Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚУ ЖЫЛЫ 31 МАМЫРҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ

ОҚУ ЖЫЛЫ 31 МАМЫРҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ

Алдағы оқу жылынан бастап соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Ведомство сайтындағы мәліметке сәйкес, жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныпта 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда – 36 оқу аптасын құрайды. Осылайша, Қазақстанда мектеп оқушыларының каникул кестесі келесідей болады: күзгі каникул – 2022 жылғы 31 қазан мен 6 қараша аралығы, қысқы каникул – 2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар, көктемгі каникул – 2023 жылғы 18 наурыз бен 26 наурыз, бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыстар – 2023 жылғы 6 ақпан мен 12 ақпан, жазғы каникул – 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін созылады.
Айта кетейік, жақында «Ашық НҚА» порталында оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Бұйрық жобасы 5 тамызға дейін қоғам талқылауында болды. Нәтижесінде көпшіліктен қолдау тапты. Соған сәйкес енді 1-сыныптар 35 апта, ал 2-11 (12) сынып оқушылары 36 апта оқиды. Бұл бастама бір күндегі сабақ санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтқан еді министрлік.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021-2022 оқу жылында республика бойынша 7 385 орта білім беретін мектеп жұмыс істеді. Оның 6 942-і – мемлекеттік, 443-і – жекеменшік мектеп.
Елімізде 2017 жылдан бастап мектептерде бес күндік оқыту енгізілді. Алайда оқушылар 2021-2022 оқу жылында 2 839 мектеп 6 күндік оқу аптасы бойынша білім алды.
«Бес күндік оқыту ата-аналардың өтініші бойынша қабылданды. Алайда сенбідегі оқу сағаттары бес күнге ауысып, кестеде 7-8 сабақ пайда болды, оқушыға жүктеме едәуір артты. Бұл екі, әсіресе, үш ауысымда оқитын балалар мен мектептер үшін қиындық болды, себебі күнделікті сабақтар кешкі сағат сегізге дейін созылды», — деп жауап берді мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті мамандары.
Бұған дейін қазақстандық мектеп оқушылары әлем бойынша ең ұзақ демалатындар қатарында, елімізде каникул күндерінің жалпы саны – 130 күн болатын.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
16 тамыз 2022 ж. 911 0