Жер дауы заңмен шешіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару бағытында берген тапсырмасы негізінде Түркістан облысы бойынша 521,7 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспарланғаны 500 мың гектар болатын, яғни артығымен орындалып отыр.
Алайда жерді қайтару, түгендеу жұмыстары барысында көптеген заңсыздық анықталған. Мысалы, Бәйдібек, Келес, Шардара аудандарында әкімдер тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы табыстау кезінде заң талаптары сақталмаған. Ал Сайрам, Төлеби, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында өндірістік кооператив мүшелерінің келісімінсіз кооператив жерлерін сатып жіберу, мүшелерін тізімнен шығарып тастау, құрылыстар жүргізу сынды заңсыздықтар тұрғындардың жоғары органдарға шағымдануына әкеліп отыр. Бірқатар ауданда ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз қазып, құм, тас, кірпіш өндіру әлі де тыйылар емес. Ауылшаруашылық жерлеріне, нақтырақ айтсақ, Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінде 1 387 тұрғын үй, 27 мал қора, мал базары, Түлкібас ауданы Машат елді мекені аумағында мал базары заңсыз салынған. Шардара, Мақтарал, Жетісай аудандарында мақта зауыттарына жерлерін кепілдікке қойып, несие алып қайтара алмаған, соның ішінде несиелері қайтарылған шаруалардың да жерлері аукционда сатылып кеткен. Бүгінгі таңда шаруалар жерін даулап Үкіметке дейін шағымданып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері шекараларын заңсыз қазып қоршайтындар да аз емес. Ал Төлеби ауданы Біркөлік, Ақмешіт, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің қорғау аймақтарынан демалыс орындарына жер учаскелері заңсыз берілген. Түркістан қаласы, Сауран, Сайрам аудандарында жалған шешіммен жер учаскелері берілген.
Осындай заңсыздықтарды анықтаған облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тексеру Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес, келіп түскен арыз-шағымдар мен хаттардың негізінде жүргізілгенін мәлім етті.
«Пайдаланбай жатқан ауылшаруашылық жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру нәтижесінде 4 386 жер пайдаланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталды. Осы орайда жер пайдаланушылардың тізімін анықтап, аудан, қала әкімдеріне пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару бағытында жұмыстар жүргізу жөнінде хат жолданды. Сонымен қатар Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланысты ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның космостық мониторингі бойынша 4 543 жер пайдаланушының 560 801,6 гектар жері пайдаланбай жатқаны анықталды. Оның ішінде жүктемесі – 20 пайыздан төмені 302 832,9 гектар немесе 54,2 пайыз. Былтыр заңсыз табысталып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз беріліп, жер көлемі 5482,3 гектар 45 талап-арыз қанағаттандырылды, 4756,1 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 25 жер иесінің көлемі 4751,6 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған талап арыздар қаралып жатыр», дейді департамент басшысы Алтынбек Мырзаев.
Бұған қоса аудан, қала әкімдіктерінде 123 конкурс өткізіліп, 66 663,4 гектар жер жалға берілген. Соның ішінде Бәйдібек, Шардара аудандары мен Кентау қаласында алаңы 2 742 гектар 31 жер учаскесі заң талаптарын бұза отырып табысталғаны анықталған. Осыған орай аудан, қала әкімдерінің қаулы, шешімдеріне қатысты 13 тексеру жүргізіліп, нұсқама берілген. Оның үшеуі орындалып, 8-і қаралуда, ал 2 нұсқама ӘҚБтК-тің 462-бабымен сотта қаралып жатыр. Тексеру бойынша жалпы 93 тексеру жүргізіліп, 38 нұсқама берілген. Аудан, қала әкімдіктерімен жер қатынастары бөлімдеріне 63 тексеру жүргізіліп, 9 лауазымды тұлғаға 415,1 мың теңге айыппұл салынған, 32 нұсқама табыс етілген.
Жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтардан 1 209 арыз-шағым түсіп, қаралу нәтижесімен 72 тексеру тағайындалды. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне 2021-2022 жылдары аралығына келіп түскен арыз-шағымдары негізінде аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне және аудандық жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 137 және 462-баптары бойынша бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларына, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшылары мен бас мамандарына, ауылдық округ әкімдеріне әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен бірге арыз-шағымдар мен құқық қорғау органдарынан келіп түскен хаттардың негізінде лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау бойынша қорытындылар жолданған.
Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, өңірде жайылым жердің жалпы аумағы – 8 млн 860,4 мың гектар. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – елді мекендердегі тұрғындардың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылым тапшы. Аудан, қалалар кесіндісі бойынша 2022 жылдың 1 қаңтарында жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектар болған. Бірақ осы қажеттіліктің 35,4%-дан астамы, яғни 1105,7 мың гектары жайылымдық алқаптары жоқ 3 ауданға тиесілі. Атап айтқанда, Жетісай және Мақтаарал аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрайды, бұл аудандардағы жайылымдардың жалпы ауданы – бар болғаны 2,2 мың гектар. Ал жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектар ғана болатын Сайрам ауданында жайылым тапшылығы – 471,1 мың гектар. Былтыр елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округтерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген еді. Басқарма мәліметіне жүгінсек, жоспар 102,3 пайызға орындалған. Яғни атқарылған жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектар болып отыр. Осыған байланысты 20 жылға ортақ жайылым көлемін ұлғайту жоспарының жобасы әзірленіп, аудан, қала әкімдіктерімен нақтыланып жатыр.
Басқарма басшысы Ерғали Тілегеннің айтуына қарағанда, жайылым қоры шектеулі аудандарда жеке қосалқы шаруашылықтардағы малды қорада ұстауды және кооперативтерге біріктіру арқылы шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығару бағыттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«2023 жылға облыс бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 330 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», дейді Е.Тілеген.
Айта кетелік, облыс бойынша жайылым қоры шектеулі аудандарда шағын мал бордақылау алаңдарын ашу және кооперативтерге біріктіру бағытында жұмыс жүргізу арқылы жайылым тапшылығы азайтылмақ. Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы бойынша 2,5 пайыз берілетін несие арқылы отбасылық сүт фермаларын және мал бордақылау алаңдарын көбейту көзделіп отыр.