Ұлттық ойындардың электронды нұсқасы керек пе?
Бүгінгінің баласы зерек. Тіпті өзімізден ақылдырақ сияқты. Біз білмейтінді біледі. Үйретуден гөрі, көп жағдайда үлкендер жағы өзіміз олардан үйреніп жатамыз. Ғылыми технологияның іштен біліп туғандай көрінеді. Жастардың тілімен айтқанда «бәрін шашады». Оған талас жоқ. Бәлкім, заманның талабы солай болар. Дегенмен ойыннан бас көтермей, телефонға телміріп отырғанын көріп таңданасыз. Кейде аздап қарныңыз ашады. Бастысы іштей көп уақытын ұялы телефонның маңында жоғалтпаса екен дейсіз. Әрбірден көзге, миға зиян екенін болдырған бүлдіршіндерден байқаймыз. Ойымыз, қызықты кішкене экраннан емес, сырттан іздесе дейміз. Өз қатарластарымен аралас-құралас өскендер, ертеңгі күні көпшілікті жатырқамайды. Қайта жұртқа жақын болады.
Қазір әр ата-ана баласын смартфоннан алшақтатуды ойлайтын болды. Мейлінше аулаға шығып, өзге балалармен ойнағанын қалайды. Алайда бұл жүзеге асар емес. Оның бірнеше себебі бар. Көбіне әке-шешесінің балаға көңіл бөлуге уақыты аз. Басым бөлігі таңнан кешке дейін жұмыста болады. Одан жиын-тойы, алыс-берісі бар, қала берді бітпейтін үй тірлігі тағы күтіп тұрады. Сөйтіп жүріп әбден шаршап, шалдыққан кісі өзгемен арпалысуға әлі болмайды. Ал бала болса ойнап, секіріп, көңіл бөлгенді қалайды. Олай істей беру әркімге оңай емес. Десе де, бала деген болашағымыз. Арасында уақыт тауып болашақтың ісімен айналысып қойған да абзал. Сонда бала телефоннан бас көтеріп, ата-анасына жақын бола ма деген үміт біздікі.
Ойнай білу де өнер
Қазіргі таңда жас та, кәрі де барлығы смартфоннан әртүрлі ойын ойнауға құмар. Бірі уақыт өткізуді көздесе, екіншісі осының соңына түскен. Арысы құмар ойын ойнауға дейін кетіп қалған. Түбі қайырлы іс емес. Бұрынғылар «әр нәрсенің өз жөні бар» дейтін. Тегі рас сөз.
Қазіргі таңда жас та, кәрі де барлығы смартфоннан әртүрлі ойын ойнауға құмар. Бірі уақыт өткізуді көздесе, екіншісі осының соңына түскен. Арысы құмар ойын ойнауға дейін кетіп қалған. Түбі қайырлы іс емес. Бұрынғылар «әр нәрсенің өз жөні бар» дейтін. Тегі рас сөз.
Ғаламтордың пайдасы бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бала интернеттің қыр-сырын үйренеді. Электрониканы, компьютер тілін, ІТ игерген дұрыс. Болашақ сымсыз желінің қорында болғалы тұр. Осы аралықта қазақтың ұлттық ойындары: асық, тоғызқұмалақ секілді интеллектуалды ойындарымыздың электрондық нұсқасын жасауымыз қажет секілді. Ендігі жерде ұлттық жәдігерлерімізді осылай сақтай аламыз. Бұл жаһандану заманында жұтылудан сақтанудың бірден-бір жолы саналады. Бірте-бірте ұлттық құндылықтарымызды ғаламтор көмегімен танытып, жарнамалай алсақ, асығымыздың алшы түскені сол болмақ. Осы шаруаға жаңа технологияға жақын азаматтар бүгіннен кірісіп, тындырымды тірлік жасаса деген ниеттеміз. Бәлкім, ұлттық ойындардың электронды құрылымын жасап, оны айналымға енгізіп те жатқан болар. Міне, сондай жандарды да ауқатты кәсіп иелері қаржылай қолдап, ұлттық өнімнің бәсі жоғары болуы үшін атсалысса бәріміз үшін зор бақ болмақ.
Біз қалай да өз ұлтымыздың рухани, мәдени, жауһарларын көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Бұл идея күн тәртібінен түспеуі керек. Сонда ғана келешек ұрпақтың алдында маңдайымыз жарқын болары анық.
Баланс болғаны жөн
Бұрынғыдай аулаға шығып көрші қатарластарымен бірге доп ойнап, қуаласып өскенге не жетсін? Маңдайын жел қармап, терлеп-тепшіп ойнаса, денесі шынығады. Ойы сергиді. Физикалық тұрғыдан алғанда, дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Ал виртуалды әлемде мұның бірі де болмайды.
Біз ғаламтор ойындарын мансұқтамаймыз. Ол да керек шығар. Олай болатыны, интернеттің қуаты артып барады. Тіпті, көз ілеспейді. Сондықтан осындай келеңсіз жағдайдан баламызды ада етейік. Одан да шамамыз келгеніміз домбыра, қобызға не спорттық секцияларға жаздырайық. Үйренсін, білсін, жақсыны көрсін. Ертеңгі күні ержетіп, үлкейгенде өз қажетіне әлгі жиған қасиеттерін жаратады.
Алаш қайраткері, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» депті. Ойын қусаң уақыт босқа өтеді. Барша істе баланс болғаны жөн сияқты. Ал сол нәрсені әркім өзіне-өзі жасайды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ