Ертеде қалған ертегі
Ұлттық сана, ұлттық тәрбие бесік жыры мен ертегіден басталады. Ғалымдардың пікірінше, балаға ұйықтар алдында ертегі айтып беру қажет екен. Сонда ол тәрбиелі, батыл, ақыл тыңдайтын, ұқыпты болып өседі. Ал сіз, оқырман, ата-ана, қаншалықты балаңызға ертегі оқисыз?
«Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде,
«Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде,
Қырғауыл жүзі қызылда,
Балақ жүні ұзында
Атақты бір бай бопты
Төрт түлігі сай бопты» деп басталатын ертегілерді естіп өскен жас балғында арман жоқ шығар. Ертегі кейіпкерлерінің батылдығы, батырлығы, тіпті айлакерлігі де кімді болсын тамсандырмасқа қоймайды. Негiзiнен баланың түрлі нәрсеге аса зейiндi кезi 3 жас пен 5 жастың аралығында оянады. Осыны әлiмсақтан аңғарған ата-бабамыз ақындық, жыршылдық, шешендiк өнердi балаға неғұрлым кiшкентай кезiнде таныстыруды құп көрген.
Зере әжей өсірген ұлы Абай, Айғаным тәрбиелеген Шәкәрім де халықтың аңыз-ертегілерін тыңдап, сусындап өскен. Осындай даналар мен даралар жаттап өскен ертегілерді бүгінгі балғындар өз деңгейінде білмейді-ау деген ойға да қаласың. Шыны керек, қазiр ортамыздан бесiк жырын айтатын келiндi, ертегi айтып, баланы тәттi ұйқыға батыратын әженi көрсек қуанатын болдық. Жалпы оқырман сіздің ойыңызша қазақ фольклорындағы ертеден келе жатқан ертегінің қазіргі таңда артта шегініп қалуына не себеп? Ертегіге елітетін балдырғандардың қарасы неге аз? Әлде ертегі айта алатын, арды ойлаған аналардың қатары сиреген бе?
Бүгінгінің балаларынан Аяз би, Ер Төстік, Алдар көсе мен Тазша баланың кім екенін сұрап, «білмеймін» деген жауап алсаңыз таңқалмаңыз. Себебі, бұрнағы ертегі батырларының орнын бүгінде Спанч боб пен Бэтмандар басқан.
Біздің бүгінгі ертегілер әлеміне алты жасар Алпамыс пен Керқұла атты Кендебай сынды өміршең тұлғалар керек. Ақиқатында, заманауи ертегілер жазылмай жатқан жоқ, жазылып жатыр. Бірақ ешқайсысы өзінің өміршеңдігін сақтай алмауда. Себебі, қазіргі қазақи ертегілердің мәні мен мазмұны қадымнан қалған құндылықтарымыздан жырақ жатыр. Біріншіден, жадыға жатталмайды. Екіншіден, мәтіндері де мәнсіз. Осыдан барып Алтын сақа мен Ер Төстіктен басқа ештеңе таппаймыз.
Кітап дүкендерін аралап, ертегі кітаптарын іздер болсаңыз, сөреде самсап тұрған ертегі кітаптарынан көбіне аудармаларды табасыз. Мәселен, «Бауырсақ», «Қызыл телпек», «Алтын жұмыртқа» атты орыс ертегілері бірден көзге ұрады. Қала берді «Сұлу қыз бен құбыжық», «Алладиннің шамдары» сынды заманауи мультфильмдерді де ертегі етіп жасап қойған. Балдырған баланың дүниетанымын ертегі қалыптастырады. Ал өміршеңдікпен өрілген қазақы ертегілер баланың қиялына қанат бітіреді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ертегі оқып өскен баланың жаны таза, көңілі кең келеді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА