Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРТЕГІ АЙТЫҢЫЗШЫ, ӘЖЕ...

ЕРТЕГІ АЙТЫҢЫЗШЫ, ӘЖЕ...

Ерте, ерте, ертеде. Ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен... Сәл дем алып барып ары қарай жалғасатын ертегілерді естімегелі қанша жыл?! Бұрынғы балалар бұл сөзді естіп өсті ғой. Ал бүгінгілер ше? Шынтуайтында, қазір елітіп ертегі тыңдайтын баланы кездестіре бермейміз. Сондықтан да біздің қоғам әжелер мектебіне зәру десек, артық айтқандық болмас.
Балалардың бәрі ұйып тыңдайтын көптеген ертегінің соңында мақсат-мұратына жетіп, бақытты болып жататын-ды. Ал сол ертегіні тыңдаған бала арманның ақ кемесіне отырып алып, біраз тәтті қиялға белшесінен батып та кетеді. Қайран балалық шақ-ай, десеңізші?! Бес айналып барсаң да таба алмайтын балдай тәтті сәттер. Қазіргі балаларға бұрын бізде сондай болған, әжелеріміз батырлар жырын, арысы «Ұртоқпақ» берісі «Мақта қызды» айтататын деп көріңізші. Көздері бақырайып, ауыздары ашылып «не айтып тұрсыз?» деуден тайынбайды. Олар үшін бұл құдды аңыз іспеттес. Бірақ бұл ақиқат. Олар ертегіні фантастикалық киноға ұқсатады. Сол себепті де біз қоғам болып әжесіз және ертегісіз өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің болашағына алаңдауымыз қажет. Өйткені бүгінгі тәй-тәй басқан балақандар ертеңгі болашақтың иелері.
Бұл тақырып бірінші рет қозғалып тұрған жоқ. Осыған дейін де айтылды. Нәтиже жоқ болғандықтан тағы да қаламға ілінді. Күн тәртібіндегі мәселеге орай әжелерді әңгімеге тартып көрдік. Олардың пікірі мынадай:
Махсат Әнуарбекова, 73 жаста:
– Менің замандастарымның көбі «Қазір ертегі тыңдайтын бала жоқ қой. Бәрі де ғаламтордың шырмауында шырмалып қалған» деп қояды. Олай емес. Егер де ертегі айтатын әже болмаса, оны тыңдайтын бала қайдан болмақ? Менің жасым – жетпіс үште. 5 балам бар. Қазір бесеуі де өз саласының майталмандары. Олардың осындай азамат болып қалыптасқанына ертегінің тигізген септігі зор деп ойлаймын. Бүгінде 5 немеренің, 3 шөберенің әжесімін. Мен немерелерім мектептен келгенде кітаптан бір ертегі оқып қоямын. Сосын кешкісін тамақ ішіп болған соң, оларды теледидарға, ұялы телефон алдына телміртпеймін. Керісінше бірден ертегі айтуға кірісіп кетемін. Мен үйде жоқ кезде құлыншақтарым «Ертегі айтыңдаршы, әжем сияқты» деп әкесі мен анасының есін шығарады екен. Сондықтан да әрбір бала ертегі тыңдап өскені жөн. Оны жөнге салатын әрине, біздер.
Рыскүл Мәдиева, 57 жаста:
– Менің 3 немерем бар. Алды сегіз жаста. Кенжесі – үште. Мен оларға ешқашан да ертегі айтқан емеспін. Менің балаларым да ертегі тыңдамай өсті. Енем өмірден өткен соң, оларға ертегі айтатын адам болған жоқ. Менің өзім жұмыс деп жүргенде балаларымның қалай есейіп кеткенін де байқамай қалдым. Одан жаман болған жоқ. Ертегі айтылсын, айтылмасын балаға сана берсе болғаны. Қазір «Балапан» телеарнасы балаларға жақсы болды. Қалағанынша көреді. Теледидардан көрген дүние баланың есінде ұзаққа сақталады. Сол үшін де мен ертегі айтпаймын.
Үміткүл Аяпова, 67 жаста:
– Бала күнімде әжемнің бауырында өстік. Күнде ертегі тыңдамай ұйықтамайтынбыз. Бүгінде алпыстың жетеуіне келсем де, сол баяғы естіп өскен ертегілер есімде. Аллаға шүкір, қазір мен 16 немеренің сүйікті әжесімін. Барлық немерелерімнің басы қосылса болды, ертегі айтуға тырысамын. Бірақ қазіргі түсінік басқа ғой. Ғаламтор дегеніңіз бәрін жіпсіз байлап қойды. Осыған өзіміз де кінәліміз деп ойлаймын кейде. Дер кезінде жат әдеттен шектемедік. «Солар тыныш болсыншы» деп телефон да, планшет те сатып алып бердік. Тиісінше олардың бар ермегі көгілдірдің көк бетіне телміріп отыру ғана. Қарап отырсақ, осының барлығы адам қолымен жасалды. Яғни, адам қолымен жоюға да болады. Тек ниет болса болғаны.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
13 ақпан 2023 ж. 599 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930