Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛАМЫНА ҚАНАТ БІТКЕН

ҚАЛАМЫНА ҚАНАТ БІТКЕН

Құмы бұрқыраған ауылдан шыққан адамның қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке көтеретін қасиетті туған жері екені анық. Әрбір дарын иесінің түп темірқазығы, айналып келетін кіндігі байланған от ортасы – табанының мөрі қалған атамекен топырағы. Өйткені сол жерде орныққан сана оны ешқашан халықтан ажыратпайды. Дәл осы құбылыс қырық жылға жуық ауданның экономика, жұмыспен қамту салаларында еңбек етіп, зейнет жасына шыққан соң қолына қалам алып, шығармашылыққа бет бұрған Тұрар Ысқақты да айналып өтпеді.
Қарт Қаратаудың етегіндегі Еңбекші ауылында кіндік қаны тамған Тұрар арманшыл болды. Оның білімдарлығы мен ілкімділігі, батылдығы мен еңбексүйгіштігі, лидерлік қасиеттері мен ат аунағанша ақыл тауып кететін тапқырлығы, бәрі-бәрі ауылда балағынан құм борап жүрген уақыттан басталғанына мысал көп.
Барлық пәнді үздік бағаға оқыған Тұрар, әсіресе есепке жүйрік болды. Оның өмірлік ұстанымы да «қиындыққа қиналысыңды қосқанша, біліміңмен сусындаған сабырыңды қоссаң, жақсылық шығады» деген теңдеу еді.
Тұрар Тұрсынұлы кішкентайынан анасы Несібелі мен нағашы әжесі Бибігүлдің қолғанаты болып өсті. Анасы ұжымшарда маусымдық жұмыс кезінде аспазшы болып еңбек етіп жүріп 3 ұлын ержеткізді, оқытты, тәрбиеледі.
Қай жас болмасын, өзінен үлкендердің үлгісімен жетіледі. Осы тұрғыдан алғанда, бала Тұрардың кішкентайынан көргені көп, зердесіне түйгені де аз емес. Ең алдымен әкесі Тұрсынның өмір сабақтары санасында сақтаулы. Рас, аяулы әкесі оның небәрі 5 жасында өмірден өтіп кетті. Бірақ сол мерзімнің өзі ол үшін аса қымбат. Майдангер-ұстаз атанған әкесінің өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты атқаратын мұқалмас талабы, жасымас жігері бала Тұрарға үлгі болды. Осындай әкенің өмір жолы баласына үнемі тәлім-тәрбие мектебіндей бағыт сілтеп тұрады. Институт бітіріп, қызметке кіріскен тұсынан бастап алдынан қаншама рет «Қонаев Жәкеңнің баласы ғой!» деген сенім мен үмітке толы, бір жағы құрмет сынды ілтипатқа бөленді. Дегенмен, жас маман үшін бұл ең алдымен үлкен жауапкершілік еді.
Тұрар Тұрсынұлының еңбек етуге деген құлшынысы да балалық шағынан ­бойына біткен. Мектеп бітірген соң, ­Коммунизм ұжымшарында қарапайым механизатор ­болып алғаш еңбек жолын ­бастады. Арада 3 жыл өткенде арман қуып Алматыға ­барып, Еңбек Қызыл Ту орденді мемлекеттік ауыл шаруашылығы ­институтына экономика мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Қолына диплом алған бозбала қайтадан елге келіп, ұжымшарға бас экономист болып орналасады. Оның еңбек жолының жемісті де, өнімді тұсы аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының ­экономика жөніндегі бірінші орынбасары болып жүргенде байқалды.
Ал еліміз тәуелсіздік алып, жаңа әкімшілік құрылымдар пайда болған кезде тәжірибесі толысқан Тұрар Тұрсынұлына жаңадан құрылған аудандық жұмыспен қамту орталығына жетекшілік жасау ұсынылды. Сөйтіп 1991-1994 жылдары жұмыспен қамту бөлімінің тұңғыш басшысы болып тағайындалды. Сол тұстары ҚР Еңбек министрі озат ауданның бірі ретінде Шиеліге атбасын бұрады. Тәуелсіздікке алғаш қол жеткізген сол жылдары елдегі қай сала болмасын жаңа туған сәбидей әлсіз, енді ғана өз бетінше әрекет етуге талпынып келе жатқан болатын. Десе де мұндай да сын болмай, мін түзелмейтіні де анық. Министрмен өткен жиында бөлім басшысы ретінде хабарлама жасаған Т.Ысқақ «Елдегі жұмыспен қамту туралы заңның баптары әлсіз, қолдану мүмкіндігі төмен» екенін тілге тиек етіп, батыл айтады. Ертесіне Еңбек министрі облыстық мәжілісте Т.Тұрсынұлына мақтау айтып, министрлікке қызметке шақыртады. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты ол қызмет бұйырмапты.
Өмір жолында кездескен жандардың жақсы қасиеттерін түгелдей бітім-болмысына қабылдаған Т.Ысқақ шама-шарқы жеткенше білімдінің сөзін сөйлеп, әділдіктің туын асқақтата желбіретіп, кісіліктің, зерделіліктің жөн-жобасын көрсетіп, обал, сауап, борыш дейтін киелі ұғымдарды Темірқазық жұлдызындай шамшырақ етіп ұстана білді.
Адамның мінез-құлқының, таным-пайымының, азаматтық келбетінің, тұлғалық бейнесінің қалыптасуына туып-өскен ошағының, әлеуметтiк жағдайдың, айналасындағы араласатын адамдардың, өскен ортасының айырықша ықпал ететіні ғылымда әлдеқашан дәлелденген.
Халқымызда «Бұлақ басынан тұнады» деген даналық сөз бар. Тұрар Тұрсынұлының еңбек жолына көз жүгіртсек, ұстаздан жолы болғанын байқаймыз. Ол Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың қол астында бірнеше жыл қызмет етіп, одан өміріне де, қызметіне де жетерлік мол тәжірибе жинады. Одан бөлек алып шаһарға табаны тиген тұста Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Жарасқан Әбдірашев секілді қазақ зиялыларының қасында бекерге жүрмепті, олардың өнегесін алып, ел мүддесін қалай қызмет етудің әліппесін жадына тоқып, зердесіне түйіпті. Иә, ол жас күнінен Абай Құнанбаев пен Дінмұхаммед Қонаевты үлгі тұтты. Қадыр Мырза Әлі мен Мұхтар Шахановтың өлең-жырларына қанып өсті. Тұнып аққан ағалар бұлағынан дәм тату бақыты әу бастан-ақ оның пешенесіне жазылған көрінеді. Содан болса керек 12 жасынан ­бастап үздіксіз күнделік жазып келеді.
Иә, оның ел білмейтін тағы бір қыры – ақындығы еді. Сонау бала күнінде жазған алғашқы өлеңдерінің бірінде
Бір сыр бар өн бойымды кернейтұғын.
Қинайтын жас жаныма бермей тыным.
Әлде бұл ақындардың әдеті ме?
Жыр жазбаса ұйқысы келмейтұғын.

Келемін осылай мен таңды атырып,
Ақ қағаз, қаламменен аласұрып.
Шабыттың тізгін бермей қинайтыны,
Жүр ме екен әлде мені баласынып, – деп ағынан жарылады.
Ел ағасы жасына жетіп, құрметті зейнетке шыққаннан кейін де Т.Ысқақ қол қусырып қарап отырған жоқ. Жас күнінен бастап жазып жүрген күнделігі негізінде «Әке жолы», «Өмір өзен» атты шығармалар дүниеге келді.
Жоғарыда аттарын атап өткен тұғырлы тұлғалардың жолын ұстанып, тағылымын көріп, ақыл-кеңесін тыңдап өскен Тұрар Ысқақтың ел мүддесі жолында аянбай қызмет етуінің терең сырын осы даналық сөз аясынан ұғынсақ керек. Т.Тұрсынұлы ағалар ізімен жүріп өтіп, өз жолына түсті. Өзіне тән ағынмен өмір кемесінде алға қарай жүзіп келеді.
Бармақтай кезінде өлең жазып өршеленіп, әңгіме жазып әуестенгендердің көпшілігі журфакта оқыды. Таланттары кейіннен ашылып, белгілі ақын, жазушы, драматург, сыншы болып кеткендері де жеткілікті. Бірақ Тұрсын Ысқақ бойындағы сол ұшқынды ешкімге көрсеткен емес. Шығармашылығын тек сүйікті ісі ретінде өзі ғана білді. Тек зейнетке шыққан соң бірнеше жинақтарын шығарып, ағынан жарылды.
Негізі кісі егделене келе елжірегіш келеді. Осы күні жатса да, тұрса да маза бермейтін туған жеріне деген сағынышы бүтін бір шығармашылық еңбекке арқау болды. Оның қазір ауылына жиі келіп тұрғаны бал балалық шағы мен туған жердің топырағына аунап өскен бір кездердегі сағынышын баса алмаса керек. Сол сағыныш екі томдық ­«Бауырларым Еңбекшіде» атты кітап болып жарыққа шықты. Одан бөлек «Өмір дәурен» шығармасы да оқырмандардың жүргенінен жол тапқан шығармаға айналды. Осы кітапта автор:
...Адамдықтың шеңберінен асқаным
жоқ,
Байлығыма мастанып тасқаным жоқ.
Қайығымның қос ескегін алақанға сап,
Өмір өзен тасқынынан сасқаным
жоқ...
Дүние қуып бай болсам дегенім жоқ ,
...Атақ қуып шен-шекпен кигенім жоқ.
Уәде, сабыр, білімімді ту ғып ұстап,
Қанағат бір Аллаға, реніш жоқ! – деп жырлайды.
Тұрар Ысқақ «Жігітке жеті өнер де аз» деген қазақтың ұрпағы емес пе?! Оның ел білмейтін тағы бір қыры – күйшілігі. Иә, оның әкесі Тұрсын елді таңдай қақтырған күйші болды. Өкініштісі сол, бүгінде жігіт ағасы сол әкесінен қалған мұра – күйлерін сақтай алмағанына қынжылады. Десе де қанында бар өнер Тұрар Тұрсынұлының өзіне де дарып, 1 күй, 14 ән мен 200-ге жуық қара өлеңді дүниеге әкелді. Оның жоғарыда айтып өткен «Әке жолы», «Өмір өзен», «Өмір дәурен», «Бауырларым Еңбекшіде» атты 4 кітабы мен «Мөлдір», «Қайта оралған ән», «Аққу мұңы», «Құтты қонақ» атты әңгімелері, сиясы әлі кеппеген «Ана жүрегінің сыры» атты туындысы соның дәлелі. Тұрар Ысқақтың «Орта жүз ноқта ағасы Тарақты» шежіресі «Төлес» тармағының авторы екенін де айта кеткен жөн.
Тұрардың тәрбиесін алған ұл-қыздары бүгінде ел таныған іскер азаматтарға айналды. Олар да әке жолымен жақсылықтың жанашыры, көпшіліктің қамқоры болып жүр. Бір кездері өздері де жас болған Тұрар мен жары Гүлсара бұл күнде ардақты ата-әже атанып, немере сүйіп отыр. Міне саналы ғұмырында трактор тізгінінен бастап, ел басқару ісіне дейін жеткен, зейнетке шыққан соң болдым, толдым демей, жаңа шығармашылық өмір бастаған ел ағасының өмір жолы осылай жалғасып келеді.

Сұлтанбек ОРАЗЫМБЕТОВ,
Шиелі ауданының ­­­­­­«Құрметті ­азаматы»,
«Құрмет» орденінің иегері
13 ақпан 2023 ж. 298 0

Қоғам

ҒАСЫРҒА ИЕК АРТҚАН БАСЫЛЫМ
03 желтоқсан 2024 ж. 42

Толағайлар тартысы

03 желтоқсан 2024 ж.

ОЛЖАЛЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?

03 желтоқсан 2024 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031