МЕКТЕП ФОРМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНДІ. АЛАЙДА...
Сұр көйлек ақ фартукпенен,
Келуші еді қыздар сәніміз.
Ақ көйлек қызыл галстук,
Жарасушы едік бәріміз...
Иә, бұл өлең жолдары сіз бен бізге жақсы таныс. Әсіресе, 90-жылдардың сәні форма фартук пен қызыл галстук болғанын білеміз. Дегенмен уақыт өте келе олардың орнын қарапайым ақ көйлек пен қара белдемше алмастырды. Оқушылар бірдей үлгіде киінді. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болды демесеңіз, талап пен тәртіп бәріне бірдей қойылды. Соған сәйкес, оқушылар арасында да теңдік орнап, көк етікті де, көне етікті де бірдей болды. Бір сөзбен айтқанда, қалтасы қалыңдардың балалары да, қарапайым отбасылардың ұл-қыздары да мектепте стандартқа сай киінді. Сәнмен киіну де атымен болған жоқ. Ал қазір ше? Қазір талап та тәртіп те өзгерді. Жаңа заң қабылданып, мектеп формасы да жаңа заманға сай жаңашаланды. Олай болса, жуырда қабылданған мектеп формасына қатысты заңды бірге білейік...
Келуші еді қыздар сәніміз.
Ақ көйлек қызыл галстук,
Жарасушы едік бәріміз...
Иә, бұл өлең жолдары сіз бен бізге жақсы таныс. Әсіресе, 90-жылдардың сәні форма фартук пен қызыл галстук болғанын білеміз. Дегенмен уақыт өте келе олардың орнын қарапайым ақ көйлек пен қара белдемше алмастырды. Оқушылар бірдей үлгіде киінді. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болды демесеңіз, талап пен тәртіп бәріне бірдей қойылды. Соған сәйкес, оқушылар арасында да теңдік орнап, көк етікті де, көне етікті де бірдей болды. Бір сөзбен айтқанда, қалтасы қалыңдардың балалары да, қарапайым отбасылардың ұл-қыздары да мектепте стандартқа сай киінді. Сәнмен киіну де атымен болған жоқ. Ал қазір ше? Қазір талап та тәртіп те өзгерді. Жаңа заң қабылданып, мектеп формасы да жаңа заманға сай жаңашаланды. Олай болса, жуырда қабылданған мектеп формасына қатысты заңды бірге білейік...
Жуырда оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енді. Атап айтар болсақ, енді қыз балалалар да, ұл балалар да мектепке түймелері бар тоқылған жемпір, кардиган, поло жейде немесе футболка кие алады. Одан бөлек ұлдарға арналған мектеп формасына жилет пиджак, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар тоқылған кардиган, поло жейде немесе футболка кіретін болады. Сондай-ақ шалбардың балағы ұзын және аяқтың тобығын жауып тұрады. Ал қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар тоқылған кардиган, поло жейде немесе футболка кіреді. Қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы тиіс. Жаңа заңда «ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка» кию керек деген талап та алынып тасталынды. Бұдан былай күнделікті мектепке тағатын галстукты да тағу міндетті емес. Ал киімге тағылатын ерекше белгілерді тек киімнің жоғарғы жағына емес, форманың кез-келген жеріне таға беруге рұқсат етілді. Бұдан бөлек, мектеп формасының түсі бірдей, сапасы жақсартылған матада, төзімділігі жоғары, болуы шарт деген талап қойылды.
Иә, құжатта көрсетілгендей, оқу-ағарту министрлігінің шешімімен «оқушылар мектепке сапасы жақсы, отандық киімдерді киюі тиіс» деген заң өз күшіне енді. Дегенмен, бұл тақырыпты екі жақты саралайтын болсақ, кейбір ата-аналардың балаларына сапасы жақсы, қымбат киімді сатып алып беруге шама-шарқы жете бермейді. Әсіресе, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға жаңа заңның тиімді болмасы анық. «Жақсының бәрі балаға» деп шарқ ұрып жүретін ата-аналардың дені бұған наразылық танытып та үлгерген көрінеді. Себебі, қазіргі таңда сапасы жақсы киімдердің бағасы аспандап тұр. Ал базардағы қарапайым мектеп формаларының сапасы сын көтере бермейді. Отандық өнімдерге келер болсақ, мұндай формалар тек арнайы тапсырыспен тіктірілетін болған соң, оны сатып алуға қарапайым ата-аналардың қалтасы көтере бермейді. Мәселен, «glasman» «Сымбат» «Нұр-Бибі» деп аталатын танымал отандық киімдер дүкендерінде қазіргі күннің өзінде баға шарықтап тұр. Сәні, сапасы келіскенімен, бағасы қымбат. Сондықтан да болар, жаңа заң күшіне ене салысымен-ақ ата-аналар өз базыналарын биліктегілерге жеткізуге тырысып бағып жүр. Әсіресе, әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен жандардың өз талап-тілектерінің көптігін байқайсыз. Олар – жаңа мектеп формасы әлеуметтік теңсіздікке соқтырмай ма деп алаңдайды.
–Менің есімім – Құралай. Көп балалы анамын. Қарапайым 6 балалы аудан тұрғынымын. Шүкір, балаларымның барлығы мектепке барады. Бірақ қазіргі заман бұрынғыдай емес. Бұрын біз мектепке біріңғай киім үлгісін киетінбіз. Кейбір мектеп оқушылары форма-фартук киген болса, кейбірі қарапайым ақ көйлек пен тізеден төмен келетін белдемшелерді киетін. Барлығының формасы бірдей болған соң ба, ешкім ешкімнің киімін сынамайтын. Сондай-ақ барлығымыз бірдей ақ бантик тағатынбыз. Ол – оқушының көркін ашатын. Және де бұрынғының тілімен айтқанда, «пионер», қазіргіше, «Жас ұлан» галстугын тағатын едік. Мұндай галстуктар біздің білімге деген құштарлығымызды оятатын. Мойынымызға «пионер» галстугын тағу үшін бір-бірімізбен жарысып оқитын едік. Ал қазір ше? Қазір барлығы басқа. Балаларымыз қазір мектепке галстук тақпайды. Бәрінде бір-бір телефон. Білімге деген құштарлығы аз. Себебі, заман жаңарған сайын бәсекелестік те көбейеді екен. Мәселен, қыздарым мектепке қарапайым ақ бантигінің өзін кейде тақпай барады. Ол ол ма, мектеп формасына қатысты жаңа заң күшіне енгелі қыздарымның сыныптастары неше түрлі жейде, кордиган киіп баратын болыпты. Осыны көрген балаларым да «бізге де осындай керек» деп айтып жүр. «Қатарынан қалмасын» деп, қарыздансақ та амалсыздан алып беруге тырысасың. Бірақ біздің мұндай киімдерді сатып алуға, 6 баланы бірдей қамтамасыз етуге шама-шарқымыз жете бермейді. Бұрынғыдай ақ көйлек қара шалбар кие бергенде дұрыс болар еді. Менің ойымша бұл – қоғамдағы теңсіздік. Себебі, бала «ақша жоқ» дегенді түсінбейді. Ал егер, қалағанын сатып алып бермесең ренжиді. Бұл нәрсе баланың психологиясына тікелей әсер етеді. Сосын сабағы нашарлап, білім сапасы төмендейді, – дейді Құралай Есенқызы.
Иә, ата-ана тарапынан айтылған пікірлер орынды. Дегенмен, жаңа заманға сай, мектеп формасының да өзгеріп отырғаны дұрыс. Ең бастысы – көпшіліктің көңіліне қонымды, қалтаны қақпайтын, сенімді ақтайтын, мектеп формасы болса болғаны. Әлеуметтік теңдіктің болғаны да керек. Бастысы – білім сапасы жоғалмасын.
Сымбат СҰЛТАН