Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күмістей күлкі, маржандай тіс

Күмістей күлкі, маржандай тіс


Қазіргі таңда балалар арасында тіс ауруы көбейіп тұр. Балалардың көпшілігі тіс жегісі және пародонтитпен жеке клиникалардың алдында кезекке тұрады. Осы тұста, балалардың тіс дәрігері сапалы қызмет көрсете алуы тиіс. Өйткені, баланың тісін емдеу, нақты диагноз қою өте күрделі әрі жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, қарапайым тіс дәрігерінен балалар тіс дәрігері екі есе артық білуі тиіс.
Бұрын бір кездері сондай кабинеттер жабылып қалды. Тек соңғы уақытта ғана қолға алынып жатыр. Бұл қуанышты жағдай. Осыдан сәл ертеректе елімізде мектепте стоматологиялық кабинет болатын болған. Әр мектепте, әр балабақшада арнайы бригада жүретін, кішігірім стоматологиялық құрылғы тұратын. Балаларды тексеріп, ауыз қуысын санациялап, жасалған жұмыс туралы есеп беріп, келесі оқу орындарына баратын. Сонымен емдеуге болатын. Бұл жерде бірінші сыныпқа келген балаға тісті күтуден бастап, барлық профилактикалық шаралар жасалатын көрінеді. Ал қазір бұндай кабинеттер санаулы ғана екен. Әсіресе, ауылдық жердегі балаларға қиын. Жақын орналасты дегеннің өзінде аудан орталығындағы кабинетке жету үшін бірнеше шақырым жол жүреді. Бұл жердегі мамандар баланың тісін бірден емдеп бермейді. Ата-ана бірнеше күн баруы мүмкін. Ал аудан орталығында апталап жатуға кез келген ата-ананың жағдайы көтермесі анық. Осыдан кейін баланың тісін жұлдырып тастайды. Ерте бастан тісінен айырылған баланың бет әлпетінде өзгеріс пайда болатын көрінеді. Сондықтан, ертерек қаралғандары жөн-ақ. Өйткені, аурудың асқынуынан балалардың бет сүйегі қисайып кету деректері жиі кездеседі екен. Дәрігерлердің айтуынша, бұл бала денсаулығына қауіпті болмақ. Жалпы адам денсаулығының мықты болуы ең алдымен тіске байланысты дейді білікті тіс дәрігерлері. Егер тіс ауырса, асқазан ауырады, эндокринді жүйе бұзылады екен.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы жылдары стоматологиялық патологиямен өмірге келетін балалар жиі тіркелсе, еліміздегі мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігі тіс жегісінен зардап шегеді екен. Ал, егде жастағы азаматтардың тоқсан пайызынан астамында тіс жоқ. Ата-аналардың салғырттығынан көп жағдайда балалар зардап шегеді. Расында тіс жегісі пайда болғаннан бастап оны емдетуге асықпай, самарқаулық танытатанамыз рас. Ауру асқынып, ірің сүйекке жеткен кезде ғана емханаға келеміз. Бұл кезде баланың тісін жұлудан басқа амал қалмайды.
Тісжегінің кең таралуына әлеу­меттік, экологиялық және экономикалық факторлар да әсер етпек. Мысалы, қарапайым отбасының балалары үнемі стоматологқа бара бермейді. Және жалпы ата-аналар баланы тіс дәрігеріне уақытында апармайды. Әбден асқындырып, яғни, баланың тісі қақсап ауырғанда ғана ойға аламыз. Қазір балалардың арасында тісжегінің таралу көрсеткіші 90 пайыздан жоғары екен. Егер бұрындары тісжегі балаларда 4-5 жастан бастап кездесетін болса, қазіргі таңда тісжегі жасарып кеткендігін байқаймыз. 8-10 ай, 1 жас­тан асқан балаларда да бұл ауру кездеседі.
Балалар арасындағы тіс ауруының салдарын балалар тіс дәрігері Дәурен Кенжебек былайша түсіндірді.
– Әрине, бірінші кезекте, әңгіме ауыз қуысы гигиенасы туралы болып отыр. Тісжегі дегеніміз – микроб. Қазіргі таңда ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатыны ғылыми негізде дәлелденген. Тістің бетіне қақ тұрады, егер бала аузын шаймаса, тісін тазаламаса, тістің үстіндегі микроб көбейеді. Мұнымен қоса, тіс жегісінің көп кездесуіне қаназдық себеп. Егер ананың денсаулығында кінәрат болса, ауыз қуысы санация­ланбаса, ұрпағына беріледі. Мұнан соң, жүктілік кезеңінде аналардың керекті дәрумендерді қажетті деңгейде қабылдамағандықтан. Аналарға кеңес етілген витаминдер толығымен дерлік бала ағзасына жетіп отыруы керек. Сонымен қатар, балада тіс жарып шыққан алты айынан бастап аналар күтімге алса, мұндай олқылықтар орын алмас еді. Бала да, ата-ана да гигиенаға дұрыс көңіл аудармайды. Егер күнделікті ауыз қуысының гигиенасын сақтап отырса, дұрыс тіс щеткасы мен пастасын таңдап, күніне екі мезгіл тісін тазалап отырса, тісжегі 20-30 пайызға азаяды. Атап айтқанда, балалардың енді көрініп келе жатқан тістерін сумен шайып, болмаса, сүртіп отырған абзал. Баланың тамақтануы да бұл мәселеде үлкен маңызға ие. Тәтті тағамдарда яғни, газды сусындар, фаст-фуд өнімдерінде көмірсу көп мөлшерде болады, микроб сол тәтті тамақты жақсы көреді. Сөйтіп, тістің сау жетілуіне кедергі келтіреді. Ауыз қуысының, тістің кейбір ауруларға шалдықпауы үшін кальцйиге бай – сүзбе, құрт жегізу керек. Алма, сәбіз жеген баланың тісті ұстап тұратын еттері қатайып, тіс ерте босамайды. Бүгінде балалардың тамақ рационында жұмсақ тағамдар көп кездеседі. Жалпы, ата-аналарға айтарым, әр алты айда стоматолог дәрігердің қабылдауында болғандары жақсы, – дейді балалардың тіс дәрігері.
Сондай-ақ, балалардың алдыңғы тістерінің үгітіліп, қарайып, тұқылдары қалғанын жиі байқап жүрміз. «Бұл уақытша тістердің ерте тісжегіге ұшырауы» деп түсіндірді Дәурен Кенжебек. Олардың құрылымы әлсіз келіп, сондықтан үгітіле берсе керек. Микробтарға қарсы тұра алмайтындықтан, тісжегі тісті бұзып, уақыт өте келе тістің көрініп тұратын бөлігі мүлдем жоқ болып, тек түбірі қалады. «Қарайып тұрған тұқыл тұнып тұрған микроб. Дегенмен де, біз тісті сақтап қалуға тырысамыз, өзегін тазалап, бер жағына пломба саламыз. Сөйтіп, уақытша тісті физиологиялық ауысымға жеткізу керек. Уақытша тістердің табиғи түрде, өз уақытымен түскені жақсы. Себебі, уақытша тісті суыртсаңыз, ол жақтың өсуін тежейді. Бірақ, сақтап қала алмайтын жағдайлар да болады, оларды суыруға тура келеді, бұл жағдайлардың бәрі жақтың өзгерісіне әкеледі» – дейді дәрігер Дәурен.
PS: Аудандық емхананың аға мейірбикесі Назым Сейілханова жазғы демалыс басталғанда
аудан көлеміндегі жанынан лагерь жасақталған 29 мектепке дантис­тер жіберіліп, балаларға тіс күтімі жөніндегі ақыл-кеңестерімен бөліскендігін жеткізген еді. Білуімізше, №127 Ш.Уәлиханов мектеп-лицейінде және №270 М.Қаратаев атындағы орта мектебінде тіс мамандары тұрақты түрде жұмыс жасаса, ал, №46 А.С.Пушкин мектеп-лицейінде де оқушылар «Әдемі тіс» ЖШС маманынан көмек алады екен. Осынау жұмыстар аудандағы өзге мектептерден де көрініс тапса игі іс болмақ. Балаларымыздың күлкісі күмістей, тістері күріштей болса, бақыттың бір бөлшегі, өмірдің мәні, өлшемі осы емес пе?!

Дина ӘБІЛАСАН.
23 маусым 2018 ж. 1 899 0