлі шөп-дәрілерден жасалған тіс пастасы тиімдірек болады.
Ал мамандардың айтуынша, аптасына бір рет ауыз қуысын тексеріп отырған жөн. Алты жастан бастап баланың ауыз қуысындағы тілдердің саулығы тістің тазалығымен тікелей байланысты. Бала 7 жасқа толғанда тұрақты тістер пайда болып, уақытша тістер түсе бастайды. Ал 12 жаста тұрақты тістердің барлығы шығып болады. Осы уақытта тіс сау болмаса, ауыз қуысы бұзылады. 15 жаста тұрақты тістердің түбірі қатаяды. Егер осы кезде жақтың тістесуі дұрыс болмаса, жақ сүйегі бұзылып, өспей қалуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, жақ сүйектің аумағындағы өсінділер 23-25 жасқа дейін өсіп, тұрақталады. Сондықтан баланы жылына екі рет тіс дәрігеріне қарату керек. Егер бала жүйке, жүрек, омыртқа ауруларына шалдыққан болса, жылына үш рет тіс дәрігеріне апарған жөн. Мәселен, төменгі самай буыны омыртқа ауруымен тікелей байланысты екен.
Сымбат СҰЛТАН