Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрпаты бөлек Тұрар

Тұрпаты бөлек Тұрар

Ел Тұраш деп атап кеткен Тұрар Тұрсынұлын көпшілік жақсы таниды. Туған жердің экономикасына өзіндік үлесін қосып, абыройлы қызмет атқарып келген еңбекқор жан биыл мерейлі 70 жасқа жетіп отыр.
Туған жерге тағзым ету, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлімсақтан жалғасқан салты. Ол ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар аз емес. Олар туған жерге, елге қызмет етудің бірегей жолы адал еңбек деп біледі. Сол азаматтардың қатарындағы бірқатар жерлестеріміз туған елге, жерге деген ыстық лебізі мен ілтипатын білдіріп, көркейіп гүлденуіне үлес қосып келеді. Туған жердің әр түлегі қай жерде, қай елде жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт естен шығармайды. Оған дәлел – қазақ ұлтына ғана тән біздің азаматтарымыздың бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер. Сондай азаматтарды дүниеге әкелген Қаратаудың иегі мен Қызылқұмның жиегін жағалай аққан Сыр-Ананың қасиетін көрмейсіз бе? Сыр өңірі – тоғыз жолдың торабын түйіс-тірген, халқына қорған болған қасиетті өлке десек, киелі саналатын Шиелінің өзінен бітімі бөлек қаншама тұлғалар шықты. Бүгінгі таңда Алматы қаласында жүрсе де, туған жеріне аңсары ауып, кіндік қаны тамған Еңбекшіні бір сәт естен шығармаған Тұрар Тұрсынұлы ауылға жиі атбасын бұрады.
Адамгершілік, адалдық, еңбек пен бейнет сынды тіркестерді ауызға алғанда, алдымен Тұрар Ысқақты елестету заңдылыққа айналғандай. Еңбек жолын Шиелі ауданындағы ең іргелі ­Коммунизм ұжымшарында бас экономист болып бастаған ол, өзінің іскерлігімен, жауапкершілігімен, білімді, жан-жақты маман екенін бірден аңғартады. Коммунистік партия қатарына өтіп, кез-келген істен ұтымды шешім шығара білді. Білікті маман, еңбекқор адамды елеусіз қалдырмайтын сол мезетте аудандық партия комитетіне түрлі саланың білгір мамандарын тарту жүргізіліп, 1980 жылы аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы қызметіне жоғарылайды. Осы салада 4 жыл үздіксіз жұмыс істеп, 1984 жылы аудандық ауыл шаруашылық басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Т.Тұрсынұлының еңбегін Шиелі ауданының бұрынғы Кеңес, партия органдарының ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» С.Аманжолов: «Бұл қызметте де ол аудандағы ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосты. Еңбек ақы төлеу жүйесіне тың жаңалықтар алып келді. Қойшылар мен сауыншыларға жасалған ынталандырудың тиімді әдістерін еңбекке ақы төлеу жүйесімен үйлестіре отырып, жаңа ережелер жасады. Бұл жаңалықтары заң шеңберінде болғандықтан түрлі тексерістерден аман өтіп, жоғарғы орындардың сенімінен шықты. Ал шаруашылық рентабельдікке, шаруа жақсы айлық мөлшеріне қол жеткізді. Сондай-ақ ол шаруашылықтың экономикасын таңдаудың шебері еді. Қандай жағдайда, қандай әдістер мен тәсілдерді қолданғанда, шаруашылықты қаржылық оң нәтиже, өзін-өзі қаржыландыру дәрежесіне жеткізуге болатындығын біледі», – деп бағалауы тегін емес. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ауданның өзін-өзі басқару құрылымдары құрыла бастағанда да, ол аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, кейіннен ҚР «Банкроттың Заңы» негізінде конкурстық басқарушы болып көп жылдар бойы жемісті жұмыс атқарды.
«Шығармашылық жанрда кейбір туынды жалғыз дана ғана болып өмірге енеді. Енген шығарма қарапайым болып тұрып, ешкім қайталай алмайтын қасиетке ие болады. Ерекшелігін сыр ғып жасырар осындай өнер түсінген жүректің сенімінде, қолы жеткеннің төрінде тұрады» деп ауданның «Құрметті азаматы» П.Архабаев айтқандай, қолына қалам ұстап, күнделік жазатын Тұрар ағаның тағы бір қыры – шығармашылығы. Ол аудандық «Өскен өңір», облыстық «Сыр бойы» газеттерінде ауыл шаруашылығына қатысты мақалалар жариялап тұрады. Ұшқыр ойлы, ұзын бойлы, нақ айтып, дәл сөйлейтін Т.Ысқақ «Әке жолы» кітабында «Адам қаншалықты аз ойласа, соншалықты көп сөйлейді. Көп көру керек болған соң көз, көп есту керек болған соң құлақ екеу. Осылай болған соң тілдің неге біреу екені түсінікті емес пе?» дейді. Тік мінезімен түзу жолдан таймаған Тұрар аға сегіз қырлы, бір сырлы азамат деуге де болады. Ол аудан экономикасы саласына өзіндік із салып, аудан құрылымдарында белсенді еңбек еткен белді маман ғана емес, өнер әлемінде де орны бар тұлға. Түрлі музыкалық аспаптар, нақты айтар болсақ, баянда ойнайды, гитара тартады, домбыра шертеді. Әуезді үнімен әуелете ән айтқандай айрандай ұйып тыңдай бергің келеді. Сонымен қатар ауданның қоғамдық, мәдени, спорт салаларында да белсенділік танытып, шахматқа ерекше ықылас танытады.
Саралай берсең сан қырынан том-том дүние шығатын Тұрар Тұрсынұлы жайында айтылар сөз көп. Бүгінгі таңда бейнеттің зейнетіне жеткен еңбекқор аға үлкен бір шаңырақтың асқар тауы, дана қариясы атанып отыр. Тынымсыз тіршілікпен өрілген ғұмырдың келер ұрпаққа берер ғибраты да мол. Бізде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған туған жердің біртуар перзенті, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық Тұрар Ысқақтың еңбек жолы турасындағы аз-кем дүниені оқырманға ұсынып отырмыз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

02 қараша 2019 ж. 672 0