Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ, ТАЛАПКЕР?

ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ, ТАЛАПКЕР?

Түлектер үшін ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдер қауымы үшін жауапты әрі маңызды мезеттің бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Иә, мектеп қабырғасында алған 11 жылдық білімін сынға салатын сынақтың да ауылы алыс емес. Сол себепті мектеп ұстаздары мен түлектер ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Биылғы ҰБТ қалай өтеді? Тест форматында жаңашылдықтар бар ма? Тестілеуге барған талапкерлердің қауіпсіздігіне кімдер жауапты? Осы тағылеттес сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Биыл облыста 8048 оқушыға соңғы қоңырау соғылады. Соның 7044-і Ұлттық бірыңғай тестті тапсыруға ниетті. Еліміз бойынша 10 қаңтарда ақылы тестілеу басталған болатын. Осы уақыт ішінде ­ауданнан 201 талапкер бағын сынап үлгерген. Ең жоғары балл – 115 болса, ең төменгісі – 43 балл. Комиссия мүшелеренің ­айтуынша, тіркелу кезінде түлектер тест тапсыратын күн мен уақытты өздері таңдайды. 10 қаңтарда басталған ақылы сынақ 10 ақпанға дейін жалғасын табады. Тестілеу кезінде калькулятор, ­Менделеев кестелері компьютер экранында қолжетімді. Айта кеткен жөн, 2023 жылғы ҰБТ өзгеріссіз қалды.
Әдеттегінше, талапкерлерге 120 сұрақ беріледі. ҰБТ-дағы бір жаңалық, Қазақстан тарихы пәні бойынша сұрақтар саны 15-тен 20-ға дейін көбейді. Ал оқу сауатталығы бойынша тапсырмалар 20-дан 15-ке қысқарды. Сонымен қатар математикалық сауаттылықтан – 15 және екі бейімдік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Ең жоғарғы балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатқа созылады. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады. Тестілеу кезінде талапкерлерге өздерімен қалам, су, шоколад алып келуге рұқсат етіледі.
Иә, бақ пен баптың бәсекеге түсер сәті таяп келеді. Сондықтан дайындықты күшейте түспесек болмас. Ол үшін ­облыс бойынша көрсеткіші көш ілгері тұрған ­аудандармен тәжірибе алмасуды да қолға алуға болады.
Білімді мыңды жығатыны белгілі. Осы орайда мектеп түлектерінің дайындығын өз ­ауыздарынан естігенді жөн көрдік. №159 Еңбекші орта мектебінің 11-сынып оқушысы Біржан Бектөреұлы: «Ұлттық бірыңғай тестілеуге ұстаздарымыз бен ­психолог мамандар күнделікті үздіксіз даярлауда. Әр сабақты толық түсіндіріп, сұрақ қою арқылы есте сақтау қабілетімізді де арттыруға жұмыстар істейміз. Түстен кейінгі уақытта таңдау пәні ­бойынша күнделікті дайындыққа келіп, білімімізді толықтыра түсудеміз. Мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болғым келеді. Ол үшін шығармашылық бағытты таңдап, тест тапсырамын. Бұйырса, жоғарғы балға қол жеткізіп, грант иегері болуға ниеттімін, – дейді. Ендеше талабы оң болғай!

ТҮЙІН: Қоян жылындағы ҰБТ қалай болатыны келер күннің еншісінде. Биыл ауданда 11-сыныпты 961 бала аяқтайды. Олардың 846-сы сынақты тапсыруға өтініш берген. Бұлардың бірі тестілеуден жоғары ұпай жинаса, ал енді бірі өте алмай жатады. ҰБТ – түлек үшін ­жауапты әрі маңызды, жарқын болашаққа сенімді қадам басуға мүмкіндік ашатын тұтқаның бірі. Жас түлектерге сәттілік!

Сұлушаш МАДИЯРОВА

25 қаңтар 2023 ж. 253 0