Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпістің желкенін көрген ұстаз

Жетпістің желкенін көрген ұстаз

Қазақта «тектінің тұяғы», «асылдың сынығы» деген ұғым бар. Ол әдетте ұлағатты өмір сүрген адамның ұрпағына қарап айтылады. Оған былайғы жұрт сол асыл бейненің көзі ғой деп құрметпен қарайды. Соның бірі – Убайдулла ақсақалдың ұрпақтары.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, шәкірт жүрегіне гүл егіп, бала жанының бағбаны бола білетін ол – аяулы ұстаз. ­Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді». Иә, ертеңгі ел тұтқасы болар жас буынды тәрбиелеу міндеті ұстаздарға жүктелген. Осынау үлкен міндетті 36 жыл абыроймен атқарып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарған ұстаз Ұлбосын Убайдуллақызы күні кеше жетпіс жастың желкенін керді. Ұлбосын анамыздың өмірі мен еңбек жолына көз жүгіртсеңіз, ұстаздың парасат пайымы терең, мінезге бай, ойласа ойдың төрін, сөйлесе сөздің көркін келтіретін өз саласының білгір маманы болғанын байқайсыз.
Ұлбосын Убайдуллақызы 1952 жылы 27 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы қазіргі Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз өзі туған ауылдағы №149 Қызыл Ту орта мектебінде секретарь-машинистка, лаборант, пионер вожатый болды. Ол мектепті үздік бітіріп, 1973-1978 жылдар аралығында Қызылорда қаласында Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдайды. Ал еңбек жолын 1974 жылы №149 Қызыл Ту орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беріп бас­тайды. 1980 жылы №214 Ворошилов қазақ орта мектебінде жұмысын жалғастырады. 2 жылдан соң, яғни 1982 жылы №97 кәсіптік техникалық училищесінде қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді. Араға жылдар салып, 1991 жылы кәсіптік мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кейіннен 1994 жылы директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне ауысады. 2005 жылы еткен еңбегіне байланысты Білім және ғылым министірінің Алғыс хатымен марапатталып, 2007 жылы аталған мекемеде әдіскер жұмысына кіріседі. Осынау еселі еңбегінің арқасында 2010 жылы зейнетке шығады.
Ұстаздың ұзақ жылдар бойы еткен еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Айталық, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің 60 жыл толуына орай мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Одан кейін «Ұстаз мәртебесі» медалімен марапатталып, көптің қошеметіне ие болған. Білікті ұстаздың есімі 2018 жылы жарық көрген «Білімнің мерейлі мекені» және «Өмір өзен» жинақтарына енген.
Ұлбосын ананы шәкірттері ғана емес, ауданның үлкен-кішісіне дейін ерекше құрмет танытып, сыйлайды. Себебі ол – шын мұғалім болды. Оқушыға ұнай қоймайтын орынсыз қаталдығын көрсету сынды әдеттерден ада еді. Тек өзіне, өзінің ұстаздық қабілетіне кәміл сенді. Және сол бойындағы тазалық қасиетін қиюластырып, онысын телегей біліммен ұштастыратын. Шәкірттеріне шынайы ұстаз, анасындай ақылшы, досындай сырлас бола білді. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» дегенді дана қазақ тауып айтқан-ды. Ұлбосын ұстаздан сауаттанып, білім алған, өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері жетерлік. Өйткені ұстаздық еткен 36 жылда жүздеген шәкірт оның алдынан өтті. Олардың атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Мәнді ғұмыр кешіп, ұстаздық дейтін өрістің өрнегін салған мұғалімнің мыңдаған шәкірттері бүгінде берісі Шиеліде, әрісі Алаш жұртына адал қызметтерін атқарып келеді. Бұл да болса Ұлбосын Мақаштың шәкірттерінің жүректеріне өз нұры мен шуағын төге білген көрегендігі болса керек.
Түйіндей келе, тіршілікте бірде-бір өсімдік тамырсыз өспейді, өркен жаймайды. Сол секілді адам баласы да ата-бабаларынан көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Осы ретте тегі мықты адамның ұрпағы болу бұл өмірде аса жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Бүгінде Ұлбосын анамыз жары Жәрдем көкемен 1 ұл тәрбиелеп, келін алып, 4 немере сүйіп отыр. Ең бастысы Ұлбосын Убайдуллақызы тектілігіне дақ түсірмей, халық ықыласына бөленіп келеді. Ұлағатты ұстаздың бақыты да, мұраты да осы болса керек-ті.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 мамыр 2022 ж. 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031