Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙТАЛАНБАС ҚАРА НАР

ҚАЙТАЛАНБАС ҚАРА НАР

Халқымыз өзінің ақылы асқан, білімі тасқан абзал азаматтарын «қажымас қара нарым» деп мақтан етіп, оның есімін аузынан тастамай, асқар биікке шығаруға тырысады. Халқының адал туған сондай ұлдарының бірі – Шахизатхан Тәшімбетов еді.
Шахизатхан Есенбайұлы – 1937 жылы 1 қазанда Ташкент облысы, Көк-Арал елді мекенінде дүниеге келген. 1957 жылы орта білім, 1963 жылы жоғары білім алған. Оның өмірі мәдениетпен тығыз байланысты. Өнер десе, ішер асын жерге қоятын әр өнерпазды қолдап, оған тірек бола білген. Сырт көзге қатал, іштей жанашыр, қатулы қабағы – әділ басшылығы. Бала шақтағы арманы болашағына нық қадам болды. Ол бос сөзді ұнатпайтын, мамандығына аса жауапкершілікпен қарайтын, сара жолын қалыптастырып үлгерген көреген басшы, ел айнасы бола білді. 40 жылдан астам уақыт аудандағы білім және мәдениет саласында қызмет атқарды.
Ең алғаш №97 кәсіптік техникалық училищеде директордың орынбасары, кейіннен №149 «Қызыл Ту», №207 Жаңатұрмыс атындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі, кәсіподақ комитетінің төрағасы, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1982 жылдан бастап Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің негізін қалап, алғашқы 6 айда орынбасар, кейіннен жиырма жылға жуық уақыт музей директоры болды.
Алғашында мұражай 1979 жылы облыстық өлкетану музейінің филиалы негізінде құрылып, кейіннен 1982 жылы толық Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі болып ашылды. Осы мекемеде 1991-1999 жылдар аралығында басшылық етіп, музей қорын құнды дүниелермен толықтыра түсті. Ауырды арқасына, ащыны таңдайына сала жүріп, жер-жерді аралап, тарихтан сыр шертетін мұраларымызды жинақтаудан жалықпады. Осы еңбекқорлығы құрмет биігінен көрінуге сеп болды.
Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ол Бас муфтидің Қызылорда облысы бойынша өкілі, бас имам Ә.Әуезовтың шешімі бойынша аудандағы орталық «Оқшы Ата» мешітінің бас хатшысы қызметіне тағайындалған. Аудан көлемінде ауыл имамдарына бағыт-бағдар беріп, исламдық жолдағы жұмыстарды жүйелі жүргізген. 2003 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Жаңатұрмыс ауылдық округі «Әлі ата» мешітінің имамы қызметін атқарған. Ұрпаққа рухани азық болатын жәдігерлердің жаңғыруына өзіндік үлесін қосқан Ш.Есенбайұлы 2008 жылы қасиетті Рамазан айында дүниеден өтті.
Ұлттық маңызы бар мәдени мұра – музейде сақталуы керек. Музейге лайықты бағалы бұйымды, асыл затты, маңызды құжатты экспонат ретінде қорға тапсыру – кез келген ұлт жанашыры үшін абырой, дәреже. Бұл – барлық өркениетті дамыған елдерде бар үрдіс. Бұл үрдісті Ш.Тәшімбетовтың ұлы Кенжехан Есенбаев әрі қарай жалғастырды. Ол әкесінен мұра болып қалған құнды жәдігерлерді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген болатын. Музей директоры Өсербек Төребай бастаған басқа да музей қызметкерлері тарихи тұлғаның пайдаланған заттарын қабылдап алып, оған арнайы төлқұжат жасап, тапсырылған заттардың иесі, кімнен алғанын жазып алды.
– Музейге тапсырылған әрбір зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге ықпал ететін сыртқы факторлардың бәрінен сақтандырылады. Тарихи, құнды дүниелер өскелең ұрпаққа бүлінбей жетеді,– деді музей қызметкері.
Тағдырдың салған ісіне болаттай берік адамдар бар. Олардың ішкі жан-дүниесіндегі жарық әлемге деген іңкәрлікті, еменнің иір бұтағындай мықтылықты көрген сайын тәнті болатының бар. Кәтепті қара нар көтермес жүк арқалап жүріп, тіршіліктен түңілмек түгілі, ақбас толқындары пенде шіркінді жаңқадай жағаға лақтырып ойнаған өмір айдынында еркін жүзіп, құлашын кеңге сермейтін Шахизатхан ардагердің бұл қасиеті кімді де болсын тәнті етпей қоймасы анық.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
01 ақпан 2023 ж. 185 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930