Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕУРОПАҒА ҮЛГІ БОЛҒАН ТЕХНОЛОГИЯ

ЕУРОПАҒА ҮЛГІ БОЛҒАН ТЕХНОЛОГИЯ

Жерлесіміз Гаухар Сейтханқызы – ұзақ жылғы ғылыми ізденісі мен сол жолда төгілген маңдай терін металлургия өнеркәсібіне арнап жүрген еңбегі жемісті, мақсаты келісті ғалым. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті жанынан ашқан «Алтын, уран және полиметалл кендерінің БиоГеоТехнологиясы» деп аталатын ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Көп жылғы ізденісі мен тәжірибесі нәтижесінде металды (алтын, уран) сілтіден айыру тәсілін ашып, өндіріске енгізді.
Бұл ғылымдағы ерекше жаңалық, сәл әсірелеп айтсақ, ғылыми құбылыс болды. Осы жетістігі Гаухар Сейтханқызы Тұрысбекованың есімін әлемдік биометаллургияның тарихына өшпестей етіп жазды. Мұны әріптестері Гаухардың «сиқырлы эликсирі» деп атаса, Мәскеудің Болат және қорытпа институтының ғылыми хатшысы Л.Н.Лобова «Гаухар Сейтханқызы қазіргі әлемдік биометаллургияның анасы» деп орынды мақтан етті.
Гаухардың балалық шағы, ер жетуі, мектепке баруы білімге құштарлық артқан кезеңге дөп келді. Ұрпақ бойындағы белгілі бір сапа, мінез-құлық осы жасөспірім мезгілде қалыптасады ғой. Ол Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебін бітірді.
– Бала кезінен елгезек, еңбекқор болып өсті. Өтірік сөзге жаны төзбеді, шындыққа жетуге талпынды. Мектепте және кез келген ортада топ бастағанды, жетекшілік еткенді ұнататын. Бәріне ұмтылатын, қолым жетпей қалады-ау деп тосылмайтын, – дейді әкесі сөзге араласып. – Жасы сексеннің екеуіне табан тіреген Сейтхан ақсақалдың бүкіл саналы ғұмыры педагогтік салаға арналған десе де болады. Алдымен мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, сосын аудандық партия комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Ұзақ жыл орта мектептің директоры болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» төсбелгісінің иегері. Гаухардың анасы Үміт Қалиқызы да өмірін ұстаздыққа арнаған жан.
– Кішкентай кезінен Гаухардың әр күні минутына дейін есептеліп, кес­теде тұратын. Түрлі шығармашылық үйір­мелерге, спорт секцияларына қатысты, музыка мектебінде оқыды. Оның қайсар­лы­ғының түп негізі, өмірде көріп отырғанымыздай, оның серіктестерінің барлығы жастық шағын бір кезеңде – білімге ұмтылыс пен мүмкіндік мол кезеңде өткізгендер. Алайда, мұндай болмағанда кез келген салада, әсіресе, металл биотехнологиясымен байланысты болған жүйеде жұмыс атқару өте қиынға түсер еді. Егер ол музыканы таңдаған кезде де оны игеріп кетеріне, мұнда да жеңіске жетеріне адамды сендіретін сияқты.
Гаухардың, бәлкім бағына қарай, таңдауы лирикадан гөрі физикаға бүйрегі бұрып тұрған кезде жасалған болатын… – Бұл өзіне тете сіңлісі Перизат Сейтханқызының пікірі.
Орта мектепті бітірісімен политехника­лық институтқа түсті. Оны өте жақсы, үлкен абыроймен тәмамдады, қайсарлығы, сүйкімділігі, адамды өзіне тарта білетіндігі, бәрі-бәрі Гаухардың мерейін асырып, жолын аша түсті.
Осының бәрі жас ғалымның ҚазНИИ-де минералдық шикізатпен зерттеу жүргізген кезінде елеулі пайдасын тигізді: ол инновациялық пікір айтып, ой тастап қана қойған жоқ, сол айтылғандарын іс жүзіне асырумен де айналысты.
Ғылымның келесі баспалдағы оны көп күттірген жоқ. Мәскеудің Болат және қорытпа институтының сирек ұшырасатын және асыл металдарды байыту кафедрасының аспиранты болды. Бұл бұрынғы одақ тұсында металлургтердің ең таңдаулы институты саналған. Мұнда да шыңға көтерілудің сәті түсті. Көрнекті ғалымдар Гаухар Тұрысбекованың бірегей алғырлық қабілетіне орынды мақтау айтты. Гаухардың металлургияға арнап әзірлеген бірегей технологиясы бойынша жазылған диссертациялық жұмысы ғылыми кеңес тарапынан жоғары бағаға ие болды. Әлі күнге ресейлік болат және қорытпа институтының қызметкерлері
Гаухар Сейтханқызының бірегей технологиясымен жұмыс атқарып келеді, аспирантар болса диссертациясына материалдарын пайдаланып, ғылыми жұмыстарын жалғастырып жүр.
Гауһар Сейтханқызы Мәскеудің алмас (алмаз) зертханасында әбден қырла­нып, өңделіп шықты. Алтынды айырып алу технологиясымен айналысу және жыл сайын жұмыс көлемін арттыру арқылы бойындағы барлық сапалы, жақсы қасиеттерін Қазақстанда көрсете білді. Иә, мәскеулік ғалымдар мұндай мамандардың алтынмен пара-пар екенін үнемі айтып жүр. Дегенмен, әлем таныған Гаухар Сейтханқызының қайраткерлігі биотехнологиялық тәсілмен шектелмейді.
«Гиналмаззолото» директорының орынбасары, «Алтыналмас» АҚ-ның жетекші маманы, «Қазкоммерцбанктың» бас маманы қызметтерінде жүргенде жер қойнауын пайдалануда өз қабілеті мен талантын таныта білді. «Барлық істе ең маңыздысы – нәтиже» деген қағидатты берік ұстанған Гаухар өзінің көп қырлы ұйымдастырушылық қабілетін толық деңгейде көрсетіп жүр.
– Белгілі бір уақытқа дейін тау-кен қазу өнеркәсібінің көптеген нысандары, кен орындары шетелдік инвес­торлар басқармаларының қарауына берілді. Тіпті, соның өзінде бізді, инс­титут қызметкерлерін, кеңес беруге жұмысқа шақырды. Мен сынамаларды зерттеп, нәтижесін беріп отырдым. Бұл әрекетімнің кен орындарындағы кейбір көкейкесті мәселелердің тиімді шешімін табуына көмегі тиді, – дейді Гаухар кеңес үкіметі тараған тұстағы қиындық кездерді есіне алып.
Гаухар өзінің сүйген адамымен Мәскеу­де оқып жүргенде танысты. Еркін де Ресей астанасында сол кездегі сирек мамандық – инженер-кибернетикте оқып жүр екен. Қызық болғанда, Гаухар мен жұбайының диссертация қорғауы бір күнге тура келді. Бірақ олар абдырап, қалай болар екен деп қиналған жоқ. Екеуі де өздерінің ғылыми жұмыстарын үлкен абыроймен қорғап шықты. Сөйтіп, Гаухар да, Еркін де техника ғылымдарының кандидаты болып шықты.
Барған жері де ғалымның шаңырағы екен. Қайын атасы Қалдыбай Бектаев – математика ғылымының докторы, профессор. Қазір де үлкен сұранысқа ие болып отырған «қазақша-орысша сөздіктің» авторы.
Өткен ғасырдың 90-жылдары
Гаухар Қазақстанда іс жүзінде жалғыз биометаллург болатын. Оның бірнеше оқулығы, авторлармен бірігіп жазған монографиялары осы саланы игеруге талпынып жүрген студенттер мен ізденушілердің қолынан түспейтін білім құралына айналғаны қашан. «Алтын: жаңа шикізат көздері, қайталап металлургиялық өңдеу және тазарту», «Алтын: Химия мен металлургиядағы жаңартпалар», «Табиғи нанобөлшектер мен наноқұрылымдар», «Бактериялық сілтілеу технологиясы», «Алтын және уран биометаллургиясы», т.б. монографиялары (бірлесіп жазған авторлары: М.А.Меретуков, Е.К.Бектай) еліміздің ғана емес, алыс-жақын шет елдердің металлургия өнеркәсібіне мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарына да кеңінен таныс.
Гаухар Сейтханқызы биотехнологияны дамыту мен минералдық ресурстарды саралауға байланысты Женева, Пекин, Дубай, Мәскеу, Прага, Бішкек, Ташкент, т.б. әлем қалаларында өткен конгрес­терге, конференцияларға, түрлі ғылыми басқосуларға қатысып, баяндамалар жасауды өз дағдысына айналдырған. Соңғы 5 жылда 11 ғылыми мақаласы мен баяндамасы осындай үлкен форумдарда оқылды. Осы мерзім ішінде 3 монография­­сы жарық көрді. Еліміздің, сонымен қатар, шет елдердің кен орындарында болып, теория мен тәжірибенің қалай ұштасып жатқанын бақылап жүреді.
Алтын сияқты, уран да таңқаларлық қасиетке ие металл. Ол атом энергетикасында ғана емес, медицинада да, ауыл шаруашылығында да және өнеркәсіпте де пайдаланылады. 1 келі уранның әлеуеті 3 миллион келі көмірдің қуатына тең. Уран ешқашан таза күйінде кездеспейді. Оны кеннен қышқыл ерітіндісі арқылы ажыратады. Бұл ұзақ әрі күрделі үдеріс. Ал, арнайы жетілдірілген биомасса бұл үдерісті анағұрлым тездетеді. Экологиялық таза, экономикалық тиімді инновациялық технология полиметалдық кендердің гидрометаллургиялық мәселелерін шешуде жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр. Бұл Қазақстан үшін бүгінгі таңда ерекше маңызды.
БҰҰ-ның (ООН) минералдық қор сыныптамасы жөніндегі эксперт тобының мүшесі, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-техникалық университеті Ұлттық акционерлік қауымдастығының (НАО) металлургия және пайдалы қазбаларды байыту кафедрасының профессоры, Қолданбалы экология мен орнықты даму академиясының академигі, «алтын, уран және полиметалл кендері биогеотехнологиясы» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Гаухар Сейтханқы­зы қазіргі уақытта 4 жоба бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі – оның жетекшілігімен Қазақстанның уран кені орындарының бірінде жерасты ұңғымасы арқылы биосілтісіздендіруді қолданудың қарқындылығын арттыру бірегей жобасы жүзеге асырылуда.
Біріккен ұлттар ұйымының жуырда Женевада минералдық ресурстарға қатысты дүниежүзілік минералдық ресурс­тар эксперттерінің басқосуы өтеді. Гаухар Сейтханқызы форумға дайындалу үстінде.
«Сәтбаев» алтын медалінің иегері, ғылымның асқарына жасқанып емес, қасқайып шыққан биометаллургия анасының техника ғылымының дүниежүзілік басқосуында айтар ойы, ұсыныс-пікірі бұрынғыларынан да маңызды болмақ.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
17 сәуір 2018 ж. 744 0