ӘРБІР ОТБАСЫҒА БІР «ӨСКЕН ӨҢІР!»
Дәйекті, жедел ақпаратты газеттен алып жатамыз. Жақсы жаңалықтарға қуанып, көңіл көншітпейтін хабарларға қынжылыс білдіреміз. Республикалық «Жас Алаш», облыстық «Сыр бойы» және аудандық «Өскен Өңір» басылымдарының тұрақты, байырғы оқырманымын. Республикалық газетке жазылу – әркімнің өз еркінде. Ал облыстық, аудандық газеттерге жазылып, алу – міндетіміз секілді. Өйткені күнделікті облыста, ауданда болып жатқан серпінді істер мен соны жаңалықтарды біліп отырған қандай жақсы.
Облыста не болып жатыр, көрші аудандарда нендей жаңалық, қандай өзгеріс қоғамның бағыт-бағдары қалай? Бірнәрсе білуге, оқуға тырысу, өмірге, өмір сүруге құлшыныс, жалпы жаңалық біліп отыруға талпыныс әрқайсысымызда болуға тиіс. Қазіргі айтпағым, қаңтар айының 25-26 күндері Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастырумен Өңірлік басылымдар форумы өтті. Форумға Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. Үкімет басшысының орынбасары аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қуанарлық нәрсе, осы форумда жерлесіміз, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сөз сөйлесе, облыстық «Сыр Медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Оңғарбаев серіктестіктің атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар өзінің баспасөзге жазылу, тарату қызметін жолға қойған мекеме ретінде танылғанын ортаға салды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі өңірлік басылымдардың жай-күйін саралай келе, газетті басу, баспасөзге жазылу, оны елді мекендерге, оқырмандарға тарату ісінде Қызылорда облысындағы «Сыр Медиа» серіктестігінің жұмысын өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынды.

Сондай-ақ Министр Д.Қыдырәлі баяндамасында – форумға дайындық барысында аймақтардағы кейбір басылымдардың сайты жоқ екенін анықтағанын жеткізді. «Мен «Жаңақорған тынысы» газетін атап өткім келеді. 7,5 мың тиражбен тарайды.
Газет редакциясын сол ауданның тұрғындары асарлатып салып берген. Сайты біздің кейбір республикалық басылымдардың сайтынанда жедел ақпарат таратады» дей келе, Министр өңірлік басылымдардың сайттарын жасау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша көмектесіп қолдау білдіреміз деді. Көршілес, енші алыспаған Жаңақорған ауданының жетістігі үшін де қуандық. Мен кейде «Жаңақорған қай жағынан болсын дамып, өсіп-өркендеп кетті» деп қаламын. Себеп, көрген көзде жазық жоқ. Біздің сүйікті газетіміз «Өскен өңір» газеті 84 жасқа келіпті. Алғашқы редактор Мәді Молдыстамовтан бастап, «Өскен өңір» деп газеттің атын қойған, былтыр 90 жылдығын атап өткен Дүйсенбі Смайылов, газетті үздіксіз 34 жыл басқарған Зәкім Жайлыбаев ағаларымыз, басқа да редакторлар газеттің тартымды, тиражының көп болуына, оқырмандарға сапалы, саналы тәрбие беруге атсалысты.
Өкінішіміз сол, биыл аудан тұрғындары 4494 дана «Өскен өңірге» жазылған. Былтыр 5694 дана болған екен. «Жаңақорған тынысымен» салыстырсақ 3006 газетке аз жазылыппыз. Мақсат – беруді кінәлау емес, намыста болып тұр. Тиісті орындар, мекеме, шаруа қожалықтары, ірі кәсіпорындар Ру-6 мекемесі, «Гежуба-Шиелі» цемент зауыты, «Иіркөл» мекемесі, ГРП-23 мекемесі, білім және денсаулық сақтау бөлімдері көңіл бөлсе, «Өскен өңір» газетінің тиражын 10 мың данаға жеткізуге болады. Сүйікті газетімізге жанашырлық білдіру – баршамыздың міндетіміз. Жаңақорған халқының іс-әрекетіне таңқаламыз. Шиеліде 85 мың халық тұрса, Жаңақорғанда 83 мың адам бар деген дерекке қарап та, ойланып қаламыз. Редактор мекемелерге барғанмен «мақұл» деп шығарып салады. Сондықтан аудан басшылары мен газетке жауапты билік өкілдері барынша көмек беріп, назарларында ұстамаса, қолдамаса, қазір өз бетінше газетке жазылатын адамды табу – қиының қиыны. Бұл жерде облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының студенттерге тегін газет жаздыртып беру қамқорлығын да құптауға тиіспіз.
Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті 1939 жылдың 19 наурызынан бастап шығады. Газет форматы – А2. Бірінші және соңғы беттері түрлі-түсті. Басылым аптасына 2 рет сейсенбі, сенбі күндері шығады. Газеттің әр нөмірі тартымды, ауданның тыныс-тіршілігін, ауыл шаруашылығын, мәдениеті мен жетістіктерін, спорт пен әлем жаңалықтарын, әкімдіктің сан-салалы жұмыстары мен жобаларын, «Аманат» партиясы мен мәслихаттың оңтайлы шешімдерін оқырмандарын ақпараттандырып отырады. Әр мақаласы адамды ойлантып, пікір туғызады. Сол үшін оған жазылуға асығу керек. Әрбір отбасына бір «Өскен өңір» деп, намысымызды жаниық, намысты қолдан бермейік, шиеліліктер! Баяғыда аудандармен социалистік жарысқа түсіп, үнемі алда болатын бізге не болған? Түсінбедік. Ертеректе үлкендер үйіңнен үш қонақ – денсаулық, бірлік, ынтымақ кетпесін деп отырушы еді. Иә, Шиеліге соңғы екі қонақ кешігіп жатқандай.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы