Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кім білмейді Тұрашын, ашатын кеңге құлашын

Кім білмейді Тұрашын, ашатын кеңге құлашын

Қандай бір ортаның, ол мейлі үлкен, мейлі кіші болсын, қаймағын ұйытатын, сол елдің татулығы мен бірлігін, ырысы мен берекесін тасытып отыратын берекелі адамдар болады. Ондай жандар көп ортасында сабырлы байыппен игі істер бітіріп отырады. Ыстық ықыласымен ел үшін егіледі, халық үшін қамығады. Ел Тұраш деп атап кеткен Тұрар Ысқақ осы үдеден табылып жүрген жанның бірі.
Адамгершілік, адалдық, еңбек пен бейнет сынды тіркестерді ауызға алғанда, алдымен Тұрар Тұрсынұлын елестету заңдылыққа айналғандай. Еңбек жолын Шиелі ауданындағы ең іргелі ­Коммунизм ұжымшарында механизатор болып бастаған ол, өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен, білімді, жан-жақты маман екенін бірден аңғартады. Коммунистік партия қатарына өтіп, кез келген істен ұтымды шешім шығара білді. Білікті маман, еңбекқор адамды елеусіз қалдырмайтын сол мезетте аудандық партия комитетіне түрлі саланың білгір мамандарын тарту жүргізіліп, 1974 жылы облыстық ауыл шаруашылық басқармасының жолдамасымен аудандағы Коммунизм ұжымшарына бас экономист болып тағайындалады. Ал 1980 жылы аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы қызметіне жоғарылайды. Осы салада 4 жыл үздіксіз жұмыс істеп, 1984 жылы аудандық ауыл шаруашылық басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Дәл осы жылдары аудан экономикасында оң өзгерістер орын алып, жыл қорытындылары табысты аяқталды.
Т.Тұрсынұлының еңбегін Шиелі ауданының бұрынғы Кеңес, партия органдарының ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» С.Аманжолов «Бұл қызметте де ол аудандағы ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосты. Еңбек ақы төлеу жүйесіне тың жаңалықтар алып келді. Қойшылар мен сауыншыларға жасалған ынталандырудың тиімді әдістерін еңбекке ақы төлеу жүйесімен үйлестіре отырып, жаңа ережелер жасады. Бұл жаңалықтары заң шеңберінде болғандықтан түрлі тексерістерден аман өтіп, жоғарғы орындардың сенімінен шықты. Ал шаруашылық рентабельдікке, шаруа жақсы айлық мөлшеріне қол жеткізді. Сондай-ақ ол шаруашылықтың экономикасын таңдаудың шебері еді. Қандай жағдайда, қандай әдістер мен тәсілдерді қолданғанда, шаруашылықты қаржылық оң нәтиже, өзін-өзі қаржыландыру дәрежесіне жеткізуге болатындығын біледі», – деп бағалауы тегін емес.
2014 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбай ауылында олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде шахматтан мектеп оқушыларына дәріс берді. Аудандық дәрежедегі жарыстардан 5 чемпион шығарып, спорт саласында да жемісті жұмыс істеді. Туған жердің экономикасына өзіндік үлесін қосып, абыройлы қызмет атқарып келген еңбекқор жан биыл мерейлі 71 жастың желкенін тартып, қоғамдық істе әлі де белсенділік танытып жүр. Туған жердің әр түлегі қай жерде, қай елде жүрсе де, атамекен алтын бесігін бір сәт естен шығармайды. Оған дәлел – қазақ ұлтына ғана тән біздің азаматтарымыздың бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер. Сондай азаматтарды дүниеге әкелген Қаратаудың иегі мен Қызылқұмның жиегін жағалай аққан Сыр-Ананың қасиетін көрмейсіз бе? Сыр өңірі – тоғыз жолдың торабын түйістірген, халқына қорған болған қасиетті өлке десек, киелі саналатын Шиелінің өзінен бітімі бөлек қаншама тұлғалар шықты. Бүгінгі таңда Алматы қаласында жүрсе де, туған жеріне аңсары ауып, кіндік қаны тамған Еңбекшіні бір сәт естен шығармаған Тұрар Тұрсынұлы ауылға жиі атбасын бұрады.
«Шығармашылық жанрда кейбір туынды жалғыз дана ғана болып өмірге енеді. Енген шығарма қарапайым болып тұрып, ешкім қайталай алмайтын қасиетке ие болады. Ерекшелігін сыр ғып жасырар осындай өнер түсінген жүректің сенімінде, қолы жеткеннің төрінде тұрады» деп ауданның «Құрметті азаматы» П.Архабаев айтқандай, қолына қалам ұстап, күнделік жазатын Тұрар ағаның тағы бір қыры – шығармашылығы. Әкесі Тұрсын ағамыз өз уағында елге белгілі күйші, домбырашы болған жан. Әке бойындағы қасиет ұлына дарымай қоймады. 1 күй, 14 ән, 200-дей өлең, «Әке жолы», «Өмір өзен», «Өмір дәурен» атты 3 кітапты жарыққа шығарды. 300-ден астам әңгімелер мен пьесалардың авторы. Небәрі 11 жасынан күнделік жазуға машықтанған Тұрар аға әлі күнге сол қаламын тастамай ойлы, өзекті мәселелерді қағаз бетіне түсіріп келеді. Қазақ еліне танымал әнші, Шиелі ауданының тумасы Сәрсенбек Баймағанбетов «Тұреке! Негізі бойында өнері бар адамның өзгелерден ерекше қасиеті білініп тұрады. Сол қасиет өзіңізде айрықша екенін байқадым. Еңбекші халқы тарихын жазамын деген тілегіңізге жетіңіз. Жазарыңыз көп болсын!» деп, жылы лебізін жеткізу мақсатында хат жолдаған болатын. Расында, ұшқыр ойлы, ұзын бойлы, нақ айтып, тік мінезімен түзу жолдан таймаған Тұрар аға сегіз қырлы, бір сырлы азамат деуге де болады. Бүгінгі таңда ғұмыр дариясында өз бағытынан таймай, асқар тау әке, ардақты ата, еңбегі елеулі азамат болып бақытқа толы өмір кешуі де тынымсыз тірліктің жемісі. Жары Гүлсара Тұрлыбекқызы білікті де білімді мұғалім. Бейнеттің зейнетіне жеткен қос өнегелі өмір иесі 4 ұл мен қызды қанаттандырып, немерелерінің жетістігіне қуанумен ғұмыр кешуде.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
15 қаңтар 2021 ж. 537 0