Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Халқымыздың ең асыл қасиеті – тазалығы. Тән тазалығы мен жан тазалығы рух бірлігіне алып келеді. Қазіргі таңда айналамызға қарап, қарапайым азаматтық санамыздың төмендігіне налимыз. Күнде кіріп-шығып жүрген көшеміз бен есік алдын тазалай алмай отырып, үлкен саяси пікірталастарға мойын бұрамыз. «Тәрбие табалдырықтан басталады», – дейді даналар. Бүкіл тәрбие мен елжандылық тазалықты сақтаудан, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етуден бастау алады. Үлкендер «көсегең көгерсін» деп жатады. Көсегең, өрісің – ол сенің тұрақты мекенің. Ол жерде келешек қалыптасып жатыр. Сондықтан әрбіріміз тазалыққа ден қойып, көркейіп, ұрпағымызға өркендеу жолын үйретейік. Бұрын үлкен кісісі бар үйдің есігі әрдайым ашық, айналасы тап-таза, көгалданып тұратын. Қазір көңіл құлазиды. Бүгін кент орталығындағы Алтынбеков, Байсейітова көшесінің тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бірігіп көше тазаладық. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Қазір көше тазалығына салғырт қараған тұрғындар мен кәсіп иелеріне айыппұл салынып жатыр. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық материалдар үнемі жарияланып тұратын болады. Сондай-ақ аудан тұрғындарын ынталандыру мақсатында арнайы номинациялары мен қомақты сыйақысы бар конкурстар да жарияланып жатыр. Мақсат біреу – ауданды тап-таза, жасыл желекке оранған көрікті мекенге айналдыру. Ең бастысы, бұл жұмыстар науқандық сипат алмай, үнемі бақылауда екендігін назарларыңызға жеткізгім келді. Жарияланымдағы үй тұрғындары бір сәт ойланып, сыннан қорытынды шығарады деп сенемін. Келесі «сын садағына» ілігер кім?

Жібек Баймұратова
02 ақпан 2023 ж. 333 0